Суреттерді түсірген: Ерлан ОМАР
Халықаралық іс-шараның мақсаты - кітап оқуды насихаттау, оқырман мәдениетін қалыптастыру.
Көрмеде тек ересектерге ғана емес балаларға арналған көркем әдебиеттің сан алуан түрі ұсынылған.
Жыл сайын тұрақты түрде өткізілетін бұл көрмеге Қазақстанның түпкір-түпкірінен жиналған кітапсүйер қауым жиналды. Халықтың көптеп жиналғаны байқалады, әсіресе жас оқырмандар түрлі баспа павильондарының алдына жиналғаны жанға жылу ұялатады.
Жалпы, аталмыш жәрмеңкеге 70-тен астам баспа қатысып жатыр. Оның ішінде тек қазақстандық қана емес шетелдік баспаларды байқауға болады. Атап айтқанда, Ресей, Якутия, Қытай, Өзбекстан, Түркия баспалары кітаптарын оқырмандарға ұсынды.
Айта кетсек, көрме барысында әр баспа түрлі іс-шара ұйымдастырып оытрады. Біреуі жаңадан шыққан кітабының тұсаукесерін өткізіп жатса, «Отандастар» қоры «Әр қазаққа - бір кітап» жобасын бастап кетті. Қордың павильонында арнайы QR-код орнатылған екен, сол QR-кодты сатып алушылар сканерлейді. Жиналған қаржыға шетелде тұратын отандастарымызға кітап сыйлау ұйғарылыпты.