Әскер • 18 Сәуір, 2023

Жағдайың қалай, жас сарбаз?

463 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Әскерде болу – әр азаматтың міндеті» десек те, бүгінде балаларын Отан ал­дын­дағы борышын өтеуге жібергісі келмейтін ата-аналар мен әскерге барудан жалтаратын жастар аз емес. Өйткені көбінің санасында кеңес заманынан қалып қойған фобия бар: әскерде жағдай қиын, тамағы мардымсыз, әлімжеттік үстемдік құрады, тағысын тағылар...

Жағдайың қалай, жас сарбаз?

2019 жылы елімізде «Аналар жүрегі» сарбаз аналарының комитеті» қоғамдық бірлестігі құрылды. Бұл ұйымның негізгі мақсаты – әскердегі сарбаздардың әлеумет­тік жағдайына бақылау жасау, әскери қызмет­керлер мен ата-аналар арасында «көпір» міндетін атқару. Ко­митет төрағасы Лилия Хайруллинаның айтуынша, 2018 жылы өз ұлы әскерге шақырылғанда оның қай жерде және қандай жағдайда борышын өтейтінін білейін десе, әскери комиссариаттың есігі түгіл, тесігінен қарау мүмкін еместігіне көз жеткізген. Бөгде адамдар үшін ешкім ләм-мим деп жауап бермейді. Сонда ол баласын әскерге аттандырған ата-аналар үшін құқық­тық көмек беретін ұйым құру туралы ойға келеді.

«Бірнеше жылдан бері Қорғаныс министр­лігінен бастап әскер саласына жауапты басқа да құзырлы органдармен тығыз қарым-қаты­наста жұмыс істеп келеміз. Ең бірінші жеткен жетістігіміз, әрине, олар біздің үнімізге құлақ аса бастады. Бұрынғыдай есік алдымыздан тарс жабылмайтын болды. Әскердің ішкі жағдайын бақылауға қол жеткіздік. Әлбетте, әскердің бүгінгі жағдайы туралы айтар болсам, кеңес заманымен салыстырғанда әлдеқайда жақсарған. Сарбаздардың жауынгерлік міндеттерін орындауларына және оқу-жаттығудан өтуле­ріне барлық мүмкіндік бар. Киімдері көк, тамақтары тоқ. Денсаулығына қажетті дәру­мен­дер де тиісті көлемде беріледі», дейді Л.Хайруллина бізге берген сұхбатында.

Дегенмен, кеңес заманының кемшілік­терімен бірге қазіргімен салыстырғанда артық тұстары да жоқ емес еді. Бүгінде жетіспей тұрған нәрсе – әскерден бұрынғыдай патриоттық рух байқала бермейді дейді комитет мүшелері. Ол заманда әскерде болу қасиетті борыш ретінде қатты насихатталатын. Отан алдындағы ғана емес, тіпті жігіттік парызы саналатын. Ал қазір ше?

«Бұл ең алдымен отбасындағы тәрбиеден бастау алған кемшіліктер, – дейді Лилия Юрьевна. – Ата-ана баласын кішкене күнінен отаншылдыққа тәрбиелеп, елді жаудан қорғауға тастүйін дайын болудың не екенін түсіндірсе, ол бала міндетті түрде әскерге барып, қолына қару ұстауды қалап тұрар еді. Өкінішке қарай, көп отбасында мұндай тәрбие берілмейді. Бұдан кейін жастардың бойынан қандай патриоттық рухты көргіңіз келеді? Соның салдарынан әскерден жалтаратын, оны міндетім деп есептемейтін жеткіншектеріміз өсіп келеді»...

Ал таяуда «Аналар жүрегі» комитетінің жетекшісі Л.Хайруллина мен ұйым­ның өңірлердегі өкілдері Қорғаныс министр­лігінің арнайы шақыруымен сарбаздарды тамақтандыруды ұйымдастыру тақырыбында өткен дөңгелек үстелге қатысу үшін елордаға жиналды. Аталған іс-шарадан кейін олар №68665 әскери бөлімге ат басын тіреген болатын. Мұнда Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысына бағынатын десанттық-шабуылдау бригадасы орын тепкен. Мерзімді әскери қызметтегі 300-ге жуық сарбаз борышын өтеп жатыр. Біз осы бөлімді аралау барысында «Аналар жүрегі» комитетінің көтеріп жүрген мәселелері мен қол жеткізген жетістіктері жайында сұрап білдік.

2019 жылы құрылған комитет құрамында бүгінде 8 адам бар екен. Олар қазір негізгі 3 бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Біріншісі – сарбаздарды тамақтандыру жағы. «Бұл тұрғыда біздің тараптан шағым жоқ. Өйткені сарбаздарға белгіленген нормада ас-ауқат беріледі. Ол біздің жіті бақылауымызда. Бірақ бәрі жақсы екен деп алдағы уақытта да назардан тыс қалдырмаймыз», дейді комитет төрағасы Л.Хайруллина.

Ұйым құрылғалы бері бірнеше жыл көте­рі­ліп келе жатқан маңызды мәселе – сар­баздардың несиелерін шегеру. Бүгін­де несиесі жоқ адамды шаммен іздеп таппайты­ның белгілі. Жастың да, кәрінің де мойнында, жоқ дегенде, бір-бір несиеден салбырап жүр. Кейде тіпті әскерге шақырылып жатқандардың арасында да несие алып үлгергендері кездесіп қалады екен.

«Мен осы мәселені Қорғаныс министрі Руслан Фатихұлына арнайы кіріп айттым. Халыққа несие үлестіретін банктермен, әсіре­се Kaspi банкпен және микроқаржы ұйым­дарымен келісім жасасып, сарбаздардың қарызын өтеуді 13 айға шегере тұру керек екендігін жеткіздім. Өйткені олар бір жыл әскерде болса, кейін бір айдың ішінде жұмысқа кірсе, әрі қарай өз несиесін төлеп кетер еді. Әйтпесе, әскердегі азаматтың несиесін кім өтейді? Біз осы мәселені 3 жыл бойы көтеріп, қазір белгілі бір нәтижеге жетіп жатырмыз», деді комитет төрағасы.

Біз де ішімізден «Отан алдындағы борышын өтеген жастардың белгілі бір сомаға дейінгі несиелері шегерілмек түгілі, кешірілсе де артық етпес еді» деген ойға келдік.

Үшінші мәселе – әскери бөлімдердің ата-аналар үшін барынша ашық болуы. Олар кез келген уақытта келіп, балаларының қалай өмір сүріп жатқанын көруге мүмкіндіктері болуға тиіс. Осы мақсатта комитет мүшелерінің ұйытқы болуымен республика бойынша «Әскер – аналар көзімен» атты акция ұйым­дастырылмақ екен.

«Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскердегі өлім-жітімді азайтуға қа­тыс­ты тапсырма бергені белгілі. «Әскер – ана­лар көзімен» акциясы да осы бағытта өткелі отырған іс-шара. Мұнда ата-аналар өз балаларының қасында бір күн болып, олардың таңертең тұрғанынан бастап кешке ұйқыға жатқанға дейінгі күн тәртібін, не нәрсемен айналысатынын өз көзімен көреді», деді «Аналар жүрегі» комитетінің Абай облысы бойынша өкілі Айнұр Баяхметқызы.

Біз ұйым мүшелерінен бүгінгі таңдағы ең өзекті проблемалардың бірі – әскердегі әлімжеттік пен зорлық-зомбылық туралы сұрадық. Мәселен, өткен жылдары еліміздің кейбір өңірінде жас сарбазға жыныстық зорлық көрсетілгені, өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары орын алғаны белгілі. Президенттің де әлімжеттік мәселесін көтергені бекер емес. «Бұл проблема неліктен туындап отыр, онымен қалай күресеміз?» деген сауалдарымызға жа­уап іздеген едік. Алайда неліктен екенін қайдам, ата-аналар бұған жауап беруден бас тартты. Сондықтан біз осы сұрақты әскери борышын өтеп жүрген Алмат Жақыпов есімді сарбазға қоюды жөн көрдік.

«Әлімжеттік деген нәрсе біздің әкелері­міздің заманында болған шығар. Қазір ондай келеңсіздіктер мүлдем жоқ. Тіпті біз басқа роталардағы сарбаздармен мүлдем кездес­пейміз. Қайда барсақ та, әрдайым қасы­мызда сержанттар жүреді. Тәртіп өте қатаң. Сондықтан біреуді ұрып-соғу, күш көрсету жағдайлары ешқашан болған емес», деді Павлодар облысынан келген жас сарбаз.

Иә, бүгінгідей алмағайып заманда ел­дің тұтастығын, жұрттың тыныштығын сақтау үшін әскеріміздің айбынды, жауын­гер­леріміздің жалынды болғаны жақсы. Жас­тарымыз әскери борышын өтеуге қаймы­ғып емес, қанаттанып аттануы үшін оның оң имиджін қалыптастырып, беделін арттыру – күн тәртібіндегі міндет. 

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20