Елорда • 21 Сәуір, 2023

Елорда төрі – ен кітап

346 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Астана жұртының таң атысымен EXPO халықаралық көрме орталығына қарай ағылып жатқанына, міне, үшінші күн. Әрине, жылына бір рет болатын «Eurasian Book Fair-2023» Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі оқырман қауымға таптырмас мүмкіндік. Ыбырайша айтсақ, «тілегені алдынан іздемей-ақ табылатын» көрмеден кім құр қалсын!

Елорда төрі – ен кітап

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Дәстүрге айналған ауқымды іс-шара Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен осымен алтыншы рет өткізіліп отыр. Жәрмеңкеге қатысу үшін елордаға 40-қа жуық мемлекеттен баспа ісі және кітап бизнесінің өкілдері, жазушылар мен кітапсүйер оқырман жиналды. Мәселен, көрмеге қатысуға Қазақстан, Ресей, Түркия және Қытайдың баспа, кітап сату, ғылыми, білім беру және полиграфиялық компанияларының өкілдері саналатын 70-ке жуық компания өтінім берген.

впр

Кітап оқуды насихаттау, оқу мәдениетін қалыптастыру, әлеуетті оқырман мен сатып алушыларға жетекші бас­па­лардың кітап өнімдерінің заманауи үздік ассортиментін, кітап шығару және полиграфия саласындағы жаңа технологияларды ұсыну, дүниежүзілік кітап басып шығару және поли­графия индустриясының тә­жірибесін зерделеуді, сондай-ақ баспа саласындағы жетістіктерді көрсетуді мақсат еткен ауқымды көрме барысында түрлі іс-ша­ралар ұйымдастырылды. Ере­сектерге де, балаларға де бір­дей қызықты болатын бес күн­дік бағдарлама мәдени және іскерлік тақырыптардан тұрады. Атап айтсақ, қазақстандық және шетелдік жетекші баспа­лар­дың балалар, көркем, оқу және ғылыми-көпшілік әде­биетінің жаңалықтарының тұ­саукесері, белгілі жазушылар мен ақындармен қолтаңба сессия­лары, кітап шығарудың өзекті мәселелері талқыланатын дөңгелек үстелдер өтті. Бала­лар алаңында кітап оқулары, тасқа сурет салу, кітаптарға бетбелгі жасау және басқа да шеберлік сабақтары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, «Eurasian Book Fair-2023» көрмесінің құрметті қонағы – Абай ауданы аталған жәрмеңкеге ауқымды мәдени-іскер­лік бағдарлама дайындаған. Көрменің барлық күндерінде облыс стендінде және форумда жазушылармен кездесулер, әртістер мен театр актерлерімен қойылымдар, мәдени бағдарла­малардың тұсаукесері өтуде. Жалпы, Абай өлкесі аса көне және сирек кездесетін кітап ескерткіштерімен, XVIII ғасыр­дың соңы – XVIII ғасырдың басындағы өлкетану басылымдарымен, бай кітап қоры бар бірегей кітапханасымен танымал екенін білеміз.

впр

Көрменің салтанатты ашылу рәсіміне министрлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жазу­шылар, шет мемлекеттердің ел­ші­лері қатысты.

Мәдениет және спорт ми­нис­трі Асхат Оралов аталған жо­­ба­ның отандық кітап ісі саласына ти­гізер ықпалы үлкен екенін атап өтті.

«Жәрмеңкені аралап, қонақ­тармен, зиялы қауым өкілдерімен кездестім.

Аталған іс-шара – еліміз­дің кітап ісі саласының кәсіпкер­ле­ріне жаңа серіктестер табуға, авторлар үшін жаңа аудитория жинауға жақсы мүмкіндік. Оқырмандар үшін кітапсүйер қауыммен әде­би ұсыныстарымен бөлісіп, әртүрлі шеберлік сабақ­та­рына қатысуға, жаңа кітап­тармен танысып, қолтаңба сес­сиялары мен дәрістерге қаты­су­дың таптырмас алаңы. Біз осындай іс-шараларды одан әрі қолдауды жоспарлап отырмыз. Оларды тек Астанада ғана емес, Қазақстанның басқа өңірлерінде де өткізетін боламыз», деді министр.

Сондай-ақ ол аталған ведомство түрлі жанрдағы кітаптар басып шығару, мемлекеттік кітап­ханалардың қорын толықтыру, жас жазушылар мен ақындардың конкурстарын өткізу, әдеби фес­тивальдар мен форумдар ұйым­дастыру сынды бағытта аянбай еңбек етіп жатқанын айтты. Мә­селен, «Жаңа қазақ әдебиеті» жобасы аясында тек 2022 жылы ғана ҚР МСМ қолдауымен 506 мың дана тиражбен 188 жаңа кітап жарық көрген. Ал биыл тұңғыш рет қаламгерлерге ел Президентінің әдеби сыйлығы табысталмақ.

Кітап жәрмеңкесінің ерек­шелігі сол, әр алаңда сағат са­йын түрлі іс-шара өтіп жатты. Бір бұрышта автор қолтаңба беріп жатса, енді бір алаңда жаңа кітап таныстырылуда. Одан бөлек шеберлік сабақтары, кездесулер – қыз-қыз қайнаған тіршілік. Әсіресе, көрменің ең үлкен екі алаңы саналған «Фолиант» бас­пасы мен Мәдениет және спорт министрлігі ұсынған Абай алаңында әртүрлі форматта әдеби жиындар ұйымдас­ты­рылды. Мәселен, күні кеше ғана ақын Баянғали Әлім­жановтың балаларға арналған «400 тәтті тақпақ» атты кіта­бы­ның тұсаукесері өтті. Әнші Айгүл Иманбаеваның модера­торлығымен өткен басқосуда көрерменнің де саны көп болды. Жаңа туындының лентасын филология ғылымдарының докторлары Серік Негимов пен Сауытбек Абдрахманов қиды. Бұдан бөлек Медеу Сәрсекенің «Ноқ­таланған тарихшы», Ти­мур Нығматуллиннің «1916», Роберт Киндлердің «Сталиндік көш­пенділер» атты туындылары таныстырылды. Сондай-ақ алдағы күндері балаларға арналған жаңа кітаптардың, Әкбар Гошалының «Тұранның бір түп жусаны», Жадыра Шамұратованың «Сан­дық», нон-фикшн жанрын­дағы жаңа кітаптардың тұсаукесер рәсімі жоспарланып отыр.

Ал Абай алаңында «Маз­мұндама» қорының төрағасы Шыңғыс Мұқан, жазушылар Асқар Алтай, Роза Мұқанова, Ұларбек Нұрғалымұлы, Рүстем Сауытбай, Зәуре Төрехан, ақын­дар Ақберен Елгезек, Танакөз Тол­қынқызы, Дәулеткерей Кәпұлы, Ұларбек Дәлейұлы, Құралай Омар, психолог-тренер Сейілбек Мырзабай, «Отбасы хрестоматиясы» жоба­сының жетекшісі Санжар Керім­бай, «Отбасы хрестоматиясы» жобасы авторлары Сәкен Нұрқа­бекұлы мен Айбек Нәбимен шығармашылық кездесу, жас ақындармен поэзия PARTY, «Перо» қорының жетекшісі Елден Сарыбаймен панельді пікірталас алаңы, сондай-ақ подкасттар мен «Жанды кітапхана» арнайы бағ­дарламасы жоспарланған.

Сонымен қатар көрме аясында «Абай» баспасынан жарық көрген 24 кітаптың тұсауы кесілді. Оның ішінде Абай, Мағжан, Мұқағали, Төлеген, Жарасқан Әбдіраш, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов бастаған буын Исраил Сапарбай, Несіпбек Айтұлы, Күләш Ахметова, Сабыр Адай, Гүлнар Салықбай, Қалқаман Сарин есімді қаламгерлермен жалғаса береді. Одан бөлек «Көзімнің қарасы» (Е.Шү­кіман), «Ұлттың ұлы ұста­зы» (ұжымдық жинақ), «Әуе­зов әлемі» («Қазақ әдебиетінің кітап­ханасы» атты жаңа топтаманың тұңғыш томы), «Эпикалық жыр­шылық» (Б.Жүсіпов), «Әуес­тік әлемі» (Қ.Мұқаш), «Ақын жары» (С.Айбергенова), «Қа­раш батыр» (З.Әбдешев), «Құт» (Қ.Мұқаметқали) және «Вол­шеб­ник» (О.Әубәкіров) жинақ­тары да таныстырылды.

Ұлы Жібек жолы – адамзат өрке­ниетінің дамуына үлес қосқан мәдени мұра. Бұл – эко­но­микалық сауда жолы ғана емес, мәдениеттердің алмасуына, өркениеттің дамуына, мем­ле­кеттер мен халықтардың жақын­да­суына ықпал еткен, Азия мен Еуропаны жалғаған алтын көпір. 2019 жылы Жазушылар Одағы мен «New Star Press» Қытай мемлекеттік баспасының арасында «Жібек жолындағы 100 қала» жобасын жүзеге асыру жөнінде екіжақты келісім жасалған болатын. Жоба аясында Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан тарихи қалалар туралы кітаптар шығару көзделген. Аталған кі­тап­­тар сериясы «Бір белдеу, бір жол» аясындағы мәдени-гу­ма­ни­тарлық ынтымақтастық жоба болып саналады.

Осыған орай, 2020 жылы «Фо­лиант» баспасы Қытайдың «Шан­хай» (Е Синь), «Чжухай» (Чэнь Юй, Цзянь Хонлян) және «Хами» (Цзяньдань) қалалары туралы кітаптарды жарыққа шығарды. Кітап жәрмеңкесінің аясында 22 сәуірде Ұлы Жібек жолының бойындағы көне қалалар туралы кітаптардың таныстырылымы болады. Қытайдың «New Star Press» мемлекеттік баспасынан қытай тілінде, «Фолиант» баспасынан қазақ тілінде жарық көрген Кәдірбек Сегізбайдың «Алматы», Несіпбек Дәутайұлының «Тараз» және Мархабат Байғұттың «Түр­­кістан» атты еңбектерінің тұсау­кесері өткізіледі. Сондай-ақ ҚХР Шет тілдердегі әдебиет­терді шығару және тарату істері жө­нін­дегі басқармасы мен «New Star Press» Қытай мем­лекет­тік баспасы аталған кітап­тарды Ұлттық академиялық кітап­хана­ның қорына сыйға тартады. Яғни «Фолиант» бас­пасы ұйымдастырып жатқан «Eurasian Book Fair – 2023» Еуразиялық халық­аралық VI кітап көрме-жәрмеңкесі Ұлы Жібек жолының мәдени жалғасы десек болады.

Көрме аясында «Жылдың үздік кітабы» байқауы өтеді. Бұл дода «Үздік оқулық кітабы», «Үздік өлкетану бағытындағы басылым», «Балалар мен жас­өс­пірімдерге арналған кітап», «Мәдениет пен өнер саласына арналған басылым», «Ғылым және инновация саласына ар­налған басылым» және Гран при аталымдары бойынша іріктеледі. Жәрмеңкеге қатысқан 37 баспа аталған байқауда бақ сынап отыр. Жеңістен үмітті кітаптар, ең ал­дымен сапасына, көркемдік-эстетикалық безендірілуіне қа­рай бағаланады. Жеңімпаздар көрме аясында 22 сәуірде марапатталады. Бұдан бөлек бағалы сый­лықтар ұтысы мен иллюс­траторлар бәйгесі жоспарланып отыр.

Айта кетейік, «Eurasian Book Fair» 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық кү­ні­не дейін жалғасады.