Театр • 25 Сәуір, 2023

Мағжан мен Зылиха махаббаты – корей сахнасында

425 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алашқа адал қызмет еткен арда арыстардың алыста қалған қасіретті тағдырын сахна тілінде суреттеу қадамының қайсысы да көрермен тарапынан ықылассыз қалған емес. Поэзиясында махаббатқа айрықша орын беріп, сезім мен сүйіспеншілікті тамылжыта жырлаудан талмай кеткен Мағжан Жұмабаев пен жан жары Зылиханың махаббатын баяндаған Алматыдағы Мемлекеттік Корей музыкалық драма театрының «Әйел махаббаты» спектаклі жиналған көпұлтты көрерменнің көңілін бір-ақ сәтте баурап алды. «Көзбен көріп, ішпен білетін» махаббаттың тілін түсіну үшін тәржіманың керегі де жоқ. Бастысы, әйелдің мөлдіреген таза сезімі бар, маздаған от, жарға деген адалдық бар.

Мағжан мен Зылиха махаббаты – корей сахнасында

Бұл спектакль 2013 жылы Елена Ким мен балетмейстер Анита Цой екеуінің бірігіп қойған дебюттік спектаклі бола­тын. Арада он жыл өткенде Мағжан Жұмабаевтың биылғы 130 жылдық мерейтойына орай жас режиссер Екатерина Пен осы спектакльді аз-кем өзгеріспен қайта жаңғыртып сахналады. Пьеса­ның авторы – белгілі жазушы-драматург Жұмагүл Солтиева. Композитор Георгий Юн спектакль үшін арнайы музыка жазып, зұлмат жылдардың шерін кейіп­керлердің қасіретті тағдырымен үйлесімді өрнектейді.

Қойылым алғашқы көріністен-ақ талмау тұстан қармайды. 1930 жылдардағы үзіліссіз-үздіксіз жүргізілген саяси нау­қан­ның салқыны Мағжанның отбасын да айналып өткен жоқ. Кешіккен жарын күтіп, азынаған суық үйде бүрісіп жатқан Зылиханың жалғыз ермегі – ой. Екеуі де қуғында, кез келген сәтте алды-артына қаратпай алып кететін қорқаулардан Зылиха да қашып құтылмақ емес.

Режиссердің спектакльге тұрмыстық сипат беруден толықтай бас тартқаны бірден байқалады. Пьеса мистикалық драма жанрында қойылған. Мистика, қиял араласқан жерде спектакльдің пішіні символизммен араласып, өзгеше қалыппен құйылатыны белгілі. Режиссер Екатерина Пен сахналық минимализмге ден қойған. Басына қайғының қара бұлты үйірілген Зылихада үлде мен бүлдеге оранатындай оңды жағдай қайдан болсын. Мағжан өмір сүрген кезеңнің тынысын сездіретін бутафориядан бір белгі жоқ, декорация атаулыдан сахнаның дәл ортасына қойылған жалғыз темір төсек қана ақын жарының жұпыны өмірінен, сұрқылтай заманның сұмдығынан хабар беріп тұр. Сахнадағы кеңістік екіге бөлінген: кейіпкердің ішкі жан дүниесінің иллюстрациясы және кешегі күнді еске алып, өткеннің шырмауынан шыға алмайтын тұйық шеңбер. Бас кейіпкер де екіге жарылған – бір Зылиханың рөлін екі актриса ойнай­ды. Иығында қасіретті жылдардың жүгі бар ақыл тоқтатқан Зылиханың ішінде Мағжанның жүрегіне шоқ тастаған ақ көйлекті отты жас ару отыр. Бүгінгі Зылиха мен кешегі Зылиханың арасын уақыт­тан тысқары байланыстың көзге көрінбес нәзік жібі жалғап тұр.

Мұң иектеп алған Зылиха арпа­лыс­­қан ойдың құрсауынан шыға алмай, уайымның тереңіне түсіп кеткен. Мағжанға деген сағынышымен, адал махаббаты, азапты халімен жалғыз өзі бетпе-бет қалған. Өзімен өзі сөйлесе­ді. Өзіне мың мәрте сұрақ қойып, бір рет те жауабын таба алмай қиналған әйелдің жан азабы ауыр. Қаумалап келіп қылғындыратын азапты ойдан Зылиха жынданып кеткен бе дерсің. Бірақ ол жынды емес. Адам күні-түні өткен өмірін ойлап, қыр соңынан қалмай, өкшелеп қуған елес­пен жекпе-жекке түсіп, ұзақ уақыт бойы үрей мен уайымның тұңғиығынан шыға алмаса, сана қарсылығы да күшейе түседі. Қажыған, ашынған Зылиханың ішінде отырған жас Зылиха өзі сұлу, өзі жас, еркін әрі тегеурінді. Өткір. Батыл. Шын­дықтың жүзіне шімірікпей тура қарайды. Сүйген адамының соңынан ормандар мен көлдерді кесіп өтіп, жарының жанынан табылған Зылиха – нағыз махаббат қаһарманы. Мағжанның өлеңде­рін жинап, бастырып, сақтап, кейінгіге жет­­кізген ерлік иесі. Бір адамның екі­ге жа­рылуы, Зылиханың рөлінде екі актри­са­ның ойнауы – режиссердің тосын шешімі ғана емес, кейіпкер образын толықтыра түсетін ұтымды тәсіл. Жас Зылиха – бұл кексе тартқан Зылиханың өзі­не сырт көзбен, сын көзімен қарағаны. Ішкі жан дүниесінің дауысы, кеудесіне жинап алған күмбір ойы, альтер – эгосы. Олар бір-біріне ұқсамайды, әртүрлі, бірақ бір адамның болмысын құрайды. Өмір мен өлімнің ортасында тұрғанда да олар бірін-бірі қайрап, қолдап, қорғап тұр. Махаббат үшін, Мағжан үшін отқа жанып, суға батуға дайын. Мағжанның со­ғып тұрған жүрегінің әр ырғағын терең ты­ныспен қабылдайтын Зылихада еріне адал ниетімен қызмет етуден басқа арман жоқ. Өмірі тарту еткен көп мүмкіндікті Мағжан үшін құрбан еткен. Мұндай махаббат иесі бүгінде сирек. Сол сиректі біз Наталья Ли мен Евгения Юнның дуэ­тінде көріп, шын сезіндік. Мағжан мен Зылиханың махаббатын тарқатқан оқиға­дағы маңызы бар көп деталь пластика, би тілімен, жарық күшімен жеткізілді. Корей театры режиссерінің бұл көркем тәсілін жалпы театр режиссурасындағы соны жаңалық ретінде қабылдауға болады.

Спектакльде Мағжанның өлеңдері қазақша оқылды. Мағжанның рөлінде ойнаған Борис Югай орыс тілінде сөй­леп жүріп, кенет өлеңді қазақ тілінде оқи бастады. Тілі – таза, екпіні – салмақты, мәнері – қоңыр. Қазақ па дерсің. Түсініп, жүрекпен оқиды, Мағжанның рухын жеткізу үшін жауапкершілікпен қара­ғаны байқалады. Спектакльдің орыс-қазақ тілінде, корей-қазақ тілінде дайын­далғаны көрермен үшін қолайлы болды. Себебі корей тілінен ғана емес, кез келген бөгде тілден тәржімалаудың да, қа­былдаудың да өзіндік қиындығы болады. Мұндайда төгіліп, тамылжып тұрған тіл бояуының түсі солғын тартпай қой­май­ды. Сондықтан көрерменге түсінікті болуы үшін премьера орыс-қазақ тілінде ұсынылды.

«Әйел махаббаты» спектаклі Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен халық­аралық фестивальге де қатысып қайтты. Гастрольдік сапар кезінде «Әйел махаббатын» тамашалаған жан-жүрегі нәзік корей көрермені талғаммен қойылған сахна жұмысына жоғары бағасын беріп, таңдай қаққан екен.

– Мағжан ақынның жанына жалау болған Зылиха апамыздың өмірінен шер­тілген әңгіменің бір үзігі ғана бұл. Корей театры сахналап отырған бұл спектакль өз заманынан озып туған барлық Алаш ардақтыларының жанкешті жарына ар­налған ескерткіш деп білемін. Зылиха апа­мыздың ері үшін көрмеген қорлығы жоқ. Шала сауатты қазақ әйелінің ерінің соңынан Карелияға он төрт рет іздеп барғаны ерлікпен пара-пар. Ел ішіндегі қиын жағдайға қарамай, Мағжанды босатып алу үшін сонау Мәскеуге барып, Максим Горькийдің әйелін іздеп тауып, онымен кездесіп, жай-жапсарды баяндайды. Горькийдің араласуымен барған шаруасы сәтті шешіліп, 1936 жылы ері­мен бірге елге оралады. Бүгінгі көріп отыр­ғандарыңыз сол 1936 жылдың 31 жел­тоқсаны, жаңа жыл алдындағы ең қаһар­лы, ең ауыр күннің оқиғасы болатын, – деді Корей театры әртістеріне алғысын білдіріп, ағынан жарылған драматург Жұмагүл Солтиева.

Мемлекеттік Корей музыкалық драма театрының қазақ драматургінің шығармасын сахналап, ұлтымыз үшін қастерлі Алаш қайраткерінің көркем бейнесімен өз көрерменін таныстырғаны басқа театрларға үлгі болса, құба-құп. Театр өнерінде ілгерілетіп әкетуге тұра­тын ірі қадам, жалғасын күтетін жақсы жобаның ғұмыры ұзақ болғай.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024