Бір команданың төрт жеңісіне дейін жалғасатын финалдық матчта Қазақстан құрамасының қорғаушысы Даррен Диц өнер көрсететін ЦСКА клубының бағы жанды – 4:3. ЦСКА Аренада ұйымдастырылған соңғы, жетінші матчта мұзайдын иелері Қазаннан келген қарсыластарын 3:2 есебімен қапы қалдырып, қатарынан екінші мәрте Гагарин кубогіне қол жеткізді. Мәскеуліктердің жеңіс голын 32-минутта Даррен Диц соққанын айта кеткен жөн.
Сондай-ақ бұл матчта ЦСКА сапынан Антон Слепышев (21-минут) және Владислав Каменев (31) мергендік танытты. Ал «Ак Барс» командасынан Кирилл Петров (20) пен Дмитрий Воронков (28) бір-бір шайбаның авторы атанды. Осылайша, Даррен Диц Қазақстан хоккейшілері арасында екі дүркін Гагарин кубогінің жеңімпазы атанса, «Ак Барс» сапында өнер көрсеткен Кирилл Панюков алғаш рет күміс жүлдеге ие болды.