Шаруашылық • 18 Сәуір, 2023

Жауапты науқанның жүгі ауыр

200 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өңір ауыл шаруашылығы көктемгі егіске қамданып жатыр. Әйтсе де көңілді қобалжытар өткір мәселелер бар.

Жауапты науқанның жүгі ауыр

Топырағы құнарлы Бұланды ауда­нының диқандары үстіміз­де­гі жылы 264 мың гектар алқап­қа дәнді дақылдар тұқымын сі­ңір­мек. Бұл көлем өткен жыл­ғы көрсеткіштен біршама жо­ға­ры. Ауыл шаруашылығы құ­ры­лым­дары импортты алмас­тыру үшін жоғары өнімді да­қыл­дарды көбірек егуге ынталы. Әрі егістік алқаптарды әр­­та­рап­тандыру мәселесіне де мей­­лінше назар аударып отыр. Ай­­­та­лық, майлы дақылдарға арналған егістік алқаптары 33 мың гектар жерге орналастырылады. Бұл талпыныс ішкі нарықты сұранысқа ие өніммен қамтамасыз етуге біршама мүм­кін­дік береді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдарын өң­дейтін кәсіпорындарды да қа­жет­ті шикізатпен қамтамасыз ету көз­деліп отыр.

Егін шаруашылығымен бір­ге мал шаруашылығының қа­­жет­ті­лігі де назарда. Ай­та­лық, аудандағы малсақ қауым соңғы жылдары мал азығына көбірек тапсырыс беретін болды. Шынтуайтында бұл мәселе мал азығын дайындайтын шабындық жерлердің тарылғандығынан әрі құнары кемігендігінен орын алып отыр. Ендігі арада олқылықтың орнын мал азығын көбірек егіп толтырмақ. Жемшөп дақылдары 24 мың гектар алқапқа себілмек. Жайылым құнарын арттыру әрі мал азығын молайту үшін 4 мың гектар алқапқа бір жылдық мал азығына қажетті шөп өсіріледі.

Нарық талабына сай ха­лықты картоп, көкөніспен қам­тамасыз ету де уақыт талабы. Оның үс­ті­не аудан астана тұтыну­шы­ларын жергілікті азық-түлік өнім­дерімен қамтитын азық-тү­лік белдеуінде. Көктемгі егіс ке­зінде 0,6 мың гектарға картоп отырғызылса, 0,02 мың гектар ал­қап­қа көкөніс өсіру көзделген.

Қыруар шаруаны уақтылы, тиянақты атқару үшін қолда бар тех­ника тоқтаусыз жүріп тұруы керек. Көктемгі қарбаластың ай­рықша маңызын ескерген ба­йырғы диқандардың көктемнің бір күні жылға азық деп айтатыны тегін емес. Осыған орай, егіс нау­қанына қатысатын 355 трактор, 242 астық сепкіш, 85 жоғары өнімді егіс кешендері жөндеуден өткізілуде. Бүгінгі таңда аудан­да­ғы ауыл шаруашылығы құ­ры­лымдарының қолда бар техни­ка­сының 90 пайызы әзірлік сапында. Қалғандарын жөндеу жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. Ауда­н­ға көк­темгі дала жұ­мыс­та­рын жүр­гізу үшін 4 мың тонна дизель отыны қажет екен. Күні бүгінге дейін операторларды анық­тау өткізілді. Ол үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Бар тарапты тара­зы басына тартып, төрт опера­торды анықтады. Қазір шарт жасасып, дизель отынының кепіл­ден­дірілген көлемін жеткізу бойынша жұмыс жүргізуде.

Дала сырын көкірегіне тоқы­ған кәнігі диқандар «не ексең, соны орасың» дейді. Аудан­ның ауыл шаруашылығы құ­рылымдары сапалы тұқым әзір­леу ісін күзгі орақтан кейін-ақ қолға алған болатын. Айталық, аудан бойынша 31,2 мың тонна тұқым қажет болатын болса, қазір бұл көлем 100 пайыз дайын. Зертхана нәтижелері көрсет­ке­ніндей барлық тұқым­ның өн­гіш­тік қасиеті тәуір, бірінші және екінші класты.

Ендігі мәселе қаржыға ке­ліп тіреледі. Биыл ақмолалық ди­қан­­дар қаржыдан қысылатын сыңайлы. Олай болатындығы өткен жылғы өнімнің жартысы сатылмай, қоймаларда жатыр. Бидай бағасы бұрнағы жылдармен салыстырғанда екі есеге жуық арзандап кетті. Мұндай жағдайда әсіресе шағын шаруа қожалықтары мен серіктестіктер қаржы тапшылығына тап бола­тын­дығы жасырын сыр емес. Бұл мәселе жауапты нау­қанның жүгін ауырлатып, қол­байлау болатын түрі бар. Тығырықтан шығу үшін дәл қазір диқандардың қо­лын­дағы өткен жылғы бидайды «Азық-түлік корпорация­сы» ҰК» акционерлік қоғамы сатып алса, сол кезде қаржыдан қы­сылып отырған ауыл шаруа­шы­лығы құрылымдары жа­уапты науқанды мүлтіксіз өт­кі­зуге мүмкіндік алар еді. Би­дай­дың тоннасы 90-100 мың теңге төңірегінде. Шаруашылық басшыларының айтуларына қа­рағанда, осы бағаға өтіп кетсе, өзіндік құнын ғана шығаратын түрі бар. Күзден бері элеваторларда сақтап, қыруар шығынға ұшы­раған. Көктем келгеннен кейін бидайға құрт түсіп, бүліну қаупі де ұлғайып отыр.

– Қаржы тапшылығының көп қырсығы болуы мүмкін, дейді «Әсет және Әділхан» жауап­кершілігі шектеулі серік­тес­тігінің басшысы Уәлихан Бай­жа­нов, – біріншіден, лизингке алған техникаларымыздың төле­мақысын уақтылы төлей ал­мауымыз әбден ықтимал. Ди­қан­дардың қолында қаржы тапшы болғандықтан жер де кө­ңіл­­дегідей өңделмей қалуы, әртүрлі тыңайтқыштардың жет­кілікті себілмеуі мүмкін. Бұл ол­қылық егістік жерді тоздырып жібе­реді. Ал, Жер-Анаға қажетті тыңайтқышын бермегеннен кейін мол өнім күту мүмкін емес қой. Ауыл шаруашылығымен айналысқан адамдар бұл мәселені жақсы біледі. Сондықтан уақыт­ша қиындық болғанның өзінде ел ырыз­дығы өсіріліп отырған жер­дің де жайын ойлауымыз керек.

Ауданда «Аграрлық несиелік кор­порация» акционерлік қоға­мы­ның филиалдары арқылы «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарына қажетті қаржыны несиеге беру жұ­мысы жүргізіліп жатыр. Әйтсе де, ауыл шаруашылығы құры­­лым­да­рының басшылары бұ­рын­ғы несиелерін өтей алмай жүріп, жаңасын алуға жасқанып отыр.

Серіктестік басшысының айтуына қарағанда, қазір төңірек­тегі елді мекендерде техника ті­лін білетін механизаторлар қас­қалдақтың қанындай тап­тыр­май­ды. Көктемгі дала жұмыс­тары қызып, қарқын алған кезде әр сағатың санаулы. Меха­ни­заторды айтасыз, токарь, дәне­кер­леуші мүлде жоқ.

– Қазір өзіміз дәнекерлеуші болып алдық, – дейді серіктестік басшысы, – ат тұяғы жететін жерден таба алмаған соң күдер үзіп қойдық та, амалсыздан үй­рендік. Ал токарь болу маң­да­йымызға жазылмаған өнер. Техникадан ақау шыға қалса, істен шыққан тетікті алып аудан орталығына, одан таба алмасақ Көкшетауға шабамыз. Қаншама уақыт кетеді, қосымша шығын. Ауылдағы жастар сұранысқа ие осындай мамандықтарды неге меңгермейді екен?

Ауыл демекші, кейіпке­рі­міздің айтуына қарағанда, қазір серіктестік орналасқан Елтай ауы­лының әлеуметтік-тұр­мыс­тық жағдайы мақтанарлық емес. За­манында табиғаты та­мыл­жы­ған осы өлкенің құй­қалы пұшпағындағы елді мекенде жетпістен астам отбасы болған екен. Қазір соның 17-сі ғана түтін тү­те­тіп отыр. Онда да көшіп кетуге қауметі жете бермейтін зей­­нет­керлер. Бас­тауыш мектеп төрт-бес жыл бұрын жабылған. Мың шұң­қырлы жолда жеңіл көлік­пен жүр­геннің өзінде белің үзіліп кете жаздайды.

Шағын ауылдың тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған осы «Әсет және Әділхан» серік­тес­тігі. Келешектерінің кіндігі осы ұжы­мның болашағына байлан­ғандай.

 

Ақмола ауданы,

Бұланды ауданы