Әлем біріншілігінің жетінші жарыс күнінен кейін даңқты шахматшылар жас баланың қателігін жасаған Дин Лижэньнің енді өзіне келуі қиын болатынын және «жаһандық додада кім чемпион болады?» деген сұрақ осы жеңілістен кейін-ақ анықталып қойғанын айтып отыр. Мәселен, классикалық шахматтан әлемнің 14-чемпионы ресейлік Владимир Крамник қытайлық гроссмейстер Дин Лижэньге мұндай масқара жеңілістен кейін психологиялық тұрғыда өз-өзіне келуі қиынға соғады деп есептейді. «Қазір Дин алдағы ойындарда Янға қарсылық көрсетуге өзін толық дәрменсіз сезініп жатқанына сенімдімін. Өйткені мұндай жеңіліс адамның жүйке жүйесіне әсер етпей қоймайды. Оның үстіне алда әлі толық жеті партия бар екенін ескерсек, бұл жеңіліс Лижэньге өте ауыр соққы болды», дейді В.Крамник.
Дегенмен, қытайлық шахматшы екінші партияда жеңілген кезде де бірқатар шахмат сарапшылары енді Ян айқын басымдыққа ие болады деген пікірлерін алға тартқан еді. Алайда Дин Лижэнь алтыншы партияға дейін таразы басын тең ұстап, ресейлік шахматшыға әлем тәжін оңай беріп қоя салмайтынын байқатты. Сондай-ақ Дин Лижэнь чемпионат барысында ресейлік шахматшыға қарағанда көбірек тәуекелге барып, матчтың қызықты өтуіне зор үлесін қосып жатыр. Мәселен, ол екінші партияның төртінші жүрісінде ешкім күтпеген h3 жүрісін жасап, барша шахмат сарапшылары мен жанкүйерлерін таңғалдырған еді. Ал кешегі жетінші партияда ол өзінің әдеттегі испаниялық позициясынан бас тартып, франциялық қорғанысты таңдап, тағы бір мәрте шахмат жанкүйерлеріне тосынсый ұсынды. Бір айта кетерлігі, шахмат әлемінде «франциялық қорғаныс» деп аталып кеткен жүріс 1978 жылғы әлем чемпионатынан кейін алғаш рет Астанадағы додада жасалып отыр екен.
Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Дин Лижэнь: «Ричард Раппортқа жетінші партияда франциялық қорғаныста ойнағым келетінін айтқан едім. Бірақ мен мұны жартылай қалжың, жартылай шындық ретінде айтқан болатынмын. Оны Ричард шын қабылдап, осы партияда қарсыласымды таңғалдыру үшін француз қорғанысын сынап көруге еш қарсылығы жоқ екенін жеткізді», деді.
Әлем чемпионы атағынан үміткер шахматшылар жетінші партияны төрт сағатқа жуық ойнап, 37-жүріске келгенде Дин Лижэнь жеңілісін мойындауға мәжбүр болды.