11 Шілде, 2014

Визалық тәртіп жеңілдетіледі

205 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
0001-234Қазақстанның Орталық коммуникациялар қызметінде Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаевтың қатысуымен брифинг өтті. Р. Жошыбаев Қазақстанның туристік әлеуетін көтеру, визасыз қарым-қатынас аясын кеңейту, сол арқылы шетелден инвестиция тартуға бағытталған қолайлы визалық саясат қалыптастыру, сондай-ақ, визалық және көші-қон саясатын жетілдіру – ведомствоның негізгі міндеттерінің бірі екенін жеткізді. «Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылдың 12 маусымында Президент жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінде 10 мемлекеттің азаматтары үшін визасыз тәртіп жүйесі орнатылатынын мәлімдеген болатын. Бұл жаңалық бүгінде кеңінен талқылануда. Өйткені, шетелдік инвесторлар мен туристерді тарту саясаты аясында қолға алынған бұл шараны еліміздің бірден-бір алға ұмтылысы ретінде қарауға болады. Аталған тапсырманы орындау үшін тиісті заң жобасы әзірленді. Ол бойынша 10 елдің азаматтары белгілі бір мерзім ішінде мемлекеттік шекараны кесіп өткен күннен бастап 15 күнтізбелік күнге дейін визалық талап етуден босатылатын болады. Жалпы алғанда, Мемлекет басшысы мен Қазақстан Үкіметінің «Жаңа Жібек жолын» қайта жандандыру бағытындағы бастамаларын жүзеге асырудың негізінде жағымды әрі тиімді инвестициялық климат қалыптастыру жүріп жатыр. Мәселен, қазіргі таңда Қазақстанның өз экономикасына шетелдік капиталды енгізу мөлшері жөнінен көшбасшы елдердің бірі екені белгілі. Елімізге 2005 және 2013 жылдар аралығында 183,9 млрд. АҚШ доллары көлемінде тікелей шетел инвестициялары тартылған. Демек, мемлекеттің экономикалық әлеуетін барынша тиімді пайдалануды визалық режімсіз елестету әсте мүмкін емес. Бұл орайда, шетел инвесторлары үшін тиімді визалық режімді қалыптастыру – бұл бағытта жолға қойылуы тиіс басты шаралардың бірі», – деді Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары. Өз сөзінде Р.Жошыбаев жиналғандарды азаматтардың барыс-келіс шарттарын жеңілдетуге бағытталған шаралар кешенімен таныстырып өтті. Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасарының айтуынша, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің алдында тұрған басты міндеттердің бірі жағымды әрі тиімді визалық саясат қалып­тастыру, ал бұл өз кезегінде елдің турис­тік әлеуетін көтеру және шетелдік инвести­ция­ның тартымдылығын арттыру үшін қажет. «Мәселен, 2004 жылдың ақпан айынан бері Қазақстан біржақты тәртіппен ЕО-ға мүше 28 елдің азаматтары үшін виза ресімдеудің оңайлатылған процедурасын енгізді. 2012 жылы бұл тізім әлемнің саяси тұрақты және экономикалық дамыған 48 еліне дейін толығып үлгерді», – деді Р. Жошыбаев. Сонымен, АҚШ, Ұлыбритания, Гер­мания, Франция, Италия, Малайзия, Ни­дер­ланд, Біріккен Араб Әмірліктер, Корея Республикасы және Жапония елдерінің азаматтары 2014 жылғы 15 шілде мен 2015 жылғы 15 шілде аралығында мемлекеттік шекарадан өту кезінде 15 күнге дейін визалық талаптардан босатылатыны белгілі болды. Бұл бастама екіжақты байланыстарды нығайтуға, әлеуетті инвесторлар мен шетелдік іскер тұлғаларға жайлы жағдай жасауға, сондай-ақ, елімізге туристерді көптеп шақыруға бағытталып отыр екен. Яғни, визасыз режім елімізге қысқа мерзіммен, мәселен, инвестициялық келісімшарттарды жасауға, туған-туыстары мен жақындарына, Қазақстанның мәдениетімен, тарихи және табиғи жерлерімен танысу мақсатында келетін 10 елдің барлық азаматтарына тікелей қатысты болмақ. Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, сондай-ақ, шетелдіктер үшін елімізде электронды визалар беру көздел­генін атап өтті. «Қазақстан аумағына келе­тін шетелдіктер үшін электронды визалар беру қарастырылған. Бұл келушілердің құжаттарын реттеуде жылдамдық пен сапалы қызмет үшін өте тиімді. Сонымен қатар, қазақстандық визаның берілуі де оңайлай түспек», – деді бұл орайда Р.Жошыбаев. Ол өз сөзінде электронды визаның берілу себептеріне де тоқталып өтті. «Еліміздің Сырт­қы істер министрлігінің бастамасы бойын­ша визалардың бірнеше түрі енгізі­леді. Бұл бастама екіжақты байланыстарды нығайтуға, әлеуетті инвесторлар мен шетелдік іскер тұлғаларға жайлы жағдай жасауға, сондай-ақ, елімізге туристер шақыруға бағытталып отыр. Бұл өз кезегінде Қазақстанға туризм саласын белсенді дамытуға мүмкіндік береді, шағын және орта бизнесті жандандыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, ел бюджетін толтыруға мультипликативті әсерін тигізеді», – деді ол. Рәпіл Жошыбаев визалық режімге қа­тысты ережелер тізбесінде бірқатар жаңа­лықтар да жоқ емес екенін айтып өтті. Мәселен, Қазақстанға өз отбасымен келгісі келетін шетелдік инвесторларға жақсы жағдай жасау үшін инвесторлық визаның өзгеше категориялары қарастырылыпты. «Кәсіби біліктілігі бар шетелдік жұмысшы миграциясы үшін де тиімді жағдай көзделген. Қазіргі таңда, бұл ережелер жобасы еліміздің осы мәселеге тікелей құзыреті бар органдарымен келісілуде. Жалпы алғанда, бұл шаралардың барлығы тек шетелдік азаматтар үшін ғана емес, біздің шетелге шығатын азаматтарымыздың виза алуын жеңілдету үшін де жасалып отырғанын атап өткен жөн», – деді сөзінің соңында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».