«Zhambyl Economic and Investment Forum – 2023» халықаралық инвестициялық форумы аясында әлеуетті инвесторларға өңірдің барлық мүмкіндіктері жан-жақты таныстырылды. Жаңартылған энергия көздері, туризм, жер қойнауын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндіктер инвесторлар назарына ұсынылған халықаралық іс-шара барысында шетелдік ірі компаниялармен 700 миллионнан астам АҚШ долларына келісімшарттар жасалып, отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар арасында 20 стратегиялық келісім мен меморандумдарға қол қойылды.
Әулиеата топырағына ат басын бұрған мәртебелі меймандарға бірінші кезекте Шу ауданындағы «Тараз Химиялық Паркі» арнайы экономикалық аймағының мүмкіндігі таныстырылып, халықаралық форум аясында бас қосқан мамандар инвестициялық жобаларды дамыту мақсатында ұйымдастырылған кеңесте пікірлерін ортаға салды.
Өңір басшысының бірінші орынбасары Нұржан Календеров әлеуетті инвесторлармен өткен кездесу барысында экономикалық аймақтағы ірі жобалардың мүмкіндігі туралы сөз қозғады. Сонымен бірге «Тараз Химиялық паркі» АЭА басқарма төрағасы Қайрат Мұқамбетқалиев алдағы уақытта жүзеге асырылатын бірқатар жобалар жөнінде ойын ортаға салып, оларға экономикалық аймақ тарапынан көрсетілетін жеңілдіктерге тоқталды.
«QazIndastry» АҚ бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Арыстанбек Сағиев өз сөзінде кәсіп ашуға ниетті инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер туралы жан-жақты әңгімеледі. Алдағы уақытта өңір экономикасының локомотивіне айналатын «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында бүгінде жалпы құны 249,7 миллиард теңге болатын 5 инвестициялық жобаны іске асыру үшін 5 қатысушы тіркелген. Олардың қатарында геосинтетикалық мембраналар, натрий цианиді және ферросилиций өндіру жобалары бар. Аталған жобалар сәтімен жүзеге асқанда мұнда 2 000 адамға арналған жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Almaly resort-ке туристер ағылатын күн жақын
«Zhambyl Economic and Investment Forum – 2023» халықаралық инвестициялық форумы аясында Жамбыл ауданындағы «Almaly resort» этнотуристік демалыс аймағы ашылды. «Фортис Констракшн» ЖШС Гродекова ауылдық округі аумағынан салған демалыс орталығына бүгінге дейін 700 миллион теңге инвестиция тартылған. Мұнда 10 шақырым электр желісі жүргізіліп, жобада көзделген ғимараттар бой көтерген. Жалпы, аумағы 9,6 гектар жерді алып жатқан демалыс орталығындағы құрылыс жұмыстарын уақтылы аяқтау үшін 80 азамат жұмысқа жұмылдырылған болатын.
Этнотуристік демалыс аймағының ашылу салтанатына Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рысбеков бастаған мәртебелі қонақтар және инвесторлар мен бизнес өкілдері қатысты.
«Фортис Констракшн» ЖШС басшысы Досан Рымтаев мәртебелі меймандарға еуропалық үлгіде салынған орталықтың мүмкіндігін жан-жақты таныстырды. Орталықта 70 адамға арналған 7 коттедж, 8 қонақүй, еуропалық үлгідегі моншалар, 150 адамды тамақпен қамтамасыз етуге арналған мейрамхана, техникалық және сервистік нысандар, бассейндер, футбол, теннис алаңдары, 120 адамға арналған ашық демалыс орны, ат спортына арналған алаң, балық өсіруге арналған тоған салынған.
Серіктестік басшысының айтуынша, құрылыс жұмыстары 10 айдың бедерінде жүргізілген. Ал орталықты одан әрі қарай түрлендіру, бірқатар қажетті нысандарды аяқтау үшін 300 миллион көлемінде қаражат жұмсалмақ. Демалыс аймағындағы атқарылған ауқымды жұмыстармен толықтай танысқан қонақтар орталықтың туристерді қабылдаудағы әлеуетін жоғары бағалады.
400 азамат жұмыспен қамтылады
Форумның алғашқы күнінде Қордай ауданындағы «KORCEM» ЖШС-на қарасты цемент зауытының құрылысы басталды. Өңір басшысы Нұржан Нұржігітов, сингапурлық «ICG» компаниясының өкілі Вей Пинг, «KORCEM» ЖШС-нің атқарушы директоры Станислав Щербаковтың қатысуымен аталған зауыт құрылысының іргетасына капсула салу рәсімі өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірімізде жаңа жұмыс орындарын ашу, ірі инвесторлар тарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өткен жылдың қорытындысына сай өңірге жалпы сомасы 400 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Ал биылғы жылдың бірінші тоқсанында облыстың негізгі капиталына 70 миллиард теңгеге жуық инвестиция салынды.
Бүгінде өңірде жалпы құны 1,5 триллион теңге болатын 10 ірі инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Мұнда 4 500-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарланып отыр. Аталған тізім бүгін «International Сement Group LTD» сингапурлық әріптестеріміздің инвестициялық жобасымен және «КОRCЕМ» серіктестігінің цемент өндірісі бойынша зауыт құрылысымен толығып отыр», дейді өңір басшысы Нұржан Нұржігітов.
Облыс әкімінің айтуынша, жергілікті атқарушы органдар тарапынан бұл жобаға жан-жақты қолдау көрсетілмек. Ал «KORCEM» ЖШС-нің атқарушы директоры С.Щербаковтың айтуынша, зауыт жаңа технологиямен жабдықталмақ. Сондай-ақ бұл Орталық Азиядағы заманауи кәсіпорындардың бірі болмақ. Жалпы құны 50 миллиард теңге болатын жобаның жылдық қуаты 1,2 миллион тоннаны құрайды. Құрылыс жұмыстарына 900 адам тартылады. Жоба іске қосылған соң жергілікті тұрғындар үшін 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Зауыттың цехтары 2024 жылдың соңына қарай кезең-кезеңімен іске қосылады. Ал 2025 жылы толық қуатында жұмыс істейді.
Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек бастаған топ Қордай ауданындағы «GreenwiII» ЖШС-нің жылыжай кешенімен, Меркі ауданындағы «Мыхан Орда» ЖШС-нің жаңбырлатып суару технологиясымен, «Жеміс-жидек» серіктестігінің құлпынай алқабы және «Ар-Ас» шаруа қожалығының «Тау қымыз» өнімін шығаратын цехтың жұмысымен танысты. Форум аясында «Мыхан Орда» шаруа қожалығының егіс алқабында ауыл шаруашылығы бағыты бойынша семинар-кеңес ұйымдастырылды.
Семинарға көрші Қырғыз Республикасы Талас облысының губернаторы, ауыл шаруашылық министрлігінің, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия елдері ірі компанияларының өкілдері, шаруалар, ғылыми-зерттеу институтының мамандары қатысты. Шаруалар мен инвесторлар салалық министрлік пен жергілікті билік өкілдеріне сауалдарын жолдап, әртүрлі ұсыныстарын айтты.
Онлайн тіркеуден озып тұр
Цифрландыру бағыты бойынша атқарылған жұмыстарды саралау үшін Иран, Литва, Қытай, Сауд Арабиясы және еліміздің әр қиырынан келген қонақтар Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының базасындағы IT академиясының жұмысымен танысты.
Форум аясында цифрландыру бағыты бойынша қонақтар «Қоғамдық келісім» үйінде «Ақылды қалалардың» мәселелері мен дамуы жөніндегі жиынға қатысты. Сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өңір тұрғындарымен және «ZHEIF-2023» форумының қатысушыларымен кездесті.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықпен кездесіп отырғанын айтқан министр елімізде цифрландыру саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру ісі жолға қойылған. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы автоматтандырылған, электронды форматқа ауысқан. Біріккен Ұлттар Ұйымының рейтингісінде Қазақстан онлайн қызмет көрсету бойынша әлемде 8 орында болса, телекоммуникация саласында 28 орынды иеленген.
Өткен жылы Жамбыл облысында 1 миллион 800 мың қызмет көрсетілген болса, оның 60 пайызы онлайн түрде жүзеге асырылған. Ал көлікті онлайн тіркеу бойынша жамбылдықтар көш бастап тұр.
Халықаралық форум аясында Байзақ ауданындағы «Алель Агро» АҚ-ның құрама жем шығару зауыты іске қосылды. Деректерге сенсек, зауытының жалпы құны 4,4 миллиард теңгені құрайды. Құс фабрикасында өндірілетін өнімді көбейту және бағаның қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында іске қосылған зауыт жылына 96,0 мың тонна жем өндіруге қауқарлы.
«Құс еті өнімін арттыру және бағаның қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ашылған «Алель Агро» акционерлік қоғамының құс фабрикасындағы жылына 100 мың тоннаға жуық жем өндіретін зауыттың болашағы зор.
Облыста 2019-2021 жылдары 4 ірі құс фермасында 15,4 мың тонна құс еті өндіріліп, 2022 жылы қосымша «Алель Агро» акционерлік қоғамының құс фабрикасы құрылды. Алдағы жылдары бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып, кәсіпорындар ашу көзделген. 2026 жылға қарай құс етін өндіру көлемін 15,4 мың тоннадан 70 мың тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Осылайша өз-өзімізді құс етімен қамту мәселесі шешіледі», дейді өңір басшысы Н.Нұржігітов. Оның айтуынша, зауыт толық қуатында жұмыс істегенде ішкі нарықты толығымен қамтиды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек инвестициялық форум аясында шикізаттан терең өңдеуге көшудің маңыздылығына тоқталып, құрама жем өндіруге мемлекет тарапынан 25 пайыз субсидия қаралғанын жеткізді.
Бұл күні Байзақ ауданында гофрленген картон және тастан жасалатын дайын қағаз қаптама өндіру зауыты іске қосылды. «KazStoneBox» ЖШС-нің гофрленген картон өндіру зауыты соңғы нұсқадағы автоматтандырылған қондырғылармен жабдықталған.
«Осындай өндіріс ошақтарын ашу бойынша инвесторларды тарта отырып, тиісті жұмыстарды жалғастыра береміз. Бұл жоба аудан және өңір экономикасының дамуына оң әсерін тигізеді. Ал жергілікті атқарушы органдар тарапынан өндірістің үздіксіз жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсетіледі», деді өңір басшысы зауыттың іске қосылу рәсімінде сөйлеген сөзінде.
Құны 1,7 миллиард теңге болатын жоба жылына 12 мың тоннаға жуық өнім өндіруге қауқарлы. Мұнда 50-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Серіктестік басшысы Б.Үмітқалиевтің айтуынша, минералды шикізаттан жасалған қаптама шығаратын кәсіпорынның посткеңестік елдерде баламасы жоқ, шикізат ретінде минералды кальций карбонатын пайдаланатын бірегей өндіріс орны болып отыр.
Форум аясында Әулиеатаға ат басын бұрған меймандар өңірдің тарихи орындарын тамашалады. Олар «Тараз – шеберлер қаласы» көрмесін тамашалап, жамбылдық қолөнершілердің қолынан туындыларын жоғары бағалады. Ұнатқан заттарын сатып алғандар да болды. Қазақстанның әр қиырынан келген азаматтар Ақыртас тарихи кешеніне барды. Кейіннен Айша бибі, Тектұрмас, Қарахан кесенелерінде болып, өңір тарихымен танысты.
«Әулиеата өнімдері 17 елге экспортталады»
«Zhambyl Economic and Investment Forum – 2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумының екінші күні пленарлық отырыстармен басталды. Форум барысында сөз сөйлеген өңір басшысы Нұржан Нұржігітов халықаралық іс-шараның аймақ үшін маңыздылығын атап өтті.
«Өңірде «жасыл технологияларды» енгізе отырып, ауылшаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Біздің облыс баламалы энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыруда ең қолайлы өңірлердің қатарына кіреді. Біз өз өнімдерімізді әлемнің 17 еліне, атап айтқанда Қытай мен Парсы шығанағы мемлекеттеріне экспорттаймыз. Осындай транзиттік әлеуетке ие бола отырып, өңір бүкіл Орталық Азияның негізгі логистикалық орталығына айналмақ», деді Нұржан Нұржігітов.
Аймақ басшысы өз сөзінде жергілікті билік тарапынан қажетті инвестициялық жағдайлар жүйелі жасалып жатқанын тіліне тиек етті. Жамбыл облысы бүгінде Германия, Түркия, Сингапур, Қытай, Үндістан, Франция, Оңтүстік Корея, Жапония сияқты елдермен экономикалық байланыс орнатқан.
«Өңірде 350-ден астам ірі және орта кәсіпорындар бар болса, оның негізгі бағыттары – химия, азық-түлік, металлургия, құрылыс материалдары өндірісі. Облыста 200-ден астам түрлі пайдалы қазбалар бар. Облыс фосфорит және плавикошпат шикізатының бірегей базасы болып табылса, түрлі-түсті металдар, барит, көмір, қолөнер және техникалық тастар, құрылыс материалдарының қоры жеткілікті.
Біз агроөнеркәсіптік кешенде, туризм, өнеркәсіп және баламалы энергия өндірісі салаларында жалпы сомасы 3,8 миллиард АҚШ долларын құрайтын әлеуетті инвестициялық жобаларды әзірлеп, қызығушылық танытып жатқан инвесторларға ұсынуға дайынбыз», дейді Н.Нұржігітов. Сондай-ақ ол өңір экономикасын өркендету үшін инвесторлардың қатысуын кеңейтуге және облысқа туристерді тартуға жергілікті атқарушы билік мүдделі екендігін баса айтты.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, Жамбыл облысының 90 ауылында биыл 13,6 миллиард теңгеге 271 жоба іске аспақ. Сондай-ақ өткен жылы жұмыс істеген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 29 пайызға өсіп, 92,6 мыңға жеткен. Ал жұмыспен қамтылғандардың саны 16 пайызға артқан.
Жамбыл облысында қаңтар-наурыз айларында құрылыс саласында 31 пайыз, өнеркәсіп саласында 4,4 пайыз өсім қамтамасыз етілгендігі айтылды. Ал инвестицияның нақты өсу қарқыны 3,1 пайызға айналып, 69 миллиард теңге болған.
Екі күнге созылған халықаралық форум аясында шетелдік компаниялармен құны 700 миллион АҚШ доллар тұратын меморандумдарға қол қойылды. Олардың қатарында Индия, Сингапур, Германия, Венгрия секілді бірқатар мемлекеттердің инвесторлары бар.
Шетелдік компаниялар Жамбыл облысы аумағында ферроқорытпа, цемент зауытының құрылысы, құрылыс материалдарын өндіру, күн электр стансаларын салу, тамақ өнеркәсібі және логистика индустриялық паркі секілді жобаларды жүзе асыруды жоспарлап отыр.
Халықаралық форум барысында «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының жеңімпаздарын марапаттау іс-шарасы ұйымдастырлып, топ жарғандарға құрмет көрсетілді. Жамбыл облысы кәсіпкерлер Палатасының ұйымдастыруымен өткен байқауға Жамбыл облысының 150 тауар өндіруші компаниясы өз тауарын ұсынды, оның ішінде 40 тауар өндіруші «Бір ауыл бір өнім» жобасы аясында қатысты.
Инвестициялық форум аясында өңір басшысы Нұржан Нұржігітов бірқатар отандық және шетелдік компаниялардың өкілдерімен дидарласып, пікір алмасты.
Франциялық «Total Open Services» компаниясы Мойынқұм ауданында қуаты 1 ГВт жел электр стансасын салуды жоспарлап отырғаны мәлім. Жоба құны – 500 миллиард теңге. Жоба жүзеге асқанда 300 тұрақты, 1 000 уақытша жұмыс орны құрылмақ. Әкіммен кездесуде «Tоtal Open Services» ЖШС Бас директоры Тьерри Плезан жер телімін бөлу, экологиялық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді көтерді. Облыс әкімі инвесторларға тиісті заң шеңберінде жан-жақты қолдаулар көрсетілетініне сендірді.
Ал үндістандық «Monnet Group» компаниясы аймақта жоғары сапалы ферросилиций, ферромарганец шығаратын зауыт салу жобасын жүзеге асыруға кіріскен. Сондай-ақ «Bazar Fur» Түрік компаниясы өңірде тұрмыстық техника өндіретін зауыт салуға ниетті. «KazBioSorgo» ЖШС өкілдері қант құрғағын өсіру және өңдеу жобасын таныстырса, «Monterra Qasaqstan» ЖШС компаниясының өкілдерімен Қордай ауданында тау-кен металлургия комбинатын салу мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек кездесуде «Taraz Gelatin» ЖШС басшылығы желатин өндірісінің жобасын ұсынды. Сонымен қатар «Wanlin Group Limited» қытай компаниясының өкілі кептірілген пияз өндіретін зауыт салу туралы жоспары бар екенін жеткізді.
Басқосуда әрбір жоба бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді. Тапсырмалардың іске асырылу барысы облыс әкімінің жеке бақылауына алынбақ. Жалпы, бұл күні Нұржан Нұржігітов 20-ға жуық іскерлік келіссөздер жүргізді.
Кейіннен өңір басшысы консулдық корпус өкілдерімен кездесті. Кездесуге Иран Ислам Республикасының Алматыдағы Бас консулы Мохсен Фағани, ҚХР Бас консулы Цзян Вэй, Бельгия Корольдігінің Құрметті консулы Ван ден Вейх қатысты.
Тараптар екіжақты ынтымақтастық пен стратегиялық әріптестікті дамыту мәселелерін, елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың әлеуетін талқылады. Облыс әкімі өз кезегінде өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері туралы ойымен бөлісті. Ал консулдық корпус өкілдері Жамбыл облысымен әлеуметтік-экономикалық байланыстарды нығайтуға мүдделі екендіктерін жеткізді.
Жамбыл облысы