Отырысты ашқан Палата төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 32-сессиясында тоқталған міндеттерге назар аударды. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жолында бірлесіп әрекет етудің маңызы зор екенін айтты.
«Президентіміз қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етуге арналған бірқатар міндетке тоқталды. Сенат үшін бұл сала – басым бағыттардың бірі. Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері – бес әріптесіміз және басқа да сенаторлар этносаралық ынтымақтастықты арттыруға арналған жұмыстарға белсенді қатысып келеді. Сенат алдағы уақытта да еліміздегі бірлік пен тұрақтылықты одан әрі нығайтуға өз үлесін қоса береді», деді Мәулен Әшімбаев.
Отырыс барысында Палата депутаттары «1996 жылғы 26 тамыздағы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы азаматтық және қылмыстық iстер жөніндегі өзара құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қарап, мақұлдады. Бұл Келісім екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуді, азаматтық және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсетуді көздейді. Заң нормаларына сәйкес екі елдің заңнамасын ескере отырып, Шарттың бірқатар бабына өзгеріс енгізіледі.
«Шартқа келесідей өзгерістер мен толықтыруларды енгізу ұсынылған. Шарттың тиісті бабына өзара құқықтық көмек көрсету кезіндегі қатынастарды жүзеге асыратын құзыретті органдарды айқындауды, оған қатысты дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін хабардар етуді көздейтін өзгеріс енгізіледі. Екі мемлекеттің қолданыстағы заңдарындағы өзгерістерге байланысты «сот шешімдері» терминіне қосымша «сот бұйрығы» түсінігін енгізу арқылы, сот шешімдерін орындау және берешектерді өндіріп алу мәселелеріне қатысты рәсімдерді реттеледі.
Сондай-ақ қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелеріне қатысты құзырет Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасына берілуіне байланысты Шарттың 28-бабының күшін жою ұсынылып отыр. Сонымен бірге ішкі істер органдары құзыретінің алып тасталуына байланысты Шарттың тиісті бабына түзетулер енгізілген. Ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулар Шарттың әрекет етуі мен құқықтық қатынастарды реттеу мүмкіндіктерін кеңейтеді», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған депутат Нұрлан Бекназаров.
Сонымен қатар отырыста сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Сенатор Жанболат Жөргенбаев өз депутаттық сауалында суаратын судың тапшылығы, ауыл шаруашылығы үшін қосымша ылғал көздерін пайдалану, сондай-ақ Алматы және Жетісу облыстарында суармалы жерлердің тиімділігі мен көлемін арттыру проблемаларын көтерді.
Депутат Жетісу облысы Панфилов ауданының өзендерінде вегетациялық кезеңде су қоймаларының құрылысын салуды маңызды деп санайды. Мұндай тәсіл аудан ауылдарының суармалы егістігін қажетті сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сенатордың пікірінше, суармалы жерлерді өңдеудің тиімділігін арттыру – еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудың бірден-бір жолы болып отыр. Сондықтан бұл саланы дамытуға басымдық беру аса маңызды.
«Осыған орай, «Қорғас», «Өсек», «Тышқан» өзендерінің мүмкіндіктерін ескере отырып, осы өңірде су қоймаларын салу мәселесін қарастырып, Балқаш ауданында орналасқан Ақдала суармалы алқабындағы Тасмұрын магистралдық каналының бүкіл бойында шөгінділер мен су өсімдіктерінен, бұталардан механикалық тазарту керек. Су заңнамасын жетілдіру, яғни: бiр суару каналында немесе оның бөлiгiнде орналасқан екi және одан көп жер пайдаланушыларға тиесілі суармалы алқаптарды суару үшін суару каналын пайдаланудың тәртібін белгілейтін Ережені бекіту және де «сарқынды» суларды ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалану және оларды есептеу әдістемесін әзірлеу керек», деді Жанболат Жөргенбаев.
Сенатор Нұрия Ниязова Денсаулық сақтау саласындағы балалар үйлерінде – мекемелерде жұмыс істейтін педагогтердің әлеуметтік мәртебесін көтеруді ұсынды. Ол осы тақырып туралы еліміздің Премьер-министрінің атына депутаттық сауал жолдады.
Депутаттың айтуынша, балалар үйлерінде жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ түрлі аурулары бар балалар тәрбиеленіп, кешенді медициналық-психологиялық-педагогикалық көмек алып келеді. Педагогтар қауымы да медицина саласының мамандарымен қатар осы ұйымдарда бала тәрбиесімен айналысады. Алайда олар салалық педагогикалық білімі бола тұрса да «Педагог мәртебесі туралы» заңның аясынан сырт қалып келеді. Бұл жағдай осы мекемедегі мұғалімдерінің әлеуметтік және материалдық мәртебесін басқа білім беру ұйымдарындағы әріптестеріне қарағанда төмендетіп отыр.
«Денсаулық сақтау ұйымдарының, стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелердің, үйде қызмет көрсету, уақытша болу ұйымдарының және жұмыспен қамту орталықтарында ана мен баланы қорғау саласында қызмет атқаратын мамандарды әлеуметтік және материалдық мәртебесін көтеру үшін оларды «Педагог мәртебесі туралы» заңға енгізуді тиісті министрліктерге тапсыруды сұраймын. Бұдан басқа, еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне лауазымдық жалақының белгіленген мөлшеріне бірыңғай түзету коэффициенті туралы мәселені қарау тапсырылсын, бұл оларға тең құқықтар мен мүмкіндіктер алуға мүмкіндік береді», деді сенатор Ниязова.
Сенатор Руслан Рүстемов өзінің депутаттық сауалында Қызылорда облысының мұнайшыларына шетелге көбірек мұнай сатуға рұқсат беруді ұсынды. Депутат келтірген деректерге сүйенсек, Қызылорда облысының мұнай өндіруші компаниялары өндірілген мұнай өнімдерінің 80 пайызын ішкі нарыққа сатады, ал 20 пайызы ғана экспортқа кетеді. Бұл ретте ішкі нарықтағы мұнай баррелінің құны әлемдік бағадан 2,5 есе төмен. Демек, мұнайшылар айтарлықтай соманы ала алмайды.
«2017 жылдан бері Энергетика министрлігі Қызылорда облысына мұнай экспорт квотасын ұлғайту мәселесі «Кенкияқ-Атырау» реверсі жобасы іске қосылғаннан кейін ғана техникалық мүмкін болады деген ұстанымда болып келді. Бұл жоба Қызылорда облысының жер қойнауын пайдаланушыларының ішкі нарыққа мұнай жеткізу жүктемесін 80 пайыздан 50 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік беруге тиіс еді. Алайда 2021 жылы аталған реверс қолданысқа берілгенімен Энергетика министрлігі Қызылорда облысында мұнай көлемінің сарқылуына байланысты квотаны ұлғайтудың мүмкіндігі жоқ екендігін білдіріп отыр. Аталған мәселе Үкімет тарапынан егжей-тегжей қаралып, қолдау тапқан жағдайда Қызылорда облысындағы бірқатар өзекті әлеуметтік проблеманың шешімі табылатыны анық», деді Руслан Рүстемов.