11 Шілде, 2014

Ұлттық намыстың жоқтығы, имансыздық

466 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

жаныңды жабырқатады. Қайда кетіп барамыз?

азғын 001

Соңғы кезде мені осы бір кесек-кесек ойлар жиі-жиі мазалайтын болып жүр. Ол үшін, әрине, бірінші кезекте ұлттық рухымыз мейлінше жоғары болуы керек. Біз сол бір рухты жоғары бағалап, шаңырағымызды шайқалтпай ұстауға тиіспіз. Қазақ халқының осылай өз ұлтына деген жаны адал, қаны таза, сезімі қашанда мөлдір болуға тиіс. Жас ұрпақ, Отаны мен ұлтын шексіз сүйе білетін адал азамат болып қалыптасуы керек. Бұл қасиет ұрпақтан ұрпаққа берік жалғасып жататындай биік дәрежеде болуы тиіс. Қайсар, өз ұлтын ұлықтап ұстарлықтай парасат пайымы жоғары, жігері мықты, аса мейірімді елдің ұрпағы болып қалғанға не жетсін! Қазақ деген қастерлі атымыз бен теңдесі жоқ ұлттық атауымызды сақтап қалу үшін ата-баба дәстүріне берік бола білу. Оны жас өскелең ұрпағымыздың қанына мықтап сіңіре білу. Иә, бұл – бір үлкен міндет. Сонымен бірге, түрлі қоғамдық ұйымдарға да сын. Қысқасы, бойымыздағы намыс оты қашан да өз қызуынан арылып қалмауы қажет. Жуырда мен теледидардан жеті атаға байланысты беріліп жатқан арнайы хабарды көріп отырып, жүрегім сыздап сала берді. Неге дейсіз ғой? Өйткені, жеті атаға дейін қыз алыспауға байланысты ата-дәстүріміздің тамаша бір асыл қасиеттері жайлы айтылып жатқан әрбір сөз, қызу пікірталас менің есіме осы жақында ғана ауданымызда орын алған имансыздықты түсірді. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген осы шығар. Ауданымыздың бір елді мекенінде небәрі 7 сыныпта оқитын қызбала айы-күніне жетіп, перзентті болды. Біз бұл оқиғаға алғашқы кезде: «Ойпырмай, қалай барды екен? Он екіде бір гүлі ашылмаған бұл қаршадайдың етегін ерте түруге не себеп болды?» деп түңілдік. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресіннің» кері соңында болып шықты. Масқара дегеніміздің мәнісі әлгі кәмелетке толмаған қыздың жел көтеріп үлгермеген етегін өз әкесі түріпті дегенді естігенде, жағасын ұстамаған жан қалмады. Ел күңіреніп, халық түңіліп кетті. Шіркін, бұрынғы дәстүр болса ғой, әлгіндей арсыз, имансыз әкені есекке теріс мінгізіп, ел-жұрт, көпшіліктің көзінше тасатқының астына алып, халықтың өзі-ақ оған тиісті жазасын берер еді. Жарайды, бұрынғы дәстүр болмаса да қазіргі заң қылмыстыны дер кезінде құрықтап, темір тордың арғы жағына жіберді. Ойлап қарасақ, темір торға түскен қыздың әкесі, ол бір өзі ғана. Ал, жалпы қазақ деген атымызға жағылған қара күйе мен ар-намысымызға түскен өшпестей қара дақты қайтеміз? Әлгі әңгіме барысында сөзімізге тұздық етіп бастаған жеті ата ұрпағына деген адал ұғымды бір ғана ар-ұяттан безген әкенің өзі тәрк етіп тастады емес пе? Арсыз әке бұл сияқты ұлт намысына тас лақтырған теріс іс-әрекетімен өзінің ғана емес, бүкіл ауыл-аймақ, қала берді бір рулы ел-жұрттың атына батпандай етіп кір жағып кетті емес пе? Ауылдың, тұрғылықты халықтың атына кір келтіріп, ұлттық намысымызға нұқсан түсірген жағдай ауданда бір бұл ғана емес, бұдан бұрын да ата сақалы аузына біткен бір арсыз өз немересін, дәл осындай жағдайға апарған қарабеттілігі үшін елден көшіріліп, аластатылған еді. Тағы да, осы биыл ғана қаршадай жиен қарындасын тек абыройын төкпегені дегені болмаса, оған одан басқаның бәрін істеп ойыншық етіп келген жантүршігерлік оқиға естіген қалың жұртты тағы да терең күрсініске түсіріп кетті. Ал, енді осыдан соң «Біз қайда кетіп бара жатырмыз?» деп жағаңызды ұстамай көріңіз. Міне, мен осындай намысымызға тұсау, имандылығымызға нұқсан келтірер келеңсіз жағдайлар туралы ойлап отырып біздің болашағымызды әлгіндей теріс іс-әрекеттермен үйлестіре алмай әлекпін. Ойланам. Терең ойланам. Қайда кетіп барамыз? Ұлттық рухымыз қайда? Шіркін, кезінде ел үшін қанын төгіп, жанын берген биік парасатты, ержүректі адал азаматтарымыз-ай! Жер дауы мен жесір дауын бірінші кезекке қоя білген, шіркін, ар-намысы жоғары қазақ халқының текті ұрпақтары-ай! Олай болса, солардан алған тәрбие қайда, тәлім қайда? Өмірден өткен ұлылардың ұрпақтан-ұрпаққа қалар асыл сөздерін сонда біз өз ортамызда қалай ұлықтап жүрміз? Ардагерлер қайда, билік айтар билер қайда? Абзал жанды, ақылшы ағалар қайда? Асыл жүректі аналар қайда? Әлгіндей ұлтымызда жоқ өрескел жат қылықтың оқтын-оқтын бой көрсетіп қалуына, шыны керек, мен жоғарыда сөз еткен айуан әке, арсыз ата мен намыссыз нағашылардың өмір сүрген ортасын, сол жердегі қоғамдық ұйымдар, ауыл әкімдері мен мектеп ұжымын кінәлі санаймын. Бұл кінәлаудан халық арасында мұсылмандыққа тән имандылық қасиеттерді өз дәрежесінде жете дәріптей алмай келе жатқан имамдарды да шет қалдыра алмаймын. Өркениетті елдердің қатарына қосылу үшін біз барынша жан-жақты болуға тиіспіз. Мәдениетіміз бен ата-дәстүрімізді жоғары ұстап, адамгершілік қасиетімізді өз деңгейінде сақтай алмасақ, сонда біз қандай ел, қандай халық болғанымыз? Намыс, ар-ождан деген болмаушы ма еді? Өз қызын  зорлау деген сұмдыққа ауылдағы абыз ақсақалдарымыз сонда не айтады, қалай жауап берер екен деген ой келеді маған. Әкім, ардагерлер кеңесі мен ауыл билері, мектеп басшылары мен ұйым жетекшілері өздеріне шаң жуытпастан, алақандай ғана ауылдағы әлгіндей айтуға ауыз бармайтын сұрықсыз істерден қашқақтап, қарап отырғанша баршаға ортақ қоғамдық тәрбие жұмыстарымен алдын ала неге айналыспаған? «Адам адамға дос, жолдас және бауыр» деген қағиданы бетке ұстап өскен қаны таза қазақ емес пе едік. Ал, қане сондағы достығымыз, жолдастығымыз, бауырлығымыз? Қасымызда, өзіміз күнде көріп жүрген адамның нендей тірлікпен айналысып жүргенін естіп-білмегеніміз бе, сезбегеніміз бе? Олардың күнделікті тыныс-тіршілігін, әлгіндей суық жүрісі мен теріс қылық, іс-әрекеттерін сонда тіптен байқамағанымыз ба? Жоқ, әлде біле тұрсақ та бетке басып айтуға батылдығымыз жетпей ме? Бар болғаны 50 мыңнан сәл-ақ асатын халқы бар шағын ауданда осындай жан түршігерлік оқиғалар бірінен соң бірі орын алып жатқан тұста: «Онда бүкіл Қазақстан аумағы бойынша, біз естіп-білмеген осыған ұқсас басқа да оқиғалардың қайталанып жатпағанына кепілдікті кім береді?» деген суық сұрақтың да көкейге орала кететіні рас. Шынында, не болып жатқанын кім білсін. Міне, мен осылай ойланамын, ағайын! Ал, мектеп ұжымы, ондағы тәжірибелі педагогтар, сынып жетекшілері мен психолог, қала берді сондағы медицина саласының маман қызметкерлері болып өз оқушыларының бойындағы өзгеріс пен күйзелістің ізін байқамастан, әлгіндей күйге түсіріп қойып, қайда қарап отырған десеңші? Қысқасы, осының бәрі жауапкершіліктің төмендігінен деп білемін. Ата-бабадан қалған мынадай бір аталы сөз, тамаша тәмсіл бар: «Сен өзіңді емес, жаныңдағы жолдасыңды айтшы, мен сенің кім екеніңді айтып берейін» деген. Сонда әлгіндей сорақы іспен айналысушылардың қасында жүрген біз кім болдық? Атымызға ауыр, ойланатын мәселе, әрине. Серікбай ТҰРЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы.