Марафонның ашылу салтанатына Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев, «Болашақ» қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Іс-шара аутизм диагнозы бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту және олардың қоғамнан өз орнын табуы мақсатында өткізіліп жатыр. Мұндай жарыстарды алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізіп тұру жоспарда бар», деді қала әкімінің орынбасары.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, сатылымдағы билеттерден түскен 6 млн теңгеден астам қаражат «Болашақ» қорының «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасы шегінде аутизмі бар және басқа да ментальді бұзылушылықтары бар балаларға арналған инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталады.
«Қайырымдылық іс-шарасына кәсіби, әуесқой спортшылардан бастап ерекше қажіттілігі бар 16 бала мен олардың ата-аналары қатысты. Олар төрт қашықтық бойынша сынға түсті. Сондай-ақ бұл жарысқа астаналықтардан бөлек Алматы, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Теміртау және Семей сияқты басқа қалалардан келген қатысушылар да қатысты. Аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар балаларға арналған «Көңілді старттар» спорттық-ойын-сауық эстафетасы ұйымдастырылды», делінген қала әкімдігі баспасөз қызметінің хабарламасында.
Командалық ойындарға 5 және 14 жас аралығындағы аутизмі бар, психикалық және сөйлеу тілі дамуы тежелген, даун синдромымен және т.б. 100-ден астам бала қатысты. Эстафета қорытындылары бойынша әрбір жас қатысушыға медаль және іс-шараның серіктесінен сыйлық қорапшасы табысталды.
Сонымен бірге балалар арасында балалар велосипедтері де ойнатылды. Жарыс төрт қашықтық бойынша өтті: 1 км, 2,5 км, 5 км және 10 км. Қатысу құны 4 990 теңгеден 7 990 теңгеге дейін болды. Қайырымдылық марафонына барлығы 1 017 адам қатысты.
Әр қашықтықтан жүлделі орындарға ие болған жарыс жеңімпаздары іс-шараның атақты спортшылары мен серіктестерінің қолынан дипломдар мен медальдар алды. Мәреге жеткен барлық қатысушылар естелік медальдарға ие болды. Жүгіру марафоны Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.