Қоғам • 26 Сәуір, 2023

Статистикаға сенсек орташа жалақы Еуропадан кем емес - депутат

616 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Депутат Елнұр Бейсенбаев Мәжіліс отырысында статистика мәліметтері мен шынайы көрсеткіштердің сәйкес келмейтінін айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Статистикаға сенсек орташа жалақы Еуропадан кем емес - депутат

Елнұр Бейсенбаев статистика бюросы мәліметтеріне сенсек, орташа жалақы Еуропадан кем емес екенін айтады. Сондай-ақ ол аспандап тұрған азық-түлік бағасына тоқталды.

«Дәл қазір қазақстандықтардың басты проблемасы азық-түлік бағасының шарықтауы. Қымбатшылық қарапайым халықты алқымдап тұр. Бірақ ұлттық статистика бюросы 10 жұмыртқа 490 теңге, айранның литрі 390 теңге, пияз 182 теңге ал қияр мен қызанақ бағасы 1000 теңгенің көлемінде дейді. Ал шын мәнінде баға бұдан бір жарым есе қымбат», деді ол.

Сонымен қатар депутат статистика цифрларына қарапайым халықтың сенбейтінін айтты.

«Ең төменгі жалақы 70 мың теңгені құрайтын қоғамда орташа жалақы одан 5 есеге көп болуы мүмкін емес. Оған қоса осыдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысы халқымыздың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайтынын көрсеткен болатын. Яғни инфляцияның өсуі экономикалық тәуекелдердің артуы жағдайында халық табысы күрт артты дегенге ешкім сендейді», деді Е. Бейсенбаев.