Іле және Жоңғар Алатауының таулары алманың генетикалық отаны екені белгілі. Мысалы, Сиверс алма ағашы – барлық алма ағаштарының түп атасы, әрі сақтаушысы болып табылады. Америкалық ғалымдар барлық дерлік сорттарда кездесетін осы түрдің маркерлік гендерін анықтады. Корнелл университетінің ғалымдары Фацио Дженароның жетекшілігімен «Женева» сериясының жаңа тамырлы шыбықтар тобын шығарды, бұл қазіргі жеміс өсірудегі инновациялық төңкерістің бастамасы болды.
Өз кезегінде қазақстандық ғалымдар еліміздегі бақшаларда өзін табиғи жақсы танытқан және қазіргі уақытта итальяндық жеміс өсірушілер сынақтан өткізген «Жетісу» сериялы тамырлы шыбықтарын өсірді.
Бұл туралы «Биологиялық әртүрлілік және экожүйелік қызметтер тұрақты дамудың құрамдас бөлігі ретінде» тақырыбындағы халықаралық конференцияға қатысқан ғалымдар мен білікті сарапшылардың басқосуында кеңінен айтылды.
Конференцияға Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы елшісі Моника Иверсен, Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Егізбаев Серік Рахметоллаұлы, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властемил Самек, Қазақстан, Қырғызстан және Қытайдан келген көрнекті ғалымдар мен жетекші мамандар қатысты.
ҚазҰАЗУ ректоры, ҰҒА академигі Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, соңғы жылдары университет Германияның Қоршаған ортаны қорғау Федералды қорымен бірлесіп, Қазақстан мен Қырғызстанның таулы аймақтарында эндемикалық алма ағаштары мен Сиверс сорттарының, ескі алма бақтарының биоәртүрлілігін сақтау бойынша «ALMA» жобасын іске асыруда.
«Бұл жоба жалпыға бірдей қалыптасқан ғылыми нормалар мен стандарттарға сәйкес, ең озық халықаралық тәжірибені мұқият зерделеу және талдау нәтижесінде қабылданды. Ғалымдар Сиверс алма ағашының ерекше түрін сақтау мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі зерттей келе, оның практикалық қолдануын жандандырудың кешенді шараларын ұсынды. Адамзаттың шаруашылық қызметі нәтижесінде жоғалуға айналған қолда бар жабайы жеміс ормандарын күту және қалпына келтіру, сирек түрлердің генетикалық тазалығын сақтау мен генетикалық эрозияға ұшырауды болдырмау бағытындағы күресті күшейтуіміз қажет», деп атап өтті Ақылбек Қажығұлұлы.
Жобаның маңызды элементі биоалуантүрлілікті сақтаумен қатар, автохтонды, яғни жергілікті сорттарды қалпына келтіру болып табылады, олардың кейбіреулері осы уақытқа дейін сертификатталмаған. Қазақстанда өзіндік формасы мен дәмі бар, бір ғана «Грушевка Верненская» автохтонды сорты тіркелген. Бірлескен жоба аясында ғалымдар жеміс дақылдарының ескі сорттарын қайта жаңғыртып, жаңа түрлерін өсіре бастады. Бұл жаңашылдық фермерлер тарапынан оң бағасын алды. Өйткені жаңа тұқымдардың барлығы табиғатқа бейімделгіш, дәмі мен қасиеттері бойынша шетелдік сорттардан асып түседі. Жоба сондай-ақ, әйгілі қазақстандық «Апорт» алма ағашының брендін жандандыру үшін өте маңызды болып отыр.
Алдағы уақытта Қазақ жеміс-жидек және жүзім шаруашылығы ҒЗИ ХХ ғасырдың ортасында өсірген Ренет Бурхардта және Ренет Ландсбергский (жазғы және қысқы лимон), Столовка, Пеструшка сияқты танымал сорттар сөрелерде қайтадан пайда болып, қазақстандықтарды қуантады деп күтілуде. Ғалымдардың пікірінше, оларды көбейту үшін ҚазҰАЗУ-да толыққанды жұмыс істейтін Микроклоналды көбею зертханасын пайдалануға болады.
Ақылбек Күрішбаев сондай-ақ Қазақстанда азық-түлік қауіпсіздігін және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында өсімдіктер мен жануарлардың генетикалық ресурстарының Ұлттық банкін құруды ұсынды. Ұлттық банкті құру республиканың агроөнеркәсіптік кешенінде ғана емес, Орталық Азияда да генетикалық ресурстарды жұмылдыру, мониторингтеу, сақтау, қалпына келтіру және ұтымды пайдалану жүйелерін құру есебінен отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
«ALMA» жобасының үйлестірушісі, Дрезден техникалық университетінің профессоры, NETSCI GmbH бас директоры, доктор Маттиас Крамер өзінің «Планетарлық шекаралар мен тұрақты дамудың мақсаттары – биоәртүрлілік және экожүйе қызметтері, экономикалық өсудің негізі» атты баяндамасында бірлесе жүргізілген жұмыстардың маңыздылығына баса назар аударды.
Ол Алматыда бірнеше рет болып, жаңа өсімдік сорттарын шығарумен және алманың алуан түрлілігін зерттеумен айналысады. Жабайы Сиверс алма ағашының әртүрлі ауруларға төзімділігіне қайран қалған ол өз Отанында клон сорттары мен тұқымдарынан алма бағын өсірді. Оның айтуынша, биоалуантүрлілік саласындағы үш елдің бірлескен жұмысы АӨК алдында үлкен перспективалар ашпақ.
«Біз бұл мәселені әртүрлі кездесулерде бірнеше рет талқыладық, тағы да еске салғым келеді: тек Қазақстан мен Қырғызстан аумағында ғана сақталған Сиверс алма ағаштары – бұл ұлттық қазына! Егер қазақтар мен қырғыздар Сиверс алма ағашына баса көңіл аударса, олар қосымша экспорттық өнімді ғана емес, жаңа жұмыс орындарын да аша алады, сол арқылы сіздердің алмаларыңыз бүкіл әлемге танымал болады», деді доктор Маттиас Крамер.
Сөз алған басқа спикерлер де қоршаған ортаның ластануы, климаттың өзгеруі жағдайында табиғи генофонд, сондай-ақ оның негізінде алынған және әлемге танымал сорттар иммунитетті жоғалтуы мүмкін екенін атап өтті. Мәселен, Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының Басқарма Төрағасы Бақытжан Дүйсембеков Сиверс алма ағашын аса қауіпті және карантиндік зиянкестер мен аурулардан қорғаудың өзекті мәселелеріне тоқталды.
«Ең алдымен, адамдардың Сиверс алма ағашының табиғи өсу ортасына тікелей әсерін азайтуымыз керек. Мысалы, БҰҰ мәліметтері бойынша, 1934 жылы тек Кіші Алматы шатқалындағы алма ормандарының ауданы 190 га құрады, ал 2004 жылы ол 9 га дейін қысқарды. Жоңғар Алатауында елді мекендердің шалғайлығы мен антропогендік стресстің болмауына байланысты алма бақтары біршама сақталды. Қазіргі уақытта Іле және Жоңғар Алатауындағы алма ормандарының жалпы ауданы 14 037 га құрайды», деп атап өтті Бақытжан Дүйсембеков.
Жеміс өнеркәсібі индустриясының дамуын және адамдардың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, осынау таулы жерлердегі жабайы жеміс ормандары болып табылатын табиғи генетикалық ресурстарды сақтау шараларын күшейту қажет. Сөйлеушілер Сиверс алма ағашын сақтау мәселесін толық шешу үшін мемлекеттік, ғылыми-зерттеу, білім беру, халықаралық ұйымдар арасында жан-жақты үйлестірілген жұмыстарды жүйелі жүргізуді ұсынды.
Бүгінгі халықаралық конференция биоәртүрлілік пен климаттың өзгеруі, Сиверс алма ағашын аса қауіпті және карантиндік зиянкестер мен аурулардан қорғау, табиғатты қорғауды біріктіру, жаһандық факторлардың аймақтық қосылған құн тізбегіне және биоәртүрлілікке әсері т.б. мәселелер бойынша ақпарат алмасудың маңызды алаңына айналды.
Конференция аясында ҚазҰАЗУ базасында Экожүйелер мен биоәртүрлілікті қорғау жөніндегі Қазақстан-Германия институтының салтанатты ашылуы болып өтті және ҚазҰАЗУ мен «KaGEB» арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.