Жәдігер • 19 Сәуір, 2023

Омар Шипиннің шапаны

393 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық музейде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің қаһар­маны Амангелді Имановтың 150 жылдығына орай өтіп жатқан «Халық батыры» атты көрмеге халық ақыны Омар Шипиннің шапаны мен бөркі қойылған. Бұл жәдігерді Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі әкеліпті. Аталған мұражайға оны айтулы тұлғаның балалары тапсырған.

Омар Шипиннің шапаны

Ақынның шапаны мен бөр­кі қаншама жыл өтсе де жақсы сақ­талған. Кейінгі жас­тарға Омар Шипиннің есімі онша таныс емес. Бірақ оның тә­уелсіздікті ту еткен туындылары әдебиетімізден өз орнын ойып алған.

Ақын 1916 жылғы Тор­ғайдағы ұлт-азаттық көтері­ліс­ке қаты­сып, Амангелдінің жеке хатшысы болған. Осы оқи­ғаның бел ортасында жү­ріп, бірқатар шығар­маны өмірге әкел­ген. Мәселен, сол жылдары жа­зылған «Арман», «1916 жыл», «Амангелдінің айбаты», «Торғай соғысы» атты толғау­лары ел арасында кең тараған. Белгілі қаламгер Сапабек Әсіп: «1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің поэзиялық панорамасын алғаш жасаған ақын», деп айтыпты. 1942 жылы «Амангелді» атты дастаны кітап болып жарық көрді. Сондай-ақ ақынның ұлы ағартушы Ыбырай Алтын­са­рин туралы «Ыбырай», Әлі­би Жангелдин жайында «Әли­дастан», әйел теңдігін жыр­ла­ған «Масаты қыз» және «Қой­шы Күлен», «Жеткіншек», «Сы­бызғы үні» дастандарында халқымыздың басынан өткен ауыр кезеңдер айшықты суреттелген. Оларды сыншылар әдебиет қазынасына қосылған сүбелі дүниелер деп бағалаған.