09 Шілде, 2014

Әр ардагер – бір тарих

307 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
DSC_0210-1 Қостанай облысында Жеңістің 70 жылдығына арналған тағылымдық эстафета бастау алды ХХ ғасырда адамзаттың соңына қан ергізген алапат соғыстағы Жеңістің 70 жылдығы да жақындап келеді. Сол соғыста қан кешіп жүріп, Отанды, адамзатты фашизмнен қорғаған ардагерлердің қазір арамызда санаулысы ғана жүр. Кәрілік аяғын тұсаған олар мемлекетіміздің көмегін алып, балаларының, немерелерінің бағым, күтімімен бақытты өмір сүріп отыр. Уақыт құм сағаттай жылжып жатыр. Облыстың біраз аудандарында Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер қалмады да. Мысалы, Алтынсарин ауданында жалғыз соғыс ардагері ғана қалды. Бірақ ерлік іс қашан да өшпейді. Тек оны жас ұрпаққа айтып отыру керек. Жақында облыста Ұлы Отан соғысындағы аталар ерлігін насихаттау мақсатында және Ұлы Жеңістің 70 жылдығына дайындық жұмыстарын арқау еткен ғылыми-практикалық конференция өткен. Сол жиын қарарымен «Қостанай облысының әскери даңқ кітабы» жасалып, ол аудандарға эстафета арқылы беріліп отыратын болды. – Ұлы Отан соғысында жаумен алысып, оққа кеудесін тосқан аталарымыздың есімі ұмытылмақ емес. Олардың әрқайсысының және майданға қолдағы барын жіберіп, күндіз-түні ұйқы көрмеген тыл еңбеккерлерінің ерлігі мен есімі, жетім қалып ерте есейген әкелеріміз бен жесір қалған аналарымыздың азапты әр күні туралы бүгінгі ұрпақ білуі тиіс. Оны ұмытсақ біздің елдік болашағымыз да бұлыңғыр дей беріңіз. Осы эстафета барысында бұрын жазылмаған, естіле бермеген тың дүниелер де айтылады, жаңа жәдігерлер табылады деген де үмітіміз бар. Оның барлығы да жастардың патриоттық тәрбиесіне қызмет етеді, – дейді осы жақсы бастаманың тікелей авторы, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Жанділда Мақанов. Эстафета Алтынсарин ауданынан басталды. Аудан орталығындағы мәдениет үйін бетке алғандар көп болды. Жиналғандар бұрын Обаған аталған қазіргі Алтынсарин ауданы тұрғындарының майданға көмегі, соғысқа қатысқан жерлестері туралы архив материалдары бойынша дайындалған бейнехабарды тамашалады. Соғыс басталғанда ауданнан 3 мың адам майданға аттанған екен, содан елге 1571 жауынгер ғана қайтып оралған. Барлық күш-жігер майданға жұмылдырылды. Обаған ауданының тұрғындары 1941 жылдың өзінде майданға 108060 пұт астық, 11508 пұт ет, 180 пұт сүт, 37000 рубль ақша жіберді. Сонымен қатар, Қызыл армия жауынгерлері үшін 572 пар пима, 52 шолақ тон, 400 пар қолғап, 282 құлақшын, 347 төсек жаймасы, тағы басқа да жылы киімдер жинады. Аудан майданға қажеттілерді жыл сайын осылай жіберіп тұрды. 1943 жылы обағандықтар әскери ұшақ жасау үшін 1240000 рубль ақша жинады. Ауданның патриоттық мұндай жетістігін И.Сталин жоғары бағалап, обағандық колхозшыларға жеделхат жолдады. Кітапта Алтынсарин ауданы тұрғындары мақтаныш ететін Кеңес Одағының Батыры Сергей Амелечкин, оның ерлік істері туралы материалды оқуға болады. Танкист Амелечкиннің экипажы Белоруссия майданындағы бір ұрыста жаудың екі танкісін, үш зеңбірегін, 20 машинасын жойып, 30 солдаты мен офицерін тірідей қолға түсірді. Ал Михаил Яковенков – бүгінде Алтынсарин ауданындағы көзі тірі жалғыз соғыс ардагері. 1944 жылы 12 жасар Миша Армавир қаласынан соғысқа тәрбиеленуші ретінде аттанады. Ол Украин майданындағы 337-ші дивизия құрамында болды. Соғыс ешкімді аямайды, ана сүті аузынан кетпеген бала Еуропаны фашизмнен азат ету ұрыстарына қатысады. Румыния, Австрия, Венгрияны жаудан азат етті. Бала болса да көрсеткен ерлігі үшін «За боевые заслуги» медалімен марапатталды. 1945 жылы Жеңісті 13 жасында қарсы алды. – Кітапқа соғыс кезінде аталарымыз бен әжелеріміз көрсеткен ерлік істердің барлығын қамтуға тырыстық. Бүгінгі жас ұрпақ олардың ерлік ісін ұмытуға тиіс емес. Біз өткенді ұмытсақ, жастар бойында патрио­тизм сезімін тәрбиелей алмаймыз, – деді Алтынсарин ауданының әкімі Батырбек Ахметов. Мұнан кейін сөз алған облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Кенжебек Укин Ұлы Отан соғысындағы ерлік істерді есте қалдыру мақсатымен ардагерлер ұйымы атқарған жұмыстарды шолып өтті. Облыста осыған дейін республика бойынша шығарылған «Боздақтар» кітабын қоспағанда, облыстық ардагерлер ұйымының бастамасымен үш томдық «Олар соғысты бастан кешті», он сегіз томдық «Олар жеңіспен оралды», «Тыл еңбеккерлері», «Қостанайлықтар – тыл батырлары» атты кітаптар шығарылып, кітапханаларға таратылды. Облыс өңірінде Ұлы Отан соғысында қаза тапқандар мен оған қатысушыларға арналған 380 ескерткіш орнатылған. Биыл олардың барлығын жөндеуден өткізу үшін 27 миллион теңге бөлінді. – Жеңістің 70 жылдығын сол жеңісті жақындатқан ардагерлермен бірге қарсы алайық! – деп аяқтады сөзін Кенжебек Үкіұлы. Жиын соңында «Облыстың әскери даңқы кітабын» Алтынсарин ауданындағы соғыс ардагері Михаил Яковенков Қарасу ауданында тұратын майдангер Жақып Қаратаевқа салтанатты түрде табыс етті. Енді ерлік шежіресін қарасулықтар жалғастырады. Осылайша, тағылым эстафетасы бүкіл облыс өңірін аралайтын болады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ. СУРЕТТЕ: «Облыстық әскери даңқ кітабын» эстафеталық салтанатты тапсыру сәтінен. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ж.Мақанов, соғыс ардагерлері Ж.ҚАРАТАЕВ және М.ЯКОВЕНКОВ.