Дін • 17 Сәуір, 2023

Бүгін - қасиетті Қадір түні

622 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы Қадір түнін сәуірдің 17-нен 18-не қараған түніне белгіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бүгін - қасиетті Қадір түні

Құранда Қадір түнінің нақты уақыты айтылмайды, әл-Бұхари хадисінде Рамазан айының соңғы 10 күніндегі тақ түндердің бірі екені айтылған. Көпшілігі мұны Оразаның 27-ші түні деп санайды.

«Қадір түні – берекелі Рамазан айында келетін қасиетті түн. Рамазан айының соңғы он түні мұсылман үшін өте маңызды. Себебі Қадір түнінде қасиетті Құран Кәрім түсе бастады. Сондықтан Ислам дінінде бұл түн ерекше бағаланады. Құран Кәрімде «Қадір» сүресі бар. Осының өзі-ақ бұл түннің аса ардақты екенінен хабар береді», деп жазылған ҚМДБ сайтында.

«Қадір» – араб сөзі. Тілдік мағынасы қадірлі, қасиетті, өлшеммен бекітілген, артық-кемі жоқ, дұрыс деген мағыналарға саяды. Ал шариғи терминдік мағынасына «бір жылда болатын істерді белгілеп, соның жазылуына Алла Тағаланың үкім беретін түні», деп анықтама берілген.

Қадір түнінің бірнеше белгісі бар. Ғұламалардың айтуынша, Қадір түнінің белгілері екі топқа бөлінеді. Біріншісі – уақытында (яғни сол түні) білінетін белгілер. Оған сол түннің ашық, ай сәулесінің жарық болуы; жүректің тыныштығы, уайым-қайғыға берілмей тыныштықты сезінуі; адамға жағымды самал желдің есуі; суық та, ыстық та емес қолайлы ауа райының болуы жатады. Екіншісі – таң атқанда білінетін белгі. Бұған күннің сәулесіз қызарып шығуы жатады.

Қадір түнінде құлшылықтарды көбейтуге, Құранды көбірек оқуға, дұға-тілектер жасауға кеңес беріледі.

Айта кетейік, биылғы Рамазан айы 23 наурызда басталды. 21 сәуірде мұсылмандар Ораза Айт мерекесін атап өтеді. Бұл даталарды Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасы Орталық Азия елдерінің мүфтилерімен, пәтуа саласына жауапты ғалымдармен кеңесіп, сондай-ақ ғылыми зерттеулердің нәтижелерін ескере отырып белгілеген.

Биылғы пітір садақасы жан басына 535 теңге болып бекітілді. Пітір садақасы мөлшері еліміз бойынша екі келі ұнның ортақ бағасы негізінде белгіленді. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен беруге болады.