Біріншісі – икемді жұмыспен қамтудың барлық түрін, соның ішінде платформалар арқылы жұмысқа тартуды формальды жұмыс деп тану қарастырылды.
Бұл өзгерістер негізінен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды әлеуметтік тәуекелдерден сақтандыруды, ал тәуекел болған жағдайда әлеуметтік қолдау көрсетуді қарастырады.
Осы мақсатта бұл санаттағы азаматтарды «тәуелсіз жұмыскер» деп атау, олардың жария шарттарын еңбек шарты ретінде тану, платформа операторларын салық агенті ретінде белгілеу сияқты жаңа тәсілдер енгізу көзделген.
Айта кететін бір жайт, енгізілетін оңтайлы режімдер бүгінгі «тәуелсіз жұмыскерлерден» қосымша тіркелуді қажет етпейді және оларға қосымша қаржылай жүктеме болмайды. Аударылатын жарналар олардың бүгінгі платформа операторларына аударып жүрген төлемдік пайыздарының есебінен жүргізіледі.
Екіншісі – жұмыс күшінің дағдыларын арттыру. Бүгінгі таңда дипломның болуы жұмысқа қабылдау кезінде біліктілік деңгейінің дәлелі бола алмайтынын мойындау керек. Сондықтан жұмыс берушілердің көпшілігі нақты тәжірибе болғанын талап етеді. Бұл жастардың жұмысқа орналасуына кедергі болып отыр.
Дағдылар мен құзыреттерді бағалау үшін сертификаттау жүйесі енгізіледі. Бұл негізінен еліміздегі жұмыс күшінің біліктілігін көтеру және жұмысқа қабылдауда қолданып жүрген еңбек өтілінің міндеттілігі жөніндегі шектеулерді қысқарту мақсатында қарастырылып отыр.
Үшіншісі – жұмыспен қамтудың цифрлық орталықтары. Бүгінде азаматтардың жұмыс іздеуі, жұмыссыз ретінде тіркелуі, жұмысынан айырылған кезде арнайы төлемдерге өтініш беру үдерістері толық цифрланып, Электрондық еңбек биржасы арқылы жүзеге аса бастады.
Осыған байланысты, аймақтардың ерекшелігін ескере отырып, өңірлік еңбек нарықтарын дамыту жөніндегі барлық бастамалар мен бағдарламаларды үйлестіретін өңірлік мобильді орталықтар және жұмыспен қамтудың цифрлық орталықтарын енгізу қарастырылып отыр.
Бұдан бөлек, Кодексте жаңа көші-қон саясатына да көңіл бөлінген. Оның мақсаты – Қазақстан экономикасын сұранысқа ие және білікті кадрлармен қамтамасыз ету. Мұнда да бірқатар мәселе шешімін таппақ.