Құқық • 26 Сәуір, 2023

Отыз жыл әділдік іздеу

279 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Осыдан тура бір жыл бұрын «Egemen Qazaqstan» газетіне «Құлжаның» қандай кінәсі бар?» деген мақаламыз жарияланған еді. «Құлжа» деп отырғанымыз – Тараз қаласындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірі. Серіктестік директоры, еңбек ардагері Аманқұл Нысанбаев редакциямызға хат-қағаздарын арқалап бірнеше рет келді. Жақында Тараздан тағы бір бума қағазымен қоса «Сіздерді қайта мазалағаныма кешірім сұраймын» деп басталатын үш беттік өтініш-хатын жолдапты. Жасы сексеннен асқан Аманқұл ақсақалдың құқық қорғау органдарының есігін қағып, табалдырығын тоздырып жүргеніне отыз жылдан асыпты. Отыз жыл бойы әділдікке жете алмаған «Құлжаның» екі ісі де әлі күнге дейін тығырыққа тіреліп тұр.

Отыз жыл әділдік іздеу

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ширек ғасырдан астам уақыт бойы сот пен прокуратураның бір-біріне сілтеген ресми хаттарына әбден тойған Аманқұл қария «жемқорлар пайдаланып кеткен адал малымызды кері қайтарамыз деп жүргенде қисая қалмасақ болды», дейді ащы кекесінмен. Қария енді Әділетті Қазақстанға үміт артып отырғанын да жасырмады. «Қазіргі саясаттың талабы өзгеріп жатыр ғой. Әділдік орнатамын деген бетбұрысы да жаман емес. Өкінішке қарай, бұрынғы жұмыс тәсілін өзгертпеген сол баяғы құқық қорғау органдары ғана. Олар әлі де ескі тәсілмен жұмыс істеп келеді. Біздің екі даулы ісімізде де сыбайлас жемқорлықтың салдарынан тоқтап тұр. Құқық қорғау органдары өз заңсыздықтарын әшкерелемес үшін осы істердегі негізгі қылмыстық әрекеттерді ескерусіз қалдырып отыр», дейді ол.

Аманқұл ақсақал айтып отырған даулы істің бірі 1992 жылы болған. Сол жылы «Құлжа» Таразда құрылыс мекемесіне қажетті заттарды шығаратын кішігірім завод құрмақшы болып Мәскеу қаласындағы «Элитрон» серіктестігімен келісімшартқа отырады. Шарт бойынша ақшасы төленген соң олар қажетті құрал-жабдықтарды өздері әкеліп орнатып, зауытты жүргізіп беретін болған. Шарт талабын орындау үшін серіктестік Тараз қаласындағы «Таим-Банктен» несие алып, қаржыны Мәскеу қаласына аудармақ болады. Алайда банк ол кезде жаңадан ашылғандықтан ақшаны Ұлттық Банктің Жамбыл облысындағы филиалына өткізеді. Жамбыл филиалы ақшаны 1992 жылдың 24 қаңтарында №100 төлем қағазымен 1 300 000 сом көлемінде Мәскеуге аудардық деп хабарлайды. Бірақ ақша «Элитрон» серіктестігіне жетпей екі ортада жоғалып кетеді. Бұл ақша Ұлттық Банктің №25010/58 анықтамасына сәйкес сол кезде 1 доллар 55 теңге болғанда 2 342 764 долларына тең кішігірім зауыт салуға жоспарланған қомақты қаражат еді. ҚР Жоғарғы кеңесінің 1993 жылғы 30 қаңтардағы №1945-ХІ қаулысына сәйкес Жамбыл филиалы ақшаны тиісті жерге 12 күннің ішінде жеткізіп беруге, ал жеткізе алмаған жағдайда қабылданған ақшаның көлемінен әрбір кешіктірілген күнге 0,5 пайыз айыппұл төлеуге міндетті болған. Бірақ екі ортада қомақты қаржы ұшты-күйлі жоқ болып кетеді.

«Сол уақыттан бері бізге келтірілген шығынды Жамбыл филиалынан өндіріп алу мақсатында талай рет сотқа жүгіндік. Бірақ сот бұл істі қарау үшін алдын ала баж салығын төлеуімізді талап етіп, талап-арызды қарамастан кері қайтарып берді. Барымыздан айырылып қалған бізде қайдағы ақша?! Бұл салықты төлеуге қауқарымыз болмады. Ал Бас прокуратура біздің мүддемізді қорғап, сотқа талап-арыз беруден бас тартып, бұл іспен тек сотқа жүгіну керек екендігін көрсетіп 7 рет ақыл айтқан хат жіберді. Бірақ бұл хаттардың құқығымызды қорғауға еш септігі тиген жоқ», дейді амалы таусылған ақсақал.

Серіктестік ақшаны өз бетінше іздеп, Ресей үкіметінің көмегімен 10 жылдан кейін, яғни 2012 жылы тауып та алған. Сөйтсе, Жамбыл филиалы ақшаны Мәскеуге екі жылдан кейін, яғни 1994 жылы 18 қаңтарда жіберген екен. Бірақ бұл туралы құлжалықтарға хабар бермеген. Мәскеу қаласындағы «Фонон» банкінің хабарлауынша, ақшаны түскен күні «Элитрон» серіктестігінің есепшотына аударылған. Ал «Элитрон» «Құлжамен» жасалған келісімшарт бұзылып кеткендіктен ақшаны алып, мекенжайын ауыстырып, басқа жаққа кетіп қалған.

Бұл даулы іс бұрын сотта дұрыс қа­ралмаған, прокуратура да оның ақ-қара­сын тексеріп көрген емес. «Ал істің ақи­қатына жету үшін оны міндетті түрде сот­қа қарату керек. Біз баж салығын төлей ал­мағандықтан, бұл істі өзіміз сотта қарата ал­маймыз. Осыған орай көмек сұрап Бас про­куратураға жүгіндік. Бас прокуратура өткен жылы бізді ресми хатпен Жамбыл облысының прокуратурасына жұмсады. Ал Жамбыл облыстық прокуратурасы ісіміз азаматтық-құқықтық қатынастар­ға жатпайды деп сотқа қаратуға талап-арыз беруден бас тартты», дейді мән-жайды түсіндірген қария.

Алайда облыстық прокурордың бұл шешімімен келісуге мүлдем болмайды. Себебі бұл іс бұрын Тараз қа­ла­лық сотында және Жамбыл облы­сының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасында қаралған. Ақша аударымынан шыққан дау мүліктік, шарттық және азаматтық құқықтық қатынастардан туын­дағандықтан және талапкер мен жауапкер заңды тұлғалар болғандықтан іс Жамбыл облысының экономикалық сотына қаралуға жатады. Бұл жөнінде облыстық судьялар Г.Байқұлова мен Д.Нұр­лыбаева арнайы сот ұйғарымдарын да шығарған. Соған байланысты бұл іс Жамбыл облысының мамандандырылған экономикалық сотында қаралады. Бірақ баж салығының төленбеуіне байланысты судья Б.Сәрсенбиева істі кері қайтарып жіберген. «Міне, осылай, отыз жылдан бері бітпейтін бір хат алмасу, бір-біріне сілтеген ұйғарым, нәтижесі жоқ нұсқаулар... Жасым 80-нен асты. Жүрегіме операция да жасаттым. Жаныма медеу болып жүрген апаң да төсек тартып жатып қалды. Өстіп сот пен прокуратураның ортасында құқығымды қорғаймын деп сенделіп енді қанша жүрерімді кім білсін?», дейді әділдік із­деймін деп әбден қажыған қария.

«Құлжаның» түйіні тарқамай келе жатқан екінші даулы ісі де күрделі. Се­рік­тестіктің Өзбекстаннан өз қаража­тына сатып алып, «Достық» бекетінде Қытайдың «Синь-Дянь» компаниясына сатуға дайындап қойған 2 вагон мақтасын кеден қызметкерлері өз беттерінше «Сиюй» фирмасына беріп жіберген. Осы дау 1998 жылы 20 мамырда Алматы қалалық сотында қаралғанда судья істің мән-жайымен таныспастан «Құлжа» ЖШС-ны өзбек пен қытайдың арасындағы «делдал» ретінде көрсетіп, талап-арызды қанағаттандырусыз қалдырған. «Сол әділетсіз сот шешімінің кесірінен әлі күнге дейін «Құлжа» адал еңбегінің құнын қайтара алмай отыр. «Достық» бекетінің қызметкерлері 2 вагон мақтаның ақшасын өздері пайдаланып кетті. Өткен жылы Бас көлік прокурорының орынбасары А.Тұрсынбеков және Бас прокуратураның 3-қызмет бөлімінің прокуроры Дәулет Деріпсалды тексеру кезінде «Құлжаның» ортадағы «делдал» емес, 760 тонна мақтаның толық егесі екендігін анықтап берді. Мұны Бас прокуратура да мойындап, С.Нұрпейісов өткен жылғы хатында да нақты көрсетіп отыр. Соған қарамастан 1998 жылы 20 мамырда шыққан сот шешімі қайта қаралмастан 2 вагон мақтаның ақшасы бекеттің жемқор қызметкерлерінің жемсауында кетті. Екі ортада қаңтарылып тағы «Құлжа» қалды. Қай кезде де ақи­қаттың ақ-қарасы анықталмаса, ол дау­дың тоқтамайтыны шындық. Ендеше, Бас прокуратура бұл істі сотқа қайтадан қаратудан неге қашқақтап отыр? Осы­дан 25 жыл бұрын өтірік қабылдан­ған сот шешімін бұзып, «Достық» бекеті­нің жемқорларынан «Құлжаның» ақы­сын өндіріп, даулы істі неге түбегейлі ше­шіп бермейді?», дейді қария. Еңбек ардагері «Осы даулы істердің түбегейлі шешілуіне «Egemen Qazaqstan» ықпал етсе» деген өтінішін жеткізді. Отыз жыл бойы ақ-адал еңбегінің өтеуін талап ете алмай жүрген Аманқұл ақсақалдың «Сонда біздің құқығымызды кім қорғайды?» деген сұрағын біз жауапты органдарға – Жамбыл облысының маманданды­рылған экономикалық сотынан бастап Бас прокуратураға жолдауымызға тура келеді.

Бір нәрсе анық. Сөз басында сексеннен асқан қарияның Әділетті Қазақстанға үміт артатынын айттық. Алайда құқық­тық әділетсіздік белең алған қоғамда билік пен халықтың арасы алшақтай беретіні анық. Өйткені әділдікке қол жет­кізе алмаған қарапайым жұрт орындалмайтын заңнан қайыр күтпейді. Кейінгі 2-3 жылдан бері азаматтардың конституциялық құ­қықтарын қорғау жүйесін күшейту туралы биік мінберлерден жиі айтылып жүр. Алайда сот және құқық қорғау жүйесіндегі реформалардың нәтижесі осындай қарапайым халықтың құқығын қорғаудан көрінуі керек. Әйтпесе отыз жылдан бері жиналған хат-қағаздарын қол­тықтап, құқық қорғау органдары­ның бір есігінен екіншісіне кіріп, бір-бірі­не сілтегеніне көніп келген қарияның қа­зіргі күйі мінберде айтылған сол сөз­дерге мүлде қарама-қайшы көрініс.