Қоғам • 17 Сәуір, 2023

Арыстанбек Мұхамедиұлы үйқамаққа шығарылмайды

638 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы тергеу изоляторында қалады, деп хабарлайды Egemen.kz.
 

Арыстанбек Мұхамедиұлы үйқамаққа шығарылмайды

фото: Azattyq Rýhy

Судья Арыстанбек Мұхамедиұлы ауыр қылмыс жасады деп айыпталып отырғанын, тергеу судьясының шешімінен сотталушының бостандықта болуы істі объективті қарауға кедергі жасауы мүмкін екенін атап өтті.

Соттың пікірінше, Мұхамедиұлының сырқаты бұлтартпау шарасын өзгертуге негіз бола алмайды. Сотталушы медициналық көмекті тергеу изоляторында да ала алады.

«Сот адвокат Төлеевтің Мұхамедиұлының бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдады», деді судья Бағлан Ыдырысов.

Бұған дейін Мұхамедиұлының адвокаты Мұстақым Төлеев сотталушының денсаулығына байланысты Арыстанбек Мұхамедиұлының бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыруды, сондай-ақ қорғауындағы азаматқа қатысты қылмыстық істі тоқтатуды сұраған болатын.

Арыстанбек Мұхамедиұлына жақында екінші рет ота жасалғаны айтылған еді.

Өткен жылдың 29 мамырында Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынғаны белгілі болды. Оған халықаралық көрмелерге бөлінген 140 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырды деген айып тағылды.