Отырыста негізгі төрт мәселе талқыға салынды. Соның біріншісі – Парламент депутаттары бастамашылық еткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары талқыланды. Сонымен бірге Бюджет кодексі мен «Мемлекеттiк сатып алу туралы» заң жобасының реттеушілік консультативтік құжаты бойынша баяндамалар тыңдалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымға көңіл бөлу және ғылыммен айналысатын жастарға қолдау керектігін айтқаны белгілі. Бұл заң жобаларының мақсаты – ғылым жолындағы адамдарды қолдау, оларға үстеме қаражат төлеу. Осыған орай ғылым мәселелері жөніндегі заң жобалары ғылым және ғылыми-техникалық салалардағы ұлттық заңнаманы кешенді жетілдіруге бағытталған. Мәселен, олар мынадай түзетулерді көздейді: ҒЗТКЖ-ға жеке инвестициялар үшін инвестициялық преференциялар беру және жаңа ғылыми орталықтар құру; ғылыми тағылымдамалар, шығыстар нормаларын және олар бойынша үлгілік шарттарды бекіту; «ғылыми этика» терминінің анықтамасын белгілеу; «жас ғалым» межесін қырық жасқа дейін ұлғайту.
Бюджет кодексінің жобасына қатысты консультативтік құжат бюджет заңнамасын реформалауға бағытталған. Ол мемлекеттің бюджет саласындағы халық алдындағы ашықтығы және есептілігін арттыруға, бюджет үрдісіндегі бюрократияны төмендетуге, мемлекеттік қаржы тұрақтылығының ұзақмерзімді болжамын енгізуге мүмкіндік береді.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасына қатысты консультативтік құжат артық регламенттеуді болдырмау, жеткізушілерді өз біліктілігін арттыруға ынталандыру, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, барлық мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың бірыңғай платформасына ауыстыру мәселелерін көздейді.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Камиль Ахатов заң жобалары аясында мемлекеттік органдар мен республкиалық бюджет комиссиясы тарапынан төмендегі өзгерістер қолдау тауып отырғанын айтады.
– Жоғары білім беретін және жоғары оқу орнынан кейінгі ұйымдарда педагогикалық қызмет ететін оқытушыларға ғылыми атақ үшін үстемеақы төлеу, ұйымның бюджеттен тыс қаражаты есебінен орташа жалақы көлемін сақтай отырып, бір жылға дейін шығармашылық демалыс беру, жас ғалым межесін 35 жастан 40 жасқа дейін ұлғайту секілді маңызды өзгерістер қолдау тапты. Мұның бәрі елімізде жастарды ғылыммен айналысуға ынталандырады, – деді вице-министр Камиль Ахатов.