Елорда • 23 Сәуір, 2023

Су ресурстарын басқару: франциялық тәжірибе

562 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздің сарапшылары су ресурстарын басқару бо­йынша шетелдік тәжірибеден өтті. Үш күнге жалғасқан семинар «Орталық Азиядағы жерасты суларын басқару және климаттың өзгеруі» жобасы аясында ұйымдастырылды. Іс-шарада мамандар Францияда да, халықаралық деңгейде де белгілі бір аумақтағы су ресурстары туралы деректерді басқару мәселелерін, инновациялық технологияға негізделген жоспар жасаудың қыр-сырын меңгерді.

Су ресурстарын басқару: франциялық тәжірибе

Елордада өткен іс-шараға Францияның Қазақстандағы ел­шілігі мұрындық болды. Басты мақсат – франциялық тә­жіри­­бе­нің мысалында жерас­ты сула­ры туралы мәліметтерді жинау, басқару және пайдалану мәсе­ле­лерін кең аудиторияға оқыту және түсіндіру.

– Біз 2015 жылы қабылданған Париж климаттық келісімінің орындалу барысы үшін белгілі бір дәрежеде жауапкершілікті сезінеміз. Франция мен Қазақ­стан әртүрлі климаттық және геог­ра­фиялық жағдайларға тап бол­­ғанына қарамастан, екі ел­дің Үкі­меттері су ресурстарын тұ­рақты басқаруды қамтамасыз етудің ортақ міндетіне ие. Бір­­неше күн бұрын Франция пре­­зиденті Э.Макрон климат өзге­руі­нің қиындықтарына бе­йім­делу үшін суды басқару сая­сатын қайта қарауға бағыт­тал­ған бірқатар шараны қам­ти­тын жоспарды ұсынды. Бұл жос­парды әзірлеу кезінде инно­ва­циялық шешімдерді, әсіресе су ресурстарын басқару саласында ұсынатын франциялық тәжірибе пайдаланылды. Гео­л­о­гиялық және тау-кен зерт­теу­леріне маманданған BRGM мемлекеттік мекемесі жерасты ресурстарын басқаруда сарапшы ретінде танылған және халық­аралық ынтымақтастықта мол тәжірибесі бар. Мен осы жоба аясында BRGM-ді (Геологиялық және тау-кен зерттеу бюросы) Қазақ­стандағы жаңа серіктес ре­тінде қарсы алатынымызға өте қуаныштымын, – деді Фран­ция­ның Қазақстандағы елшілі­гінің өкілі Алекс Бортолан.

Геологиялық және тау-кен зерттеу бюросы екі жыл бойы Қазақстаннан Францияға делегацияларды шақыру, оқыту мен зерттеуге гранттар беру, франциялық сарапшылардың Қазақстанға жұмыс сапарлары және біліктілікті арттыру бо­йынша тәжірибелік курс, са­ғат­тар секілді кең ауқымды іс-ша­раларды ұйымдастырды. Бұл жобаны Еуропа тарапы және Франция Сыртқы істер ми­нис­трлігі қаржыландырады. Осы орайда семинарда орта­лық­­тың Азия бойынша өкілі Бенуа Журдан жобаларды қар­жы­­ландыруды жүзеге асы­ру­ға көмек­тесетін жоба мен ком­па­ния­ның қызметі туралы таныстырды.

– Орталық Еуропалық одақ дең­гейінде, көптеген жыл бойы BRGM зерттеу бағ­дар­ла­­маларына қаты­са­ды, мем­ле­кет­тік саясатты да­­мы­туға және халықаралық ын­тымақтастыққа қолдау көрсе­теді, осылайша көптеген берік әріптестік қаты­нас­тарды қалып­тас­тырамыз, – деді ол.

Жалпы су ресурстары – шек­теу­лі табиғи байлық, оларды ұтымды басқару адамзат үшін маңыздылығын жылдан-жылға арттырмаса, кемімейді. Өйткені Қазақстан әлемде са­па­лы сумен қамтамасыз ету­дің қолжетімділігі бойынша 70-орында тұр. Еуразия құр­лы­­ғында тіршілік көзі тапшы елдердің көш басында келеді. Ал Азияда 8-орында. Ел аумағының 2,8%-ында ғана ашық су қоры болса, үштен екі бөлігін құрғақ аймақтар құ­­рай­ды. Яғни Қазақстан «суға тәуелді» елдердің тобына жатады. Тіпті Дүниежүзілік банктің бағалауынша, 2030 жылға қарай әлемдегі тоғызыншы территорияда су ресурстарының көлемі жылына 90-нан 76 текше метрге дейін, яғни 15%-ға азаяды. Бұған қоса БҰҰ-ның болжамы бо­йынша 20 жылда Қазақстанда су тұтыну 56 пайызға артады деп болжанып отыр. Демек қазір ресурстарды тиімді үйлестіру және жедел зерттеу су сарапшылары үшін маңызды деген сөз. Бұл ретте шетелдік объек­тив­ті мәліметтер мен заманауи жоғары технологияларға не­гіз­деліп құрылған жоспарлар сапалы ауыз суға қол жеткізу мәселесін жүйелендіруге өз ық­палын тигізбек. Осылайша, Maqsut Narikbayev University атынан басқарма төрағасының орынбасары Айнұр Кәрібозова іс-шараны ұйымдастырудың  маңыздылығын түсіндірді.

– Бүгінде су ресурстарын сәтті басқару біздің жауап­кер­шілігіміз бен осы шектеулі та­би­ғи ресурстарды пайдалануға деген саналы көз­қарасымызға байланысты. Біз өскелең ұр­пақты өмірдің маңызды көзі ретінде суға деген құрмет пен үнемді қа­рым-қатынасқа байланысты тәрбиелеуіміз керек. Франция ел­шілігіне осы ма­ңыз­ды жаһан­дық мәселедегі бел­сенді ұста­ны­мы үшін ал­­ғыс айтамыз, – деп қорытты А.Кәрібозова.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазір елі­міз­де minirals.gov.kz ірі ақпа­раттық жүйе әзірленіп жат­қан көрінеді. Онда пайдалы қазбалардың бар­лық түрі, соның ішінде жерасты сулары қамтылған. Бұл жүйенің басты миссиясы – жерасты суларына қатысты мәселелерді цифр­ландыру бо­йын­ша жұмысты жалғастыру, жерасты суларын ұтымды пайдалануда су пайдаланушыларға барынша қолайлы жағдайды қамтамасыз ету және суды пайдалану мониторингін жүзеге асыру.

– Қазақстан үшін халық­аралық тәжірибені зерделеу қы­зықты. Республикада су өте өткір мәселелердің бір. Мыса­лы, трансшекаралық жерасты бассейндері бойынша бізде зерттелген 15 бассейн бар, бірақ одан да көп болуы мүмкін. Олар­дың бірі – Өзбекстан Рес­пуб­ликасымен бірге Ташкент маңындағы су бассейні. Ол бо­йынша өткен жылы ЮНЕСКО-ның қаржыландыру аясында үлкен жұмыс аяқталды. Біздің жұмысымыздың қоры­тын­дысы бойынша жерас­ты суларының халықаралық транс­шекаралық бассейндерін басқару мәселесі қаншалықты күрделі және осы мәселелерді шешуде халықаралық қолдаудың қаншалықты маңызды екендігі айқын болды. Бұл жерасты суларын пайдалануда әрқашан белгілі бір күрделілік пен теңгерімсіздік бар, сондықтан біз барлық қатысушы мен тыңдаушыны осы қиын, бірақ аса маңызды тақырыпқа тереңірек үңілуге шақырамыз, – деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Геология комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Ғалиев.

Жалпы, болашақта елімізде ауыз су тапшылығын бол­дыр­мау үшін осындай тәжіри­бе алмасудан бөлек, сырт­қы контурдағы белсенді дип­ло­ма­тиялық қызметті көздейтін жүйелі шараларды қолға алу қажет. Бұған қоса инвентаризация, экологиялық мониторинг, топырақты залалсыздандыру, су ресурстары мен нысандарының маңында қалыптасқан полигондарды рекультивациялау сияқты шараларды қолға алу керек.