Қаншама көрермен назарын өзіне аударған «Алға, Перербург» ютуб арнасы Димаш Құдайберген жайлы, сондай-ақ қазақ мәдениеті мен Қазақстанның жетістікке жеткен азаматтары туралы дерек ұсынады.
Жоба авторының айтуынша, бұның барлығы Димаш Құдайбергенді танығаннан кейін басталған.
«Димашты I’m a singer жобасында көрдім. Қытай азаматтары оның өнері мен талантына тамсанып жатты. Содан кейін оның видеолары танымал бола бастады. Димаш туралы түсірген видеоларым көп қаралым жинады. Мен көпшіліктің Димаш туралы білгенін қаладым. Нәтижесінде 500 миллион адам көрді», дейді Иван Червинский.
Бүгін жоба авторы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясының отырысында президент алғысының иегері атанып, сөз сөйледі.
«Мен Қазақстанды 2017 жылы Димаш Құдайберген арқылы таныдым. Содан бері мен Қазақстан жайында 4 мыңнан астам репортаж бен фильм түсірдім. Өзім де қазақ мәдениеті мен қазақы рухты әбден сезіндім. «Мен қазақпын» деп айтсам да болады. Бұл ел маған мыңдаған дос тауып берді. Барлығы көмегін аямайды. Сол үшін де алғыс білдіремін. Менің қазақ мәдениеті мен спортына шын жүректен арнаған туындыларымды жоғары бағалап жатқан барша қазақ халқына зор алғыс айтамын.
Құрметті Президент, бүгінде Қазақстан түрлі салада жетістіктерге жетіп жатқанына өте қуаныштымын, әсіресе, жастардың жетістігіне ерекше қуанамын. Қазақстан әлі талай белесті бағындыратынына сенімдімін. Басқа мемлекеттердің де Қазақстаннан үйренері көп деп ойлаймын. Мәселен қонақжайлылығы, толеранттылығы мен мәдени жан-жақтылығы - көпке үлгі. Мен Қазақстан туралы әлем елдерінің білгенін қалаймын. Мен Қазақстанды жақсы көремін!», деді ол.