Өткен жылы Маңғыстау облысында индустриялық-инновациялық даму басқармасы құрылды. Өркенді өңірдің аталмыш бағыттағы тынысын кеңейтіп, тың істерді үйлестіріп отыру мемлекеттік органға зор жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Осы орайда жаңа басқарма басшысы Жеңісбек САҒЫНДЫҚОВПЕН әңгімелескен едік.
– Жеңісбек Өренұлы, жаңа басқарманың тізгінін алғаш қолға алдыңыз. Жұмыс қалай жүруде?
– Елбасымыз тәуелсіз Қазақстанды әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енізу тапсырмасын қойып отыр. Ол биікке жету үшін қажетті біраз шаралар қабылданып, бағдарламалар бекігені белгілі, солардың бірі – еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы жөніндегі Мемлекеттік бағдарламасы. Индустриялық-инновациялық дамуға қатысты республикалық және өңірлік индустрияландыру карталарына заманауи жобаларды іріктеу, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп карталарға енген жобалардың жүзеге асуын қадағалау, облыстың өнеркәсіп саласы қызметін үйлестіру, сыртқы экономикалық қатынастарды қалыптастыру, халықаралық сапа стандарттарын енгізуге ықпал ету міндеттерін мойнына алған басқарма осылай құрылған болатын. Қазір басқарма осы бағытта өз жұмыс жолға қойып келеді.
Былтыр Маңғыстау өңірі өнеркәсібінің дамуында оң динамика байқалды. Маңғыстау облысы – республикадағы мұнай өндіретін 6 облыстың арасында 2013 жылдың қорытындысы бойынша өсім берген бірден-бір облыс. Мұнай өндіру көлемі 2012 жылмен салыстырғанда 2,1 %-ға өсіп, 18013,1 мың тоннаны құрады. Биыл бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзіміне қарағанда 1,4 %-ға артты. Былтыр өндірілген табиғи газдың көлемі мен кен өндіру өнеркәсібі саласындағы техникалық қызмет көрсетудің жалпы көлемінде де ілгерілеушілік бар. Өңдеу өнеркәсібінде 93,7 млрд. теңгенің өнімі шығарылып, өндіріс көлемі 2012 жылмен салыстырғанда 24,0 %-ға өсті. Бұл салада резина мен пластмасса өндірісінде көрсеткіш төмендеді. Бұл жағдай үлкен диаметрлі құбырларға деген сұраныстың төмендігінен «Шыны-пластикалық құбырлар зауыты» ЖШС-інде байқалды. Сондай-ақ, металлургия саласында өндіріс те аздап төмендеді. Не нәрсенің де өзіндік себебі болады ғой, бұл жерде төмендеу ахуалы «Ақтау құю зауыты» ЖШС-індегі қаржылық қиындықтармен және тапсырыс көлемінің төмендігінен, «Arcelor Mittal Tubular Products Aktau» АҚ құбыр зауытының жете жүктелмеуіне байланысты қалыптасты.
Біздің басқарма өңірдің мұнай-газ секторынан өзге салаларындағы орын алып отырған мәселелер бойынша оң қадам жасалып, тиісті шешімдердің қабылдануына ұмтылыс танытып келеді. Өткен жылы «Маңғыстау: мұнай, газ және инфрақұрылым-2013» атты мұнай-газ көрмесі өткізіліп, оған Қазақстан мен Ресейдің облыс аумағына жаңадан келген сервистік компаниялары қатысты. Сондай-ақ, «Ақтау теңіз порты» АЭА» АҚ пен «Жамал-ай» АҚ өкілдерінің былтыр Орал қаласында өткен «WestKazInvest - 2013» халықаралық инновациялық бизнес форумына, ал «ҚазАзот» ЖШС мен «Шыны-пластикалық құбырлар зауыты» ЖШС-інің Екатеринбург қаласында болған Х Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысуы ұйымдастырылды. Бұлар сала мамандарының ресейлік, өзге де шараға қатысушы әріптестерімен тәжірибе алмасып, сол арқылы өнім өндіру белсенділігі мен шеберлігін жетілдіруге ықпал ететін болады.
– Маңғыстаудың индустрияландыру қоржынының салмағы қаншалықты?
– Облысымыздың географиялық орналасуы оған тың мүмкіндіктерге жол ашады. Өңірде қолға алынған жобалардың дені осы мүмкіндік тұрғысынан қарастырылады. Өңірде әр деңгейдегі индустрияландыру карталарына 2010-2014 жылдар аралығында 31 жоба қосылған болатын. Оның екеуі республикалық картада қаралса, 29-ы аймақтық картаға енді.
Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған төрт жылдан бері Маңғыстау өңірінде жалпы құны 169 млрд. теңге тұратын 23 жоба аяқталып, 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылды. Сәйкесінше осы кәсіпорындарда 35 млрд. теңгенің өнімі шығарылды, оның 24 млрд. теңгесі 2013 жылдың еншісінде.
2013 жылы республикалық индустрияландыру картасына енген «Caspi Bitum» ЖШС-інің жол битумын өндіру зауыты» атты ірі жоба іске қосылып, жаңадан 286 жұмыс орны ашылды.
Биыл құны 41 млрд. теңге тұратын, жаңадан 650 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 2 жобаны аяқтау жоспарланған болатын. Оның бірі – Шетпе ауылындағы немістің «Heidelberg cement» компаниясының технологиясы бойынша салынған цемент зауытының тұсауы күні кеше ғана Елбасының қатысуымен өткен телекөпірде кесілгеніне республика жұртшылығы куә болды. Сонымен қатар, «ДИС» ЖШС-нің «Үй құрылысын салу комбинаты», «Шетпе Сулары лтд» ЖШС-інің «Минералды су шығару цехы», «Жанарыс» ЖШС-інің Жетібай ауылындағы «Арнайы киім тігу және химиялық тазарту цехы» жобалары мен ірі мұнай компанияларының мұнай өндіру көлемін арттыруға бағытталған 6 жобасы аяқталады деп күтілуде.
Биылғы қаңтар айында Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы жөніндегі аймақтық үйлестіру кеңесінде жаңа жобалар қаралып, оның ішінде жалпы құны 18 млрд. теңгені құрайтын, 461 жаңа жұмыс орнын ашатын 10 жоба Индустрияландыру картасына енгізу үшін мақұлданды. Бұл жобалар талқылау, келісу үшін Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне жолданды. Қазір құны 59 млрд. теңгені құрайтын және жаңадан 1111 жұмыс орнын ашуға жағдай жасайтын 12 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Дәл қазіргі күні облыста аяқталған барлық жобалардың он екісі 70,0%-ға не одан жоғары, ал тоғызы 50,0%-ға не одан төмен көлемдегі жүктемемен жұмыс жасауда.
– «Алдымызда индустриялық-инновациялық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған екінші бесжылдығын іске асыру міндеті тұр» дейсіз ғой...
– Иә, екінші бесжылдыққа республикалық Индустрияландыру картасына жалпы сметалық құны шамамен 379 млрд. теңге болатын 9 жоба алдын ала енгізіліп отыр. Бұлардың қатарында 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын аша алатын мұнай өнімдері, сұйық және сығымдалған газ үшін жабдық шығаратын қазақстандық-испандық «IndoxSamruk Kazaxhtan» ЖШС-інің өндірістік кешенінің, малайзиялық «Маркморегрупп» компаниясының метанол өндіретін зауытының құрылыстары секілді ірі жобалар бар. Мұнан өзге өңірлік индустрияландыру картасына жалпы сметалық құны шамамен 30 млрд. теңгені құрайтын 12 жобаны енгізуді ұсынып отырмыз. Мемлекеттік бағдарламаның екінші бесжылдығында Маңғыстау облысы дамуының негізгі стратегиялық бағытын ескере отырып, Индустрияландыру картасына енгізілетін жобалардың санын арттыра түсу қажеттігі туып отыр. Оған мұнай-газ секторы, машина жасау, мұнай химиясы, көлік, логистика, құрылыс және туризм сияқты басым салаларда жүзеге асырылатын жобалар кіретін болады.
– Жұмыспен қамтуда жастардың үлес салмағы қандай?
– Соңғы жылдары пайдалануға берілген жоғарыдағы жобаларға облыстың жоғары және арнаулы орта оқу орындарының 104 түлегі жұмысқа алынса, олардың 24-і жоғары білімге ие мамандар. Дегенмен, көрсетілген жас мамандардың барлығы бірдей өздерінің оқу орнында алған кәсіптері бойынша жұмыс жасай алмай отыр. Бұл қашанда күн тәртібінен түспейтін мәселе. Тиісті орындар оған қатысты жүйелі түрде қажетті шараларды алады деп ойлаймын.
– Басқарма жұмысының бір бағыты – халықаралық сапа стандарттарын енгізу мен техникалық реттеуге қатысты болса, екінші бағыт сыртқы экономикалық қатынастарға қатысты дедіңіз. Бұл бағыттарда нені тындыра алдыңыздар?
– Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Сертификаттау және техникалық реттеу комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментімен бірлесе отырып басқарма Кеден одағы аумағында бірыңғай техникалық регламенттердің қалыптасуына бағытталған күрделі мәселемен де өз құзыреті деңгейінде шұғылданып келеді.
Осы жылдың 1 қаңтарына дейін облыстағы 340 кәсіпорын халықаралық сапа стандарттарын енгізді және сәйкестік менеджменті жүйелерін сертификаттап отыр. Олардың арасында алыс және жақын шет елдерге экспортқа өнім шығаратын «Емір-Ойл» ЖШС, «Қарақұдықмұнай» ЖШС, «Бузачи Оперейтинг ЛТД» ЖШС, «Арман» БК» ЖШС, «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС компаниялары бар. Сонымен қатар, жыл сайын «Маңғыстаудың үздік тауары» конкурс-көрмесін өткізу дәстүрге айналды. Өткен жылғы мұндай көрмеге облыстың 30 кәсіпорны қатысты. Оған үздік шыққан жеті кәсіпорын «Қазақстанның үздік тауары» конкурсына ұсынылған еді, нәтижесінде «Жаңаөзен сүт зауыты» ЖШС республикалық байқаудың ІІІ дәрежелі дипломына ие болды.
Ал, сыртқы экономикалық қатынастар туралы айтар болсақ, Маңғыстау облысы статистикалық деректер бойынша әлемнің 110 мемлекетімен экспорттық-импорттық, оның ішінде 53 елімен экспорттық операциялар жүргізеді. Өткен жылы Ақтау қаласында Германия, Латвия, Әзербайжан, Түрікменстан, Малайзия және Ресей Федерациясы арнайы делегацияларының сауда-экономикалық миссиялары ұйымдастырылып, дөңгелек үстелдер, кәсіпкерлермен кездесулер өткізілді және делегация мүшелерінің кәсіпорындарда, компаниялар мен ұйымдарда болуы қамтамасыз етілді.
Соңғы бір айда осындай іссапармен өңірде Дания, Иран елдерінің делегациялары болды. Мақсатымыз – еліміздің дамуы, халықтың әл-ауқатының нығаюы және отандық өнімдердің үлесін арттыру. Сапалы жұмысымызбен, сапалы өнімдерімізбен өз нарығымызды құру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды көздейміз.
Әңгімелескен
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
АҚТАУ.