Lesson Study әдісі бірнеше мұғалімнің сабақты бірлесе дайындап, әрбір оқушының қарым-қабілетіне, сұранысына сай білім беруге бағытталған. Сонымен бірге мұғалім оқытудың арнайы әдістемесін әзірлеп, оны зерттеу барысында үйренген тың тәсілдерін коучинг, демонстрациялық сабақтар негізінде бір-біріне үйретеді. Бүгінде еліміздің барлық мектебінде осы технологияны үйрететін жаттықтырушылар штабы құрылған.
Іс-шараның ашылуында Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов жиынның маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Одан кейін сөз алған «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин аталған әдіске арнайы тоқталды.
– Қазір білім саласына қойылатын талап жоғары. Әсіресе ата-ана мен оқушының сұранысын қанағаттандыру, ғылымға өзгеріс әкеле алатын өскелең ұрпақты тәрбиелеу маңызды. Ал осы үдеден шығу үшін педагогтерден жаңашылдық талап етіледі. Дәстүрлі білім беруді заманауи әдіс-тәсілдермен толықтырудың да мәні зор. Соның бірі – Дүниежүзілік сабақты зерттеу қауымдастығы (WALS) мен NIS арасындағы Lesson Study әдісі. Осы методика бойынша мұғалімдердің нәтижелері көңіл қуантады. Бұл Назарбаев зияткерлік мектептерінің 10 жылдан бері отандық педагогтермен атқарған жүйелі жұмыстарының нәтижесі, – деді ол.
Айта кетейік, 2015 жылы Назарбаев зияткерлік мектептері Lesson Study тәсілін мектептерде енгізу мен мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағытындағы кешенді жұмыстары үшін Дүниежүзілік сабақты зерттеу қауымдастығының сарапшылық кеңесіне мүше болып, ресми түрде мойындалған. Сөйтіп еліміз халықаралық ғалымдар және сарапшылармен бірге әлемдік зерттеулерге қатысып, Lesson Study әдісі бойынша жеткен жетістіктерді таныстыруға мүмкіндік алды.
Конференцияға шетелдік сарапшылар да қатысты. Олардың қатарында Жапонияның 10-нан аса бастауыш және орта мектебінің даму жөніндегі кеңесшісі Тошия Чичибу, Малайзиядағы мұғалімдерді даярлау институтының аға оқытушысы Хасна Абдула және Шотландияның Бэйзел Петерсон колледжінің зерттеушісі Роберт Дуглас Сим бар. Шетелдік және отандық сарапшылар оқыту саласындағы озық технологиялар мен әлемдік трендтер, сондай-ақ Lesson Study жөнінде өз ойларын ортаға салып, қатысушыларға дәріс оқыды. Ал Дүниежүзілік сабақты зерттеу қауымдастығының президенті Кэтрин Льюис онлайн байланыс арқылы еліміздің аталмыш технологияны енгізудегі жетістіктерін жоғары бағалады.
– Сабақты зерттеу – бұл күрделі үдеріс. Ол бізден мазмұнды терең зерделеуді, әріптестермен жұмыс істеуді, оқушылардың қалай оқитынын мұқият қадағалауды, қиындықтарды жеңуді, кейде біздің ескі оқыту әдістерімізді өзгертуді талап етеді. Сонымен қатар бәріміздің кәсіби білім беру базасын бірлесіп құрып жатқанымызды айғақтайды. Бұл мектептерде мұғалімдердің «менің оқушым» немесе «сенің оқушың» деген түсінікті ұмытып, оқушылардың біліміне жауапкершіліктің ортақ екенін еске салады, – деді қауымдастық президенті.
Алдағы жылы бас шаһарда елімізде сабақты зерттеу тәсілін мектептерге енгізу мен нәтижелі жұмыстар үшін Дүниежүзілік сабақты зерттеу қауымдастығының сараптамалық кеңесімен WALS-2024 халықаралық конференциясы өтеді. Ауқымды шараны «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымындағы Педагогикалық шеберлік орталығы ұйымдастырады. Ұлттық конференция – сол халықаралық шараға дайындықтың бастамасы.