Ширек финалдың екінші күнінде Германияның «Бавариясы» өз алаңында Англияның «Манчестер Сити» клубын қабылдап, 1:1 есебімен тең ойнады. Дегенмен Тұманды Альбионда өткен алғашқы матчта «Сити» қарсыластарын 3:0 есебімен жеңгенінің нәтижесінде жартылай финалдың үшінші жолдамасына иелік етті.
Ал «Интер» мен «Бенфика» арасындағы матчта командалар бір-бірінің қақпасына үш голдан соқса да (3:3), жартылай финалдың жолдамасын италиялық ұжым қанжығасына байлады. Өйткені Португалияда өткен бірінші ойында «Интер» клубы 2:0 есебімен жеңіске жеткен еді.
Сөйтіп, бірінші жартылай финалда «Манчестер Сити» мен «Реал», екінші матчта бір қаланың, яғни Миланның екі клубы – «Интер» мен «Милан» кездесетін болды. Бір айта кетерлігі, соңғы екі ұжым осыдан 20 жыл бұрын да Чемпиондар лигасының ½ финалында жолыққан екен. Жартылай финалдың алғашқы ойыны 9-10 мамырға, қарымта матчтар 16-17 мамырға жоспарланған.