Экспорт • 27 Сәуір, 2023

Астық алыпсатарлары немесе «Сұр схеманың» жолы кесіле ме?

250 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Астық контрабандасымен күрес аясында жуырда ел аумағына алты ай мерзімге автокөлікпен бидай әкелуге тыйым салынған болатын. Десе де салалық қауымдастықтар астық жүктерінің шекарасынан өтуге тиісті қызметтер бұл бұзушылықтарға көз жұма қараған жағдайда ғана мүмкін болады деп есептейді.

Астық алыпсатарлары немесе «Сұр схеманың» жолы кесіле ме?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Соңғы бірнеше жылда отандық астық нарығы шекаралас елдерден бидайдың контрабандалық импорты салдарынан шығынға ұшырап келеді. Мамандардың мәліметінше, «сұр импорт» көлемі жылына 1,5-2 млн тоннаға жетсе, мемлекетке келтірілген жалпы шығын жыл сайын 500 млн доллар мөлшерінде есептелген. Бұл ішкі нарықтағы бағаға әсер етуде. Мысалы, былтыр шілде айынан бастап бидайдың құны тоннасына 170-185 мың теңгеден 80-85 мың теңгеге дейін төмендеген. Бұл отандық бидайды экспортқа сатуға кедергі келтірді. Сондай-ақ фермерлерге өз өнімдерін жақсы баға­мен сатуға мүмкіндік бермей, ішкі нарық­қа қысым жасады.

Бидай импортының «сұр схемаларына» еліміздің шекаралас өңірлері жиі тартылып жүр. Заңсыз астықты қабылдау мен транзит Павлодар облысында, сондай-ақ Ресеймен шекаралас Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында көп тіркелді. Әкелінген бидай ҚҚС төлемей шаруа қожалықтарына және жасырын кері экспорт түрінде ресімделіп, транзиттік тариф төлеместен Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға жол тартады. Мысалы, Қаржы мониторингі агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті өңірдегі серіктестіктердің бірі 2021-2022 жылдар аралығында Өзбекстан, Ауғанстан және Тәжікстанға 1 млрд теңгеден астам сомаға 8,3 мың тонна көлемінде ресейлік контрабандалық астықты экспорттағанын анықтады. Же­ңіл­дікті экспорттық тарифті алу мақ­са­тында компания отандық ауыл шаруа­шылығы тауарын өндірушілердің, шаруа қожалықтарының отан­дық шығу тегін растайтыны жал­ған шот-фак­ту­ра­ла­рын пайдаланған. Тран­зиттік тарифтен жалтарған компания «ҚТЖ – Қазақстан жүк тасымалы» серік­тес­тігіне де 150 млн тең­геге жуық шығын келтірген.

Ақтөбе және Батыс Қазақстан об­лыс­тары астықты өлке болып саналмайды. Осы аймақтарда жиналған өнім әрқа­шан өз қажеттіліктері, соның ішінде тұ­қым ретінде пайдалану үшін қал­ды­ры­лады. Ал жетіспейтін көлемі елдің сол­түстік аймақтарынан сатып алынады. Алайда нарық қатысушыларынан түскен ақпаратқа сәйкес, осы өңірлерде кенеттен «экспорттық әлеует» пайда болып, олар басқа өңірлерге астық жет­кі­зу бо­йынша донорға айналған. Бұл фак­ті­лер­дің барлығы көрші елдерден астық импортының «сұр» схемаларының орын алғанын көрсетеді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша, 3,5 млн тонна көле­мінде астық пен ұн экспортын, сон­дай-ақ 3,6 млн тонна шегіндегі ішкі тұ­­ты­нуды ескере отырып, елімізде  биыл 1 қыркүйекке дейін 3,8 млн тонна көле­мін­де астықтың ауқымды ауыспалы қоры қалуы ықтимал. Әкімдіктердің ақ­паратына сәйкес, дәнді және дәнді-бұр­шақты дақылдарды егудің болжамды ауданы ‒ 16,2 млн гектар. Бұл алқап көлемі ішкі нарықты, сондай-ақ дәнді да­қылдарды дәстүрлі көлемде экс­порттау­ды қамтамасыз ету үшін жет­кі­лік­ті.

Осылайша, шұғыл іс-шаралар қа­был­­дан­ба­ған жағдайда астықтың көп мөл­ше­рінің отандық бизнес үшін салдары болуы мүм­кін. Өйткені астық алыпсатарлары мемлекет пен заңды бизнеске, оның ішінде фер­мерлерге орасан зиян келтіреді. Ай­та­­лық, елдегі астық түсімінің нақты статистикасының бұрмалануы кесірінен бидайды өндіру мен тұтынудың теңгерімін қалыптастыру мүмкін болмайды. Ал бұл көрсеткіштер болмауы көршілердің сұранысының артуы кезінде Үкіметтің қобалжып, экспортқа тыйым салулар мен шектеулер енгізуіне итермелейді. Ал бұл көпжылдық сауда қатынастарының бұзылуына және нарық қатысушыларының пайда тапшылығына әке­леді. Сонымен қатар бюджетке де мін­детті салық аударымдарының түс­пеуі, темір жолдарымен транзиттік мөлшерлемелерден кірістілік толық алынбауы, осындай бидайдан ұн тартатын адал сатып алушыларға ҚҚС-ны қосымша есептеу сияқты ілеспе мәсе­ле­лер де туындайды. Соңында арзан контра­бандалық астық біздің Орталық Азия мен Ауғанстандағы сатып алушыларымыз үшін маркет-мейкерге айналады. Мысалы, «Сарыағаш» стансасындағы «сұр» бидай заңды бидайға қарағанда, 5-10%-ға арзан ұсынылады, сөйтіп, сатып алушы қазақстандық астықпен жұмыс істейтін трейдерлерден де жеңілдіктер талап ете бастайды. Олар осы шарттарға баруға мәжбүр, әйтпесе, сауда-саттық тоқ­тап қалады. Тек импортқа ҚҚС бо­йынша астықтың көлеңкелі айналымына төленбеген салық сомасы жыл сайын 27 миллиард теңгеден (57 миллион доллар) астам болуы мүмкін. Транзиттік тарифті төлемеуден 1,7 млн тонна астықты заңсыз әкелу мен транзитінен «ҚТЖ» шығыны жыл сайын 40,2 млрд теңгеге (85 млн доллар) есептеледі. Қазақстан астықтың әр тоннасынан 50 доллар жоғалтады.

Осы ретте салалық қауымдастықтар Ресей – Қазақстан шекарасы арқылы өтетін «сұр» астық ағынының жолын кесу жөнінде өз ұсыныстарын дайындады. Әрине, мұнда басты мәселе ‒ сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес. Астық өңдеу­шілер одағы мен Астық одағы біздің елге Ресей бидайын және басқа да азық-түлік тауарларын әкелуді бақылау бойынша бірнеше жауапты органдардың қаты­суы­мен ведомствоаралық штаб құру­ды ұсынады. Астықты бақылаудың арнайы цифрлық жүйесі де ашықтыққа көмектеседі. Контрабандашылар шекарадан өту үшін қандай айла-тәсілдерге баратынын да бақылау қажет. Мысалы, бұл жүк көлігінің немесе вагонның нор­­мативтік сыйымдылығы 50-100%-дан асатын автомобиль және теміржол көлі­гі­нің шамадан тыс жүктемесі. «Сұр импорттың» түсімін азайту үшін бидай импортын, ең алдымен ҚҚС төлемей автомобиль көлігімен әкелуді шектеуді күшейту қажет. Тұтастай алғанда, қолға алынған іс-шаралардың бәрі ықпалды болуы, астық нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға әсер етуге тиіс.