Әлем • 24 Сәуір, 2023

Қырғызстанда мемлекеттік тілдің өрісі кеңейеді

665 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қырғызстан Парламенті мемлекеттік тілге қатысты заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Аталған құжатқа сәйкес ендігі жерде бүкіл мемлекеттік органдар қырғыз тілінде сөйлеуге тиіс. Айыр қалпақты ағайынның мұндай қадамға баруы уақыт еншісіндегі шаруа болатын.

Қырғызстанда мемлекеттік тілдің өрісі кеңейеді

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жоғарғы кеңестің жалпы отырысында заң жобасы қызу талқыға түсті. Әсіресе ресми мекемелердің мемлекеттік тілде ғана ақпарат алмасуына қатысты түрлі пікір айтылды. Дегенмен құжат алғашқы ұсынылған нұсқасынан аздап өзгеріске түскенін айта кеткен жөн. Бұған дейін депутаттар Алатаудың күнгей бетіндегі елдің мемлекеттік тілі де, ресми тілі де жалғыз болуы қажет дегендей ұсыныс тастаған. Алайда қабылданған құжатта ресми тіл де қажет жағдайда қолданылатыны айтылған. Заң жобасына Министрлер кабинетінің төрағасы бастамашылық жасаған. Депутаттар алдында құжат жөнінде Әлеуметтік сая­сат комитетінің төрағасы Винера Раимбачаева баяндама жасады. Ал қо­йыл­ған сауалдарға Мемлекеттік тіл және тіл саясаты жөніндегі ұлттық комис­сия­ның төрағасы Қаныбек Осмоналиев жауап берді.

Құжат Қырғыз Республикасының мемлекеттік тілін қолданудың құқықтық негіздерін белгілеуге және мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға бағытталған. Мемлекеттік тілдегі ресми құжаттар мен нормативтік-құқықтық актілер түпнұсқа ретінде есептеледі. Мемлекеттік тіл туралы заң жобасы қырғыз тілін қолданудың құқықтық негіздерін, тіл саясатын жүзеге асыруды, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының оларды дамытуға жағдай жасаудағы міндеттерін белгілейді. Бұдан бөлек заң жобасында шенеуніктер қырғыз тілін орта деңгейде білуге міндетті екені ай­тыл­ған. Құжатты талқылау барысында депутат Дастан Бекешев заң күшіне енгеннен кейін мемлекеттік тілді білмейтін шенеуніктерді не күтіп тұрғанын сұрады.

«Заң жобасының 5-бабына сәйкес, мем­лекеттік және муниципалдық қызмет­кер­лер қырғыз тілін білуі керек. Орыс тілділердің құқығын шектейтін ереже жоқ. Жобаның 10-бабында құжаттардың мемлекеттік тілде жүргізілуі талап етіледі, бірақ қажет болған жағдайда басқа тіл­дерде де жүргізілуі мүмкін деген белгі бар», деп жауап берді Қ.Осмоналиев.

Сонымен қатар баяндамашы 2017 жылы ел үкіметі мемлекеттік қызмет­кер­лердің қырғыз тілін В1 деңгейінде білуін талап ететін қаулы қабылдағанын атап өтті. Мемлекеттік тілді білуге және оны қызметтік міндеттерін атқару кезінде қолдануға міндетті тұлғалардың тізімі анықталды. Оған мемлекеттік және муниципалдық қызметкерлер, депутаттар, әскерилер, судьялар, барлық меншік нысанындағы оқу орындарының, мемлекеттік және муниципалдық ден­сау­лық сақтау мекемелерінің басшылары мен қызметкерлері, мұғалімдер мен ғалымдар енген.

Бұған дейін заң жобасын талқылау барысында Қырғызстан конс­титуциясында бір ғана тілді – қырғыз тілін қалдыру туралы әңгіме көтерілген. Мәселен, 10 сәуірде Әлеуметтік саясат комитеті заң жобасын екінші оқылымға шығармас бұрын кеңес өткізген-ді. Жиын барысында депутат Медербек Алиев құжатта мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар іс қағаздарын тек қырғыз тілінде жүргізуі керектігі көрсетілгенін, бұл тармақ Конституцияға қайшы келетінін жеткізген еді. Бұған жауап берген Қаныбек Осмоналиев ресми тіл туралы ереже Конституцияға мүлдем енгізілмеуі керек екенін алға тартты.

«Ресми тіл нормасын енгізудің қажеті жоқ. Оның қай тіл екені маңызды емес – орысша ма, ағылшынша ма. Мемлекеттік тіл бар, басқа тілдерге мәртебе жоқ», деген еді Мемлекеттік тіл және тіл саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы. Бірақ екінші оқылымда қабылданған құжатта ресми тілдің мәртебесі өзгерген жоқ. Мұның себебі жетерлік. Жалпы, заң жобасын қарау кезінде бірқатар депутат ресми тілге қатысты мәселеге қарсы болған-тұғын. Мәселен, Эмиль Жамгырчиев құжаттың орыс тілін кемсітетінін алға тартты. Ал Эрулан Кокулов құжатты популистік қадам деп бағалады.

Сарапшылар Қырғызстан Парламенті қабылдаған заң жобасы елдегі мемлекет­тік тілге қатысты ахуалды түбегейлі жақ­сар­татынына сенбейді. Әйтсе де бұған дейін орыс тілінің қырғыз тілімен бір қатарда қолданылып келгенін ескерсек, құжаттың қабылдануы айыр қалпақты ағайындардың елінде сең бұзылғанын, үлкен өзгерістің басталғанын білдіреді.