10 Шілде, 2014

Алтын діңгек

409 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Мерейли отбасыҮйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларын қамтыған «Мерейлі отбасы» байқауының

Қызылорда облысы бойынша жеңімпаздары

Әлібековтер «Мерейлі отбасы» байқауында бірінші орынды жеңіп алды

Алібековтер

Егізі де, үшемі де бар отбасы

«Қайран біздің аналар арды ойлаған, Жілік шауып, ши буып, арба айдаған». Қазақтың намысы мен ұятындай болған аналар туралы ойлағанда Мұқағали Мақатаевтың осы өлеңі тілдің ұшына орала береді. Өйткені, өткен ғасырдағы аналар образы ақынның осы бір ауыз сөзіне сы­йып кетіп тұр ғой. Оқ пен оттың орта­сынан аман келген аталарымыз елді қайта аяғына тұрғызу үшін ең­бек етті. Соғыс кезінде тылда ең­бек­­ке әбден піскен аналарымыз қа­тар­­ласа жүріп көмек көрсетті. Қызу тіршіліктің әрбір буынындағы жұмыс­қа араласа жүріп, ұрпақ көбей­тіп, өсіріп, тәрбиелегені бүгінгі күннің көзқарасымен өте қиямет тірлік сияқ­ты. Біздің әкелерімізді жілік шауып, ши буып, күріш тасып, егін егіп, мал бағып жүріп өмірге әкелді емес пе? Жұмысқа жан-тәнімен берілгендері сондай, баланы егістік басында босанған ана аз ба? Іздесеңіз, ондай мысалды мыңдап табуға болады. Бүгін заман тыныш. Тәуелсіз, азат елің бар. Мемлекетте қалыпты даму және бар. Экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан өсім айрықша байқалады. Бірақ, жас отбасыларда баяғыдай бала көп емес. Бірнеше баламен ғана шек­теліп жатады. Дегенмен, ара-тұ­ра көп­балалы отбасылар жайында да біліп қаламыз. Міне, сондай ша­ңы­рақтың бірі – Әлібековтер. «Әке – асқар тау, ана – бұлақ, бала – жағасындағы құ­рақ». Ежелден айтылатын тәмсіл ғой. Бірақ ақиқат сөз осы. Асқар тау әке­ге арқа сүйе­ген, ана секілді мөлдір бұ­лақ­тан бастау алған, балалардың шат­тығы мен қуанышына бөленген Әлі­бековтер әулеті – бақытты отбасы. Дана Абай өсиет еткен бес асыл іс­­ті бетке ұстап, бес дұшпанға жирене қа­­райтын жанұяда өнегелі өрендер өсіп келеді. Шаңырақтың шаттығы, от­ба­сының киесі Лаура Шохашова же­ті баланы дүниеге әкелген алтын құр­сақты ана, «Алтын алқа» иеге­рі. Үй­дің үлкені Данияр оныншы сынып­та оқиды. Таэквандодан респуб­лика­лық жарыстарға қатысып, чемпион атанып жүр. Түрлі жарыстарда жүл­де салып, өңірдің ғана емес, рес­пуб­ликаның атын шығарып жүрген өрен. Ал, екінші ұлдары Рамазанның ойы жүйрік, өнертапқыш. Физика пәнін сүйіп оқиды. Ол гипс пен құм­ды пайдаланып жанартаудың макетін жасап шығарды. Алдағы уақытта осы жобаны ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне ұсынсам дейді. Түрлі тәжірибе жасаудан танған емес. Үнемі ізденіс үстінде жүреді. Онысы нәтижесіз де емес. Ұстаздары болашақта Рамазаннан үлкен ғалым шығатынына сенеді. Әр баланың өз несібесі бар. «Бір қо­зы артық туса, бір түп жусан ар­тық шығады» дейді қазақ. Ота­на­сы Лау­­­ра Шохашова пейілі кең пішіл­ген, қонақжай, өте тәрбиелі адам. Сол ниет­­теріне берген шығар, Жа­рат­­қан­ның не­сібесімен 2007 жылы егіз баланы дүниеге әкелді. Төрт құбы­лалары теңе­сіп, айнала түген­дел­гендей мәре-сәре күй кешіп жүр еді. Құдай берем десе қиын ба? Өткен жы­лы Әлібековтер отба­сында үшем өмір­ге келіп, шаңырақ шат­тыққа толып, бақытқа кенелді. Бү­­гін­де Інжу, Мар­жан, Бекжан атты үш бүлдіршін ата-анасының көз қуа­нышы болып өсіп келеді. Түн ұйқы­сын төрт бөл­ген Лаура болса, үш бө­пе­сін бесік­ке бөлеп, ана әлдиімен өсі­ру­де. «Титімдейінен ұлтымыздың ұлы қасиеттерін бойына сіңіріп өскен ба­ла­дан ертең ұлт мақтаныштары шы­­ғады», дейді батыр ана. Солайша, бү­гін­де бұл шаңырақта жеті бала өсіп ке­ле­ді. Әсілінде, алдымен егіз тауып, одан соң өмірге үшем әкелген отбасы Қа­­­зақстанда некен-саяқ шығар-ау. Дей тұр­­ғанмен, мұны Жаратқанның Әлі­беков­­тер отбасына сыйы деп қабылдау керек. Ал отағасы Мейрамбек Әлібеков «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» ком­паниясында қаржы бөлімінің басшысы болып қызмет атқарады. Отбасында ұлағатты әке, жұмыста абыройлы маман. Өз ісінің біл­гірі, өте еңбекқор адам. 2009 жылы «Ең үздік басшы» номинация­сына ие болған. Жуырда «ПетроҚазақ­станҚұмкөлРесорсиз» компаниясы президентінің күміс жүлдесімен марапатталды. Бұл да болса шаңыра­ғында желкілдеп өсіп келе жатқан жеті баланың несібесі шығар.  ҚЫЗЫЛОРДА.                                               

Токаяковтар

Тоқаяқовтар отбасы байқауда екінші орынды еншіледі

Өмірі өнермен өрілген

Атақты Александр Затаевич біздің мына көсіліп жатқан ұлан-ғайыр жерімізге қарап тұрып: «Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай», деп тамсаныпты ғой заманында. Қазақ жерінің селеуі мен жусанынан жыр ескендей, сылдыраған суынан күй төгілгендей әсер етсе керек өнер зерттеушісіне. Ұлттың ұлы ұстазы Абайдың өзі «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең», демеп пе еді?! Бесік жырымен тербеліп басталатын өмір дариясы жоқтаумен аяқталатыны ақиқат қой. Сондықтан қазақтың өмірі өлеңмен өте тығыз байланыс­ты десек, артық айтқандық болмас. Тіпті, тұтас бір отбасы өнерпаз болып жатады. Мысалы, өткен ғасырда отбасылық ансамбльдер көп шықты. Солардың бірі – Тоқаяқовтар шаңырағы. Отағасы Әбдірайым Тоқаяқов 1959 жылы сол кездегі Шымкент облысы, Жетісай ауданында дүниеге келген. Киров ауданындағы Саттар Ерубаев атындағы мектептің түлегі. Орта мектепті бітіргеннен кейін ХХ партсъезд ауылында механизатор болып еңбек еткен. Ол кезде бірден оқуға түсіп, білім алу бақыты екінің біріне бұйыра бермейтін еді ғой. Оның үстіне мектеп бітіргеннен кейін еңбекте шыңдау үшін ауылда алып қалатын сая­сат болды. Әбдірайым Тоқаяқов та өзінің қатарластары сияқты еңбекке ерте араласқан. Бірнеше жыл ауылда еңбек етіп, қара жұмысқа шыңдалғаннан соң 1979 жылы Жетісай мәдени-ағарту училищесіне оқуға қабылданады. Ол жерден клуб қызметкері және оркестр дирижері мамандығы бойынша білім алып шығады. Ол заманның тағы бір қағидасы бойынша жігіттер міндетті түрде әскерде болуы керек-тін. Әбдірайым Тоқаяқов та оқу бітіргесін отан алдындағы борышын өтеп қайтады. Сол әскерден оралған 1982 жылдың күзінен бастап үздіксіз мәдениет саласында қызмет етіп келе жатыр. Өнерімен жұртты тамсантып жүрген азамат түрлі өнер байқауларының жүлдегері. Атап айтқанда, 1986 жылы Ташкент телефестивалінде лауреат атанған. Бүкілодақтық халық творчествосы фестивалінде бір емес, қатарынан екі жыл жүлдегер болған. Сондай-ақ, 1986 жылы Болгарияда өткен Г.Димитров атындағы жастар фестивалінің дипломанты. Әбдірайым Тоқаяқовтың өнер жолында келе жатқанына отыз жылдан асты дедік қой. Ол саналы ғұмырының басым бөлігін Өзбекстанның Жизақ облысы, Мырзашөл ауылында өткізді. Сол жақта отбасын құрды. Жұбайы Ғалия Сансызбаева да мәдениет қызметкері. 1998 жылы Тоқаяқовтар шаңырағы Қызылорда облысының Сырдария ауданына қоныс аударды. Бүгінде бұл отбасында 1 ұл, 4 қыз өсіп келеді. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей балаларының барлығы өнерлі. Ән де айтады, жыр да төгеді, күй де шертеді. Отбасылық түрлі конкурстарда жүлде салған, көптеген өнер және шығармашылық байқауларының жеңімпазы атанған. Атамекенге оралғаннан бастап Әбді­райым Тоқаяқов Сырдария аудандық мәдениет үйінде жұмыс жасайды. Ал жұбайы Ғалия Сансызбаева Тереңөзек кентінің сүйемелдеушісі. Бір айта кетерлігі, Тоқаяқовтар отбасы – Мемлекеттік «Нұрлы көш» бағ­дар­­ламасымен туған еліне оралған отан­дастарымыздың бірі. Ұлттық өнер мен құндылықтарды көзінің қарашығындай сақтап, ұрпақтарына мирас етіп жал­ғас­­тырып отырған өнегелі отбасы. Ауданның ғана емес, аймақ мәдениетінің өркендеуіне елеулі үлес қосып, зор еңбек сіңіріп келе жатқан шаңырақ. Бүгінде Тоқаяқовтар отбасын барша аудан жұртшылығы ерекше құрметтейді. Өйткені, олар – рухани толысқан, өмірлері өнермен өрілген өнегелі отбасы. Ал бұл – екінің біріне, егіздің сыңарына бұйыра бермейтін бақ. Сырдария ауданы.

Сейітжановтар

Сейітжановтар байқаудың жүлделі үшінші орнын иеленді

Мәуелі шаңырақ

Отағасы Әбдімәлік Сейітжанов 1945 жылдың 10 мамыры күні өмірге келген екен. Шиелі ауданы Ақтоған ауылындағы Сейітжановтар отбасы бақытын адал еңбектен тапқан отбасы. – Кеңес заманында Әбдімәлік Сейіт­жан­ұлы шаруашылықта қарапайым механи­за­тор­лық қызмет жасады. Біреуден ілгері, біреу­ден кейін тұрмысы болды. Азаттықтың ақ та­ңы атқанда өзгелер секілді қарап жатпады. Базар жағалап та кеткен жоқ. «Елде бол­са, ерніңе тиеді» деген қағидатты да ұстан­ба­ды. «Өкімет өлтірмейді» деген сананың екі бас­тан болмағаны ақиқат. Содан бар күші мен қайратын, балаларының еңбегін жер­ге идірді. Зауыт-фабрика тоқтап, дүкен сөре­лері қаңырап бос қалып жатқан заманда жеке шаруа қожалығын құрды. Сөйтті де, өзіне тиесілі 569 гектар жерді инженерлік жүйеге кел­тірді. Соқа салды, егін екті. Бастапқы жыл­дарда қиын соқты. Бірақ тынымсыз тір­лік пен жанкешті еңбек түбі жемісін бере бас­та­ды. Оның үстіне кезінде механизатор бол­ған, жердің жайынан хабары бар. Қай ау­мақ­ты қалай пайдалануды біледі. Бұл да үл­кен көмек болды. Құр егін егіп қана қой­май, қабатында мал шаруашылығымен де ай­налысты. Қазіргі уақытта 200 гектар жер­ге күріш, 35 гектарға мақсары, 5 гектар жерге бақша дақылдарын егіп отыр. Жалпы, отбасылық шаруа қожалығында 1263 гектар жер бар. Оның 400 гектары егістік бол­са, қалған 863 гектары жайылымдық жер. Ұлдары жылқы баптап, мал азығын дайын­даса, келіндері бие сауып, қымыз сапы­рып отыр. Осы күні 95 жылқысы, 105 сиыры өрісте жүр. Мал басын асылдандыру мақсатында Орал қаласынан асыл-тұқымды 2 бұқа сатып әкелген. Балалары әр саланың маманы болғанымен, әулетке ортақ шаруашылықтың жұмысын дөңгелетіп әкетуге септігін тигізіп отыр. Бүгінде қожалықта заңгер, механик, құрылысшы, тіпті, эколог та бар. «Еңбек етсең емер­сің» деген аталы сөзді өз ұрандарына айналдырған отбасы заман көшінен қалмай, алға ұмтылып келеді. Ен далада бір қауым ел болып отырған қожалық күн көзінен қуат алатын қондырғыны орнатып, оның күшімен күріш ақтайтын шағын цех ашып алған. Бүгінде ол толық қуатында жұмыс жасап тұр. Айтып отырғанымыздың барлығы дүние байлығы ғой. Әрине, мына өмірде ешкімге алақан жаймай, біреудің алдында мойның салбырап жалынышты болмай ғұмыр кешкенге не жетсін?! Бірақ Әбдімәлік ақсақалдың негізгі байлығы бұл емес. Ол – оның ұрпағы. Отанасы Бақтыгүл апа екеуі өмірге 10 ұл мен 1 қыз әкелген. Балаларының бәрі жоғары білім алған. Бүгінде бес келіні бар. Балаларынан 21 немере сүйіп отыр. Бақтыгүл Жұманқызы «Алтын алқалы» ана. Бүгінде барлығы бір шаңырақ астында берекесі тасып, мейманасы асып өмір сүріп жатыр. Балаларының барлығын жастайынан еңбекке баулыған. Соның арқасында шаруашылығы да тоқтамай жүріп тұр. 10 ұл мен 1 қыздың әкесі Әбдімәлік Сейітжанұлы жасы жетпіске келсе де, барлық шаруаны назарда ұстайды. Есейіп, ер жеткен балаларына күнделікті ақыл айтып, шаруаны тиянақты тындыруға кеңес беріп отырады. «Келін ененің топырағынан жаралады», деген сөз бар ғой. Бұл әулеттің келіндеріне дейін көпбалалы ана. Мысалы, үлкен баланың отбасында 7 бала бар. Ол үйдегі келін де енесі сияқты «Алтын алқаның» иесі. Одан кейінгі шаңырақта 6 бала құлдыраңдап өсіп келеді. Екінші келіні «Күміс алқа» алған. Ал үшінші баласында 5 бала болса, одан кейінгі үйде 3 немересі өсіп келеді. Байлық деген осы емес пе?! Елбасы «кәсіпкерлік атадан балаға ми­рас болып қалуы керек», деген еді. Сол айт­қандай, «Сейітжанов» шаруа қожа­лығы­ның жұмыс істеп жатқанына биыл 20 жыл толды. Әбдімәлік Сейітжанұлы өз қолымен құрған қожалықты бүгінде балалары жүргізіп жатыр. Болашақта бұл шаруашылық немерелерінің қолына өтеді. Міне, Елбасы айтқан сөздің Шиелі ауданында іс жүзінде орын алып жатқанын көріп отырмыз. Шиелі ауданы. Мақалалар топтамасын әзірлеген «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Ержан БАЙТІЛЕС.