Қоғам • 27 Сәуір, 2023

Ер Кейкі – ел есінде

364 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай университетінде филология ғылымдарының докторы, профессор Алмасбек Әбсадықтың Кейкі батыр туралы жаңа жинағының тұсауы кесілді.

Ер Кейкі – ел есінде

Ғылыми-танымдық мәні зор іс-шараға өңір зиялылары, университет оқытушылары мен студенттер қатысты. Салтанатты рәсімге онлайн жүйесінде қосылған белгілі тарихшы Бүркітбай Аяған, Назира Бәкірқызы сынды ғалымдар жаңа жинақты жоғары бағалап, авторға жылы лебіздерін білдірді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Ал­масбек Әбсадықтың жетекшілігімен «Кейкі батыр ізімен» экспедициясы ұйым­дастырылған болатын. Торғай­дағы ұлт-азаттық көтерілісінің бас сар­дары Аманкелді Имановтың 150 жыл­дығы аясында жарық көрген жаңа жинақтың «Таным» деп аталатын алғашқы бөліміне сол ғылыми-таным­дық сапардың материалдары еніп отыр. Экспедиция мүшелерінің сөзіне қарағанда, Кейкі Көкембайұлының ерлік ғұмырнамасына қатысты біршама тың деректер қамтылған еңбек 3 мың дана болып шыққан.

– Сапар барысында біз Аман­кел­ді, Жангелдин аудандарында болып, кө­не­көз қариялардың аузынан бір­ша­ма деректерді жазып алдық. Ақса­қалдардың айтуынша, Торғай үшін болған кескілескен шайқаста Кейкі батыр мергендер жасағын басқарып, үлкен ерлік көрсеткен. Бекініске мықтап бекініп алған пулеметшілер оқты қардай боратып, көтерілісшілерді алға бастырмай қойған. Аманкелді сарбаздарын бұл тығырықтан алып шыққан нәрсе – Кейкінің мергендігі, ерлігі. Қол мерген басқарған жасақ пулеметшілерді алыс­тан атып түсіріп отырған. Содан бастап Кейкі батыр атанған, – дейді жинақтың авторы Алмасбек Әбсадық.

«Ер Кейкі – ел есінде» кітабының «Тағзым» деп аталатын екінші бөліміне азат даланың ат үстінде қасқайған күйі оққа ұшқан ең соңғы жауынгерінің ерлік дәстүрін зерделеп жүрген ғалымдар мен қаламгерлердің еңбектері енген.

Жинақ барлық өңірлердегі кітап­ханаларға таратылатын болады.

 

Қостанай облысы