02 Маусым, 2010

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫЛАРЫ АСТАНАДА АСҚАҚТАДЫ

530 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Астанадағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зи­денті музейінің саябағында Қазақ хандығын құрушы Керей мен Жәнібекке арналған мону­ментті мүсіндік-композиция ашыл­­ды. Оны Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев ашып, сөз сөй­леді. Бүгін асқақ Астанамыз тағы бір тағлымы мол сәулет туын­ды­сы­мен толықты. Біз елордамыз­дың төрінде ұлысымызды ұйыс­тыр­ған Керей мен Жәнібек хан­дарға арналған еңселі ескерткіш ашып отырмыз. Бұл тұғырлы тарихымызға, біздің қазақы, елдік дәстүрімізге, мызғымас мемле­ке­ті­мізге арналған мәңгілік белгі, деді Президент. Тарихқа шолу жасайтын болсақ, Керей мен Жәнібектің Қазақ хандығының туын қалай қадағанын көреміз. Алтын Орданың заңды мұрагері ретінде Шу мен Сырдың ара­сын­да бой көтерген Қазақ Ордасы уақыт өте келе ұлан-ғайыр далаға иелік етті. Қазіргі Қазақстан Рес­публикасының аумағы тұтасымен сол хандықтың қол астында болды. Осылай деген Елбасы Керей мен Жәнібек хандарға арналған құрмет Астанада бұрын да жаса­лып келе жатқанын, соның ішін­де сол жағалауда олардың атын иеленген көшелер барын атап көрсетті. Біз өт­кен тарихымызды ұмытпай, он­да­ғы өрелі істерді ұрпаққа үлгі етіп келеміз. Соның ішінде азаттық жо­лында он жыл бойы күрес жүргіз­ген Кенесары ханның да ескерт­кі­шін Есілдің жағалауына орнаттық. Астананың 10 жылдығына орай елордамыз­дың бас алаңында зәулім биік “Қазақ елі” монументі тұрғы­зыл­­ды. Астана көшелеріне ұлы тұл­ға­ларымыз бен тарихи қалала­ры­мыз­дың аттары берілді. Осының бәрі біздің ата-баба аманатына адал­­дығымыз бен ұрпақтар сабақ­тастығының жарқын көрінісі, деді Мемлекет басшысы. Одан әрі Елбасы Керей мен Жә­нібек – екі ханға арналған ескерт­кіштің бірге орнатылған се­бе­бі туралы айтты. Тарихта олар­дың есімдері әрқашанда қатар ата­ла­ды. Екі ханның еткен еңбегі мен жасаған ерлігі бірдей баға­ла­на­ды. Сондықтан ұлы тұлғаларды бөліп-жармай, ескерткішті екеуі­не бірге қойып отырмыз, деді Президент. Елба­сы ескерткіш тұ­ғы­рының нақ осы жерде тігілуінің символикалық маңызы туралы да айтып өтті. Бұл жер, деді Нұр­сұл­тан Әбішұлы, тәуел­сіз еліміздің бойтұмарына, рә­мізіне айналған Астананың алғаш­қы қадасы қа­дал­ған жер. Еліміздің алғашқы ордасы мен маңызды мем­лекеттік ме­кемелер де осы жерде қоныс тепті. Сондықтан біз тұңғыш хандарымыздың тұғырлы белгісін Тұңғыш Президент мұра­жайы сая­бағында, Астана қаласы әкім­дігі ғимаратының маңында ор­на­ластыруды жөн деп таптық. Ес­керт­кішті орнатуға сәулетшілер ғана емес, белгілі тарихшы ға­лымдар да үлкен үлес қосты. Президент ескерткіштің сим­вол­дық мәндеріне, Сүйінбай ақын айтқандай, “бөрілі байрақ көтер­ген” қалыптарына тоқталды. Керей мен Жәнібек көтерген сол байрақ жығылған жоқ, ол Қазақ­станның Тәуелсіздік алуымен бір­ге аспан астында қалықтаған қы­ран бей­не­сінде шырқау биікке көте­ріле түсті. Сондықтан тәуел­сіздіктің көк бай­рағын берік ұс­тап, егемендігімізді көзіміздің қа­ра­шығындай қорғауға тиіспіз, деді Елбасы. Бұл ескерткішті орнату идея­сын Президент Н.Назарбаев көтер­ген еді. Жарияланған кон­курс­қа қазақстандық 10 шебердің жобалары түсті. Оның қорытын­ды­сы үстіміздегі жылдың 13 қаң­тарында жарияланып, астаналық мүсінші Ринат Әбеновтің жұмысы жеңімпаз деп танылды. Ескерткіштің түбінен байрақ­тың ұшар басына дейінгі биіктігі – 12 метр, түрегеліп тұрған Жә­нібек ханның бойының биіктігі 5,25 метр, ал отырған Ке­рей ханның биіктігі 4 метр. Мүсіннің барлық элементтері тұтасымен қоладан құйылған. Салмағы 16,2 тонна. Жақсыбай САМРАТ.