09 Шілде, 2014

Көліктегі кемшілікті кеміту – қауіпсіздік кепілі

422 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қай көліктің болса да адам­ға әкелер апаты аз емес. Осы көліктерді пайдалану үшін оның айналасында жүр­ген жолаушыларға тигізер келең­сіздігі де жетіп артылады. Әсіресе, теміржол, әуе көліктерінде орын алатын қауіптердің алдын алу өте маңызды екені түсінікті. Ал бұл орайда адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, түрлі келеңсіздіктерден қорғайтын көліктегі ішкі істер департаментінің қызметі айрықша бағаланатыны анық. Сондықтан, бұл аталған көліктерде жүру қауіпсіз болсын десек, онда орын алып отырған кемшіліктерді де жоюға дер кезінде назар аударған жөн, дейді олар. Бұл өзекті мәселеге Көліктегі ІІД жанындағы қоғамдық кеңес үнемі көңіл бөліп келеді. Қоғамдық кеңестің төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Оспанов адамдардың қауіпсіздігін сақтау мәселесіне қашанда мұқият қараған жөн дейді. Ал Көліктегі ІІД бастығы, полиция полковнигі Берік Бисенқұлов: «Қоғамдық кеңес құрылғаннан бергі уақытта өзінің тиімділігін дәлелдеді. Ең бас­тысы, полицейлер мен азаматтар арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосты», – деп ағынан жарылады. Сондай-ақ, Берік Байболұлы Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы басты міндеттермен Елбасының ішкі істер органдары саласы қыз­меткерлерінің алдына қой­ған тапсырмаларының орында­луы, ең алдымен, адамдар­дың қауіпсіздігінен бастау алаты­нын айтады. Бұл орайда, департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Жанатбек Ешімов атап өткендей, темір­­жол және әуе көлігі нысандары­на қатысты бірқатар проблема­лық мәселелер бар екенін жасыру­ға әсте болмайды. Өйткені, еліміздің теміржол вокзалдары мен әуежайларында арнайы және құқық қорғау органдары жүргізген тәжірибе­лер азамат­тарды лаңкестік әрекеттерден қор­ғау шараларын әлі де болса күшей­ту қажеттігін дәлелдеп отыр. Мәселен, Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды қалаларындағы әуежайларда орнатылған бейне-бақылау камералары тиісті талаптарға сай орналастырылғанымен, Балқаш, Петропавл, Семей, Көкшетау қалаларындағы әуежайлар бейне-бақылау жүйелерімен толықтай жабдықталмаған. Олардың қауіп төндіретін аумақтарды шолу мүмкіндігі шектеулі. Сол сияқты жаңадан салынып жатқан теміржол аумақ­тарында көлік полицейлерін орналастыру мәселелерін шешу ісі өзекті болып отыр. Мұндай аумақтарда желілік полиция бөліністерінің қызметкерлері үшін арнайы қызметтік бөлмелер қарастырылмаған. Айталық, жүктерді сақ­тауды қамтамасыз ету, жеке мүліктерді ұрлаудың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қорғау мақсатында Алтынкөл стансасында құрамында 25 қызметкер бар желілік полиция бөлімі құрылды. Өкінішке орай, Алтынкөл стансасындағы темір­жол вокзалындағы желілік полиция бөліміне көлемі 12 шаршы метр ғана болатын бөлме берілген. Бұл орын қызметкерлерді орналастыруға жеткіліксіз. Осындай олқылықтардың алдын алу мақсатында құрылысы жүргізіліп жатқан «Өзен –Болашақ, Жезқазған – Сексеуіл – Шалқар – Бейнеу» теміржолы бойындағы стансаларға көлік­тегі ішкі істер органдарының жұмысын ұйымдастыру үшін қызметтік орын мен полицейлерге баспана беру мәселесін де қарастыру қажет көрінеді. Бұл орайда қоғамдық кеңес қызметінің мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау тиімділігін арт­тыру және қоғамдық қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету, құқық бұзу­шылықтың алдын алу, Көліктегі ІІД-нің үкіметтік емес ұйымдармен және халықпен өзара қарым-қатынасын одан әрі жетілдіру, құқық қорғау қызметі саласында қоғамдық қатынастарды демократияландыру арқылы ауқымды істерді жүзеге асыруға дем беретіндігін естен шығармаған жөн. Өйткені, аталған көлік нысандарындағы кемшіліктерді жою – қауіпсіздік кепілі. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».