- Бекарыстан мырза, отадан кейінгі жағдайыңыз қалай?
- Қазір отадан кейінгі үш күнге қарағанда жағдайым әлдеқайда жақсы. Ол кезде уақыт өтпейтіндей болып көрінетін. Жүріп-тұруымның өзі қиын болды. Аллаға шүкір, дәрігерлер, досым мен жұбайым маған жақсы күтім көрсетті, соның арқасында төсектен тез тұрып кеттім. Әйтсе де, кейде өзімді жайсыз сезінемін.
- Әсияның диагнозын қалай білдіңіздер?
- Сәбидің диагнозын анықтау қиын болды. Басында оған қате диагноздар қойылды. Әсия қараша айында дүниеге келді. Арада 10 күн өткеннен кейін, баланың ауырып, қиналып жатқанын байқадық. Наурыз айынан бастап Әсияны еліміздің мықты дәрігерлеріне қарата бастадық. Ақыры, олар бауыр циррозы диагнозын қойды. Одан кейін бізді Түркияға жіберіп, сол жақта ота жасалатыны айтылды.
- Донор болуға қалай келістіңіз?
- Басында үш адам келіскен, кейін екеуі денсаулығына байланысты бас тартуға мәжбүр болды. Сол мезетте мен барлық керекті анализдерді тапсырып, кішене салмақ тастап, талдау нәтижелері жақсы болғаннан кейін отаға кіріп кеттім.
- Ота жасалатынын білгенде бойыңызға үрей, қорқыныш сезімі ұялады ма?
- Әрине, қорқыныш болды. Жалпы, маған жасалған ота бес жарым сағатқа созылды. Менің ойымша, пышақ астына жатар алдында тек ессіздер ғана қорықпайтын сияқты. Сол кезде де жақын жандарыма айтып едім: бұрын адамдар соғысқа аттанғанда өздерінің аман қалуының екі талай екендігін түсінетін, ал сен біле тұра қарныңды жаруға, ішінен бауырыңды кесіп алуға рұқсат бересің. Мұны ойласам, әлі күнге дейін бойыма қорқыныш ұялайды. Бірақ бауырымды Әсияға беруден бас тартпайтын едім. Баланың өмірі қыл үстінде тұрғанда, менің қорқынышым түк те емес. Отаға кіріп бара жатқанда да, отадан шыққаннан кейін де қорқыныш сезімі сейіле қоймады. «Әрі қарай не болады?» деген сұрақтар жиі мазалады.
- Әсияның қазіргі жағдайы қалай?
- Қазір Әсия дәрігерлердің бақылауында жатыр. Оған жасалған ота алты жарым сағатқа созылды. Алдымен жансақтау бөлімінде жатып, кейін жеке палатаға ауысты, енді жағдайы ақырындап жақсарып келе жатыр. Десе де, 3 апта бойы ауруханада жатады. Үш аптаның ішінде барлық анализдері мен сараптама нәтижелері жақсы болса, аман-есен шығарылады. Бірақ тағы екі ай бойы түркиялық дәрігерлердің қадағалауында болады. Кейін қосымша тағы үш ай үлкен бақылауда жатады. Жалпы айтқанда, барлығы жарты жылдың ішінде белгілі болады.
- Ота жасау үшін қаражат жиналғанын естідік. Керекті сома жиналды ма?
- Керекті қаражат жиналды. Оның өзі қызық болды. 7 сәуір күні дәрігермен кездесіп, ота 17 сәуірде жасалатынын білдік. Сол күні түнгі сағат бірде дәрігер хабарласып, 8 сәуір күні болатын отадан бір отбасы бас тартып, бір орын босағанын айтты. «Егер келіссеңіздер, дәл қазір емханаға келіңіздер» деді. Сол уақытта бізге он миллион теңге жетпей тұрған, сөйтіп блогер Батыржан Ибрагимге хабарласып, оқиғаның мән-жайын түсіндірдік. Ол бір күннің ішінде 10 миллион теңгені жинап берді. Бұл қаражат тек отаға жұмсалды. Енді бізге қазір шамамен 7 миллиондай жетпей тұр. Әсияның емделуіне, дәрісіне, әрі қарай қаралауына қаражат керек. Оны өзіміз ақырындап жинап, ретін келтіруге тырысып жатырмыз. Қолыұшын созамын деген азаматтар болса мына нөмірге
8-775-396-18-46 ақшаларын жібере алады.
- Әсерлі сұхбатыңызға рахмет! Өзіңізге және Әсияға зор денсаулық тілейміз!