Еңбек • 18 Сәуір, 2023

Тимофей ағайдың тіршілігі

209 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ауылдағы балдыз апасына телефон шалыпты. Бірдеңе сұрардағы әдеті. Үйдегі «жарым патшаның» әмірі жүріп тұр­ғанын іші сезеді. Бұл жолғы бұйымтайы – бір қап картоп. Онда да оңтүстіктен келетіні емес, жер­гілікті жердікі болуы керек екен. Басқасы ішіне жақпайтындай айтқан базынасы осы. Әуелі картоп егуге дайындалып, тұқымға сұрап тұрған шығар деп үміттеніп қалдым. Үйлерінің жанындағы атамыздан қалған картоп егетін жердің қоршауы жер бауырлай жантая қисайып, жұлым-жұлым болып жатушы еді. Мүмкін сол жерді іске жаратайын деп ұмтылды ма екен. Балдыздың күректей қолын қимылдататын кезі сирек.

Тимофей ағайдың тіршілігі

– Картоп егуге дайындалып жа­тыр ма, әлі ерте ғой, жер жібі­ген жоқ? – деп ежіктедім мен.

– Жоқ, жеуге керек екен, – деді апасы, – алғасын ауылға қаты­най­тын көліктердің біріне салып жібер.

«Жазған құлда шаршау жоқ», қолтығыма қап қыстырып алып, картоп іздеуге шықтым. Ке­лесі көшедегі азық-түлік дүкенінің алдында қысы-жазы бақшаларының өнімдерін сатып тұратын әжейлер мен ағайлар бар. Екінді ауған кезде барсам, қаздай тізіліп тұр екен. Құдай-ау, бұл жерде не жоқ дейсіз. Сарымсақтың бармақ басындай біреуі 500 теңге, қытайдікі одан арзан. Бірақ, білетіндердің айтуына қа­рағанда, қолдан еккеннің сапасы жақсы. Әжейлердің алдында тосап, тұздалған қияр, қызанақ, қы­рыққабат толып тұр. Картоп та бар екен. Килосы 400 теңге. Дүкенде, әрине, арзан. Небәрі 130 теңге. Қымбат болса да алып жатқандар бар. Көзі таныс Тимофей ағай да тұр. Іздеген картобым табыла кетті. 25 килолық картоптың қабы 10 000 теңгеге шықты.

– Тағы да бар ма, – дедім алатын адам құсап.

– Бар, – деді Тимофей ағай көкөністерін жүк салғышына салған су жаңа шетелдік машинасына бұрыла беріп, – қанша керек, ертең ала келейін.

– Қайда сақтайсыз? – деп сұ­радым мен.

– Гаражымның астынан үлкен етіп ұра қазып алғанмын. Күзде салған азық-түлік жаз шыққанша бүлінбейді.

Саудасы жүріп тұрған Ти­мо­фей ағай әңгімеге кірісті. Айтуына қарағанда, әне бір жылы Ресейге көшкен туыстары үш сая­жайын тастап кетіпті. Сол жерге Тимофей аға әжей екеуі жаз бойы көкөніс егеді екен. Өсірген өнімдерін қыс бойы сатады.

– Әттең, жеріміз аздау, – деді жетпістің жуан ортасында болса да күш-қайраты бойында тұрған қария, – әйтпесе бұдан да көп егуге болар еді.

Жер демекші, әлгі менің бойы бәйтеректей балдызым тұратын ауыл көз алдыма елестегені. Бақ­шалық жер жетіп жатыр, тыңайт­қыш есебіндегі көң тау-теңіз әрі тегін. Су екі бастан. Сөйтіп отырып Тимофей ағайдың картобына телміртіп қойғанын айтсаңшы.