Қоғам • 28 Сәуір, 2023

Тілдің қолданысына – оң көзқарас

398 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанай облысында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, тілді еркін меңгеруге жағдай жасау, қолданыс аясын кеңейту мақсатында жасалып жатқан іс-шаралар аз емес. Бүгінде мемлекеттік қызметтегі құжат айналымы қазақ тілінде жүргізіледі.

Тілдің қолданысына – оң көзқарас

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Президент жанындағы Мемлекет­т­ік басқару академиясы мен оның өңір­лік филиалдарының да осы бағыт­та атқарып жатқан қызметі ау­қымды. Академия мемлекеттік қыз­метшілердің тілдік құзыреттілігін арт­ты­рып, мемлекеттік органдарда мем­лекеттік тіл саясатын үйлес­тіру жұ­мыстарымен тұрақты шұғыл­данады. Қазақстан Респуб­лика­сындағы тіл саясатын іске асыру­дың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын орын­дауға атсалысып, үш тілді біліктілікті арттыру семинарларын жүргізеді. Академия біліктілікті арттыру семинарлары мен қайта даярлау курстары шеңберінде жыл сайын мемлекеттік қызметшілер ауызша, жазбаша тілдік құзыреттілігін арттырады.

Атап айтқанда, «Ресми жазылым», «Мемлекеттік тілде іс қағаз­дарын жүргізу», «Іскерлік қарым-қатынас», «Сөйлеу мәдениеті», «Ше­шен­дік өнер» және т.б. тақырып­тарда семинарлар мен курс бары­сын­да тақырыптық сабақтар, семинар-тренингтер, дөңгелек үстел­дер, кездесу кештер, түрлі бағыттағы іс-шаралар мемлекеттік тілге деген қызығушылықты арттырып, ерекше ден қойып, білім алуларына ықпал жасайды. Сабақ барысында дәстүрлі және озық инновациялық технологиялар қолданылады. Жаңа технологиялар арқылы оқыту қазақ тілін үйретудің сапасы мен маңызын арттырады. Тілді цифрлық технологиялар арқылы оқыту, аудио-бейне материал­дар, рөлдік ойындар мен іскерлік ойын­дар, топтық, жұптық жұмыстар арқылы оқыту әдіс-тәсілдері кеңінен пайдаланылады.

Айта кететін жайт, академия жо­­ға­ры оқу орнынан кейінгі тілді оқыту тұжырымдамасын әзірленіп, соның негізінде тілді деңгейлеп оқы­ту технологиялары мен «Qazaq Resmi Test» (QRT) бағалау құралын ен­гізді. «Qazaq resmi test» – кез келген тапсырушының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтап, тілдік деңгейді көтеру үшін қолданылатын тестілік жүйе. QRT 2019 жылдан бас­тап апробациядан өтуде. Содан бері 13332 мемлекеттік қызметші QRT тапсырып, тілдік деңгейін анықтады, әртүрлі деңгейдегі сарап­шылардың ұсыныстары ескеріліп, жетілдіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, академияның Қос­танай облысы бойынша филиалын­да жыл сайын екі мыңға жуық мемлекеттік қызметші оқудан өтеді. Өткізілген әр семинар мен әр курс бағдарламасына тілдік құзыреттілікті дамытатын арнайы сабақтар жос­парланып, облыстық «Тілдарын» тілдерді оқыту орталығынан кәсіби мамандар сабақ беруге шақырылады. Атқарылған жұмыс нәтижесінде мемлекеттік қызметшілер қазақ тілінде ресми жазу, құжаттардың мәтіндерін ресми тілде құрастыру, мемлекеттік тілде сөз саптау, көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын шыңдайды.

Осылайша, жүйелі жұмыс нәтиже­сінде академия мен оның өңірлік филиалдары қазақ тілінің толыққанды мемлекеттік тілге айналуына атсалысып келеді.

 

Ақерке БЕКАХМЕТОВА,

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Қостанай облыстық филиалының директоры