Президент • 19 Сәуір, 2023

Жаңаөзендегі жарылыс салдарын жою жұмыстарын тезірек аяқтау қажет - Тоқаев

227 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың баяндамасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңаөзендегі жарылыс салдарын жою жұмыстарын тезірек аяқтау қажет - Тоқаев

«Жаңаөзенде болған жарылыстың салдарын жою жұмыстарын тез арада бітіру қажет. Жалпы, Жаңаөзен – мұнай-газ саласына ғана қарап отырған моноқала. Сол себепті, біз оны дамыту үшін арнайы кешенді жоспар қабылдадық. Осы құжатты мейлінше жүзеге асыру керек. Үкімет те бұл жұмысқа жауапты болады.

Батыста, әсіресе, Маңғыстауда, жастар көбіне мұнайшы болғысы келеді. Бұл – дұрыс емес. Мұнай қоры таусылғанда аймақтағы ахуал тіпті күрделі болып кетуі мүмкін. Сондықтан жастардың басқа да кәсіптерді игеруіне жағдай жасауымыз керек. Бұл жұмысты арнайы жоспар бойынша атқару қажет», деді Мемлекет басшысы.

Осы ретте ол Маңғыстау облысын дамыту ісінде ақпараттық технологияларды қолдануға болатынын айтып өтті.

«Жалпы, біз көзі ашық, білімді жастарды тәрбиелеуіміз керек. Өскелең ұрпақ келешекке сеніммен қарауы қажет. Бұл үлкен жұмыс. Бұл әкімнің, Үкіметтің құзырында тұрақты түрде болу керек», деді Президент.

Еске салайық, 17 сәуір күні таңғы бестер шамасында Жаңаөзендегі екі подъезді 12 пәтерлі тұрғын үйде газ баллоны жарылған болатын. Бір кіреберіс құлағанда 11 адам зардап шеккен еді.