Хоккей • 23 Сәуір, 2023

Кореяны қарсылас құрлы көрген жоқ

277 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы мамыр айында Латвия мен Финляндияда жалауы желбірейтін әлем чемпионатына дайындық жұмысын бастады. Ғалым Мәмбеталиев жетекшілік ететін құрама жаһандық дода алдында оқу-жаттығу жиынын елордадағы «Барыс Арена» мұзайдынында өткізіп жатыр. Өткен сенбі күні Қазақстан ұлттық құрамасы Оңтүстік Корея хоккейшілерімен жолдастық кездесу өткізіп, алғашқы ойында ірі есеппен жеңіске жетті.

Кореяны қарсылас құрлы көрген жоқ

Бәсеке басталған бетте жер­лес­теріміз белсенді ойынымен көзге тү­сіп, ке­десуді өз бақылауында ұстауға тырыс­ты. Ал кореялық хоккейшілер керісінше дөрекі ойнап, жиі-жиі ереже бұзды. Салдарынан бірнеше ойыншысы мұз­айдыннан қуылды. Ойынның бірінші кезеңі ел құрамасының айқын басымдығымен өтсе де, жерлестеріміз алғашқы кезеңде бір ғана шайба соғуға мүмкіндік алды. Голдың авторы – Роман Старченко.

Үзілістен кейін ел хоккей­ші­лері қарқынын арттырып, Корея құра­­масының қақпасын екі мәрте дәл көздеді. Алдымен 31-минутта Тамер­лан Гайтамиров мергендік танытса, араға үш минут салып Аркадий Шес­таков өз атын таблоға жаздырды. Үшінші кезеңде де жерлестеріміз жанкүйерлерін қуантып, қарсыластар қақпасына тағы екі шайба енгізді. Бұл жолы Дмитрий Гренц (51-минут) пен Кирилл Полохов (59) нысананы дәл көздеді. Осылайша, Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореямен өткен бірінші жолдастық кездесуде 5:0 есе­бімен басым түсті. Екі құрама өкілдері бүгін екінші жолдастық кездесуін өткізеді.

Статистикаға көз жүгіртер бол­сақ, Қазақстан мен Оңтүстік Корея құрамалары мұзайдында бұ­ған де­йін алты мәрте кездескен екен. Оның бесеуінде жерлестеріміз басым түскен болса, 2017 жылдың 23 сәуі­рінде бірінші дивизионның А тобын­да Оңтүстік Корея тұңғыш мәрте Қазақ­стан хоккейшілерін 5:2 есебімен сүрін­дірген еді.

Латвия мен Финляндияда өтетін әлем чемпионатында ел құра­масы «В» тобында Канада, Чехия, Швей­цария, Латвия, Словакия, Норве­гия және Словения құрамаларымен сын­ға түседі. Ал 29 сәуір мен 5 мамыр ара­лығында Ұлыбританияның Нот­тингем қаласында алауы тұтанатын бірінші дивизионның «А» тобында Оңтүстік Корея хоккейшілері Ита­лия, Ұлыбритания, Литва, Польша, Румы­ниямен топ-дивизионның жалғыз жолдамасын сарапқа салады.

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалым Мәмбеталиев әлем чемпионатының алдындағы оқу-жаттығу жиынына шақырту алған хоккейшілердің тізімін жариялаған жоқ. Алайда шайбалы хоккей федерациясы Оңтүстік Кореямен өтетін екі жолдастық матчтың хаттамасына енген ойыншылардың тізімін жариялады. Бір қуанарлығы, осы екі матчта шақырылған хоккейшілердің арасында бірде-бір легионер жоқ. Барлығы Қазақстан хоккей мектебінің түлегі.

Қақпашылар: Джелал-Ад-Дин Әмірбеков, Никита Бояркин, Андрей Шутов (бәрі – «Барыс»), Максим Павленко («Номад»).

Қорғаушылар: Әділ Бекетаев, Самат Данияр, Тамирлан Гайтамиров, Эмиль Нұрғалиев (бәрі – «Барыс»), Данил Бутенко, Мәди Диханбек, Артем Королев, Абылайхан Сүлейменов (бәрі – «Номад») Кирилл Полохов («Ар­лан»), Валерий Орехов («Металлург», Магнитогорск).

Шабуылшылар: Әлихан Әсетов, Александр Борисевич, Дмитрий Гурков, Дінмұхамед Қайыржан, Никита Михайлис, Батырлан Мұ­ратов, Михаил Рахманов, Кирилл Савицкий, Аңсар Шайхмедденов, Аркадий Шестаков (бәрі – «Барыс»), Станислав Александров, Олег Бойко, Абай Маңғысбаев, Максим Мухаметов, Әлихан Өмірбеков (бәрі – «Номад»), Саян Данияр («Сарыарқа»), Дмитрий Гренц («Арлан»), Хақназар Кеңес­бай («Алматы»), Роман Старченко («Спартак», Москва), Евгений Рымарев («АКМ», ЖХЛ).