«Ең маңызды мәселелердің бірі ол – елордадағы азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру. Қала көршілес өңірлермен азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша нақты жұмыс жүргізуде. Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 104,5 пайызды құрады. Қазіргі күні жағдай тұрақталды. Соңғы екі айда көрсеткіш 100,3 пайызды құрады», деді Жеңіс Қасымбек.
Оның атап өтуінше, осы жылдың соңына дейін елорданы дамытудың 2035 жылға дейінгі жаңа бас жоспары әзірленуде. Онда тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға баса назар аударылады.
«Сіздің (Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың) қолдауыңыздың нәтижесінде қаланы одан әрі дамыту үшін бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жоба аяқталып келеді. Олар жалпы қуаттылығы сағатына 1130 гигакалорияны құрайтын үшінші жылу электр орталығы құрылысының 1-ші кезегі мен екі газ жылу станциясының, сонымен қатар тәулігіне қосымша 105 мың текше метр су беретін үшінші насос-фильтр станциясының құрылысы. Бұл жоба осы жылдың шілдесінде аяқталады. Cумен тұрақты қамтамасыз ету үшін Нұра жерасты су құбырының құрылысы мен Телман сорғы станциясын кеңейту бойынша жобаларды жүзеге асыруды бастаймыз, сондай-ақ Сәтбаев атындағы каналдан су алуды көздейтін төртінші насос-фильтр станциясын жобалауды жоспарлап отырмыз», деді ол.