Ерлан Қошанов Анкарада Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысының төрағасы Мұстафа Шентоппен бірге Қазақстан-Түркия достық саябағының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Іс-шара Түркия Республикасының 100 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мәжіліс төрағасы барша түрік халқын торқалы тоймен құттықтап, бақ-береке тіледі.
«Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас кеңейтілген стратегиялық ынтымақтастық деңгейіне жетіп, барлық салада қарқынды дамып жатыр. Оған, әрине, мемлекеттеріміздің басшылары Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Режеп Таийп Ердоғанның нәтижелі келісімдерінің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Алдағы уақытта да біз көшбасшыларымыздың екіжақты ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған жұмысын Парламент деңгейінде жалғастыратын боламыз», деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс спикері саябақтың ашылуы түбі бір, мәдениеті мен тарихы ортақ тамырлас екі елдің достығы мен ынтымағын нығайта түсетінін атап өтті.
«Қазақта «Ағаш тамырымен мықты, адам достарымен мықты» деген сөз бар. Біз Түркиямен достығымызды, бауырластығымызды жоғары бағалаймыз. Болашақта бұл саябақ Анкара тұрғындары мен қонақтары үшін әсем демалыс орнына айналады деп сенеміз», деді Мәжіліс спикері.
Саябақ Анкараның көне тарихи орталығы – Мамак ауданында орналасқан. Ауданы 14 мың шаршы метр. Онда отбасылық демалыс, жүгіру және дене шынықтырумен айналысу үшін барлық жағдай жасалған. Саябақта Күлтегін, Білге Қаған, Тоныкөк жазба ескерткіштері орнатылған. Сондай-ақ қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының мен дана философ Әл-Фарабидің мүсіндері бар.
Бауырлас халықтарымыздың арасындағы достықты тереңдету жайы екі ел Парламенттері спикерлерінің екеуара кездесуінде де әңгімеге арқау болды.
Ерлан Қошанов әуелі Түркияда болған жойқын жер сілкінісі барша қазақ халқының қабырғасын қайыстырғанына тоқталып, көңіл айтты.
Сонымен бірге алдағы уақытта Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жер сілкінісі аумағында бірқатар әлеуметтік ғимараттың құрылысы жоспарланып отырған атап өтті.
Мәжіліс төрағасы Қазақстанның Түркиямен парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін айтты.
«Бүгінгі күнге дейін достық топтар мен парламенттік комитеттер деңгейіндегі ықпалдастығымыз оң нәтиже көрсетіп келді. Сондықтан бұл қарқынымызды бәсендетпей, белсенділік танытып, осы бағытта жұмысымызды жалғастыруымыз қажет. Бұл заңнама саласында жан-жақты тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Біз барлық бағытта белсенді қызмет етуге дайынбыз», деді Ерлан Қошанов.
Кездесу соңында тараптар Мәжіліс пен Ұлы Ұлттық Жиналысы арасындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойды.
Мәжіліс төрағасының Түркияға сапары жалғасуда. 28 сәуірде Ерлан Қошанов Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының Кеңесі отырысы мен Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының ХІІ пленарлық отырысына қатысады.