Мәселен, 26 сәуір - 7 мамыр аралығына жоспарланған «WTA 1000» додасына Қазақстан теннисшілерінен еліміздің бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина, дүниежүзілік рейтингте 51-орында тұрған Юлия Путинцева қатысады. Рыбакина жарысты екінші айналымнан бастайды. Ол бұл кезеңде ресейлік Анна Калинская немесе чехиялық Бренда Фрухвиртованың бірімен кездеседі. Ал Ю.Путинцева алғашқы айналымда рейтингте өзінен төрт саты төмен тұрған америкалық Клэр Люмен шеберлік байқасады. Өткен жылы турнирде Рыбакина үшінші, Путинцева екінші айналымға дейін жеткен еді.
«ATP 1000» санатындағы ерлер бәсекесінде (25 сәуір - 6 мамыр аралығы) Қазақстанның бірінші, әлемнің 55-ракеткасы Александр Бублик рейтингте 100-сатыда орналасқан колумбиялық Даниэль Галанмен екінші кезеңнің жолдамасын сарапқа салады. Тимофей Скатов кеше іріктеу сайыстарындағы жорығын бастады. Ол италиялық Марко Чеккинатомен кортқа шықты.