Саясат • 27 Сәуір, 2023

Серіктестік серпіні

262 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кувейт пен Қазақстан қазіргі таңда өзара құрмет пен тиімділік ұста­ным­дарына негізделген көпқырлы сыртқы саясат жүргізіп келеді. Дамудың даңғыл жолына түскен Кувейт пен Қазақстанның дипломатиялық қатынастарының орнағанына отыз жыл толды.

Серіктестік серпіні

«Елдестірмек – елшіден» демек­ші, екіжақты байланыс орнатып, барлық деңгейдегі қарым-қаты­нас­ты жолға қоюға қызмет етіп жүрген Кувейттің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі, доктор Омар әл-Кандари екі ел арасындағы ын­ты­мақтастықты дамытудың одан арғы келешегіне қатысты ойымен бөліс­кен еді.

«Кувейт пен Қазақстан ара­сын­­дағы ортақ рухани құнды­лық­тар, сондай-ақ стратегиялық серік­тестікке негізделген қарым-қаты­­нас­т­ар бірлескен күш-жігер­дің арқа­сын­да дәйекті түрде дами беретініне се­німдімін. Жал­пы, Кувейт пен Қа­­зақ­станды дипломатиялық қаты­нас­тар ғана емес, тарихи және діни қа­ты­нас­тар да байланыс­ты­рады. Егер жалпы қазақ-араб қа­ты­нас­та­рын алсақ, онда көптеген ислам ғалымы осы аймақтан, мы­салы, Әл-Фараби және басқалары шық­қанын атап өтуге болады. Сон­дай-ақ Сұлтан Байбарыс бізді саяси және әскери салада байланыстырады, өйткені ол Мысырдың билеушісі әрі әскери жетекшісі болды», дейді елші.

Былтыр 24 наурызда Қа­зақ­стан­ның сол кездегі Сыртқы істер ми­­нистрі Мұхтар Тілеубердінің Кувейт мем­ле­­ке­тіне іссапары Кувейт-Қа­зақ­­стан арасындағы эко­­но­микалық және сауда ын­ты­мақ­­тастық мәсе­ле­лерін тағы бір деңгей­ге көтер­гені анық. Сапар барысында бір­­лескен комитеттің 3 отыры­сы ұйым­дастырылды. Келесі төртін­ші бас­қосу жақында Кувейт мемле­ке­тінде өтеді.

Кувейт мемлекеті өңірлік ұйым­­дар шеңберінде, әсіресе Ор­та­лық Азия Стратегиялық диалогі (GR5) және Парсы шығанағы ел­де­рінің ынтымақтастық кеңесі (ПШЕЫК) шеңберінде Қазақ­стан Рес­пуб­лика­сы­мен ынты­мақ­тастықты нығай­­туға ерекше мән береді.

Оның үстіне, Кувейт мемле­кеті Қа­­зақстан Респуб­ликасы тө­ра­­­ға­­лы­ғының қолдауымен 2022 жылы қазанда АӨСШК конферен­ция­сы­ның алтыншы саммиті барысында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі ке­­ңеске толыққанды мүше ретінде қо­сыл­ды. Бұл туралы «Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім ша­ра­­ла­ры жөніндегі кеңесіне Кувейт елінің 28-мүше мемлекет ретінде кіруін құптаймын. Бұл АӨСШК өзектілігін және Азиядағы диалог пен ынты­мақ­тас­тықты одан әрі ны­ғай­ту қа­жет­тігін тағы бір рет көр­сетті», деген болатын Қазақстан Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК VI саммитінің ашылуында.

Сонымен қатар Кувейт мем­ле­кеті екі ел арасындағы инвес­­ти­циялық және туристік ынты­мақ­тастықты жандандыруға ерек­­ше назар аударады. Осыған бай­­­ланысты Кувейт пен Алматы қа­­ласы арасында тіке­лей рейстер қатынайды, ал Аста­на­да Кувейт елшілігі ашылған сәттен бастап Кувейт мемлекетінен Қазақ­стан Республикасына келе­тін турис­тер­дің саны артқаны бай­қалады.

«Мәдениет саласында «Astana opera» өкілдерінің Кувейт мем­ле­кеті­не барған сапарын атап өту қажет. Онда олар Кувейт хал­қын қазақ мәдениетімен етене жақын таныс­тырды. Әлбетте, Кувейттің ұлттық мәдени кеңесі Қазақ­станмен осы саладағы қа­рым-қатынасын нығай­ту­ға ниетті. Оның үстіне білім саласы да назардан тыс қалмады. Елшілік деңгейінде біз жергілікті университеттермен қарым-қа­ты­нас орнатуға тырысамыз. Мы­са­­лы, бұрынғы елші Тарек әл-Фарадждың кезінде Қазақ гу­ма­ни­тарлық заң университетінде «Кувейт мемлекеті» ауди­­ториясы ашылды, биыл біз ол жерге Кувейт мәдениеті туралы жа­зылған кітап­тар­ды тарту еттік. Еура­зия ұлттық универ­ситетімен бай­ланысымыз тығыз. Дүниежүзілік араб тілі күнін атап өтеміз, мәдени іс-шара­лар ұйымдастырамыз», деді Ку­вейт­тің Қазақстандағы Төтенше және өкі­летті елшісі, доктор Омар әл-Кандари.