ANTIKOR • 25 Сәуір, 2023

Білім саласындағы жемқорлық: ANTIKOR Талдықорғандағы іске қатысты түсініктеме берді

482 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Асхат Жұмағали мен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев орта білім беруді қаржыландыру кезінде жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуге келісті, деп хабарлайды Egemen.kz ANTIKOR баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Білім саласындағы жемқорлық: ANTIKOR Талдықорғандағы іске қатысты түсініктеме берді

Мұндай шешім ANTIKOR мен Оқу-ағарту министрлігінің бірлескен отырысында қабылданды.

Бұған білім беру саласындағы түрлі сыбайлас жемқорлық қылмыстардың жиілеп кеткені себеп болды.

Тек соңғы 3 жыл ішінде білім беру саласында 300-ден астам жемқорлық құқық бұзушылық тіркелді, тергеу жұмыстары барысында 200-ге жуық адамның қылмыстық әрекеттері әшкереленді.

Сыбайлас жемқорлық сипаты бар қылмыстардың көбі Шымкент қаласына, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Қызылорда облыстарына тиесілі. Қызылорда, Ақтөбе облыстары мен Талдықорған қаласының білім беру саласының қызметкерлеріне қатысты соңғы резонанстық істер елеулі жемқорлық схемаларының бар екендігін растайды.

Алдын ала зерттеу барысында қаражатты ұрлау бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру сатысында жүретіні анықталды.

Бұл ретте мектептердің, білім бөлімдерінің жауапты қызметкерлері және басқа да адамдар сөз байласады.

Қаржыландыруды алғаннан кейін қаражат қалалық, аудандық білім бөлімдеріне бөлінеді, ал үнемделген сома еңбекақы төлеу қорына аударылады.

Тергеудің нұсқасы бойынша мұндай тәжірибе Талдықорған қаласының білім бөлімінің бас бухгалтеріне «өлі жандарға», үлестес тұлғаларға есептеу арқылы 2 млрд теңгеге жуық ақша ұрлауға мүмкіндік берді. Тінту барысында күдіктіден 1 млрд теңге сомасында ақшалай қаражат табылды және тәркіленді, оның едәуір бөлігі шетел валютасында болды.

«Мұндай құқық бұзушылықтар бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру тетіктерінің жетілмегендігі, білім беру қызметкерлерін орталықтандырылған есепке алудың болмауы және осы процестерді цифрландырудың жеткіліксіздігі нәтижесінде мүмкін болды», деп атап өтті Асхат Жұмағали.