Аймақтар • 30 Сәуір, 2023

Әже тағылымы

798 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алена Александрқызы Мечтанова орыс мектебінде оқыған. Қазақша мүдірмей сөйлейді. Ал өзі ағылшын тілінің мұғалімі.

Әже тағылымы

– Қазақшаны қай кезде қалай үйренгенімді өзім де білмеймін. Шамасы, ойын баласы кезімде, ауладағы бала­лармен сөйлесе жүріп, үй­реніп алсам керек, – деген Алена бізге өмір жолын қысқаша таныстырды. Ол – Жезқазған қаласының тумасы. Әкесі Александр – кенші, анасы Валентина – сауда училищесінің мұғалімі еді. Нағашы әжесі Мингаян татардың қызы болатын. Ол кісі Жезқазғанның іргесіндегі «Геологический» деп аталатын ауылда тұратын. Алена кішкентай кезінде көбіне әкесінің қолында жүрді. Оған әжесінің намаз оқитыны, ап­та сайын жеті шелпек пісіріп, тарататыны қызық көрінетін.

– Әжем бізге «қазақ балалармен дос болыңдар, қа­зақша үйреніп алыңдар, біз солардың жерінде жүрміз» деп отыратын. Әрине, ол кісінің мұндай сөздерін сол кезде ұғына қоймадық. Өсе келе әжеміздің неге солай деп айтқанын түсіндім ғой, – дейді Алена қазақ тілін білуге зор ықпалы тиген әжесі туралы.

Қыздарының қазақшаға жүйрік екенін білгенмен, Александр мен Валентина оны қазақ мектебіне бер­гісі келмеді. «Өзіміз қазақ­ша білмейміз, ертең оның са­бағына қайтіп көмек­те­семіз» деп тартынды. Қы­зық болғанда, мектеп та­бал­дырығын аттаған кезде Аленаның орысшасы ойдағыдай болмай шықты. «Жал­ғауларды бұзып айтамын. Білгенім сол болса қай­тейін? Мұғалім апайлар «Сен өзі орыссың ба, кім­­сің?» деп ұрысатын. Сөй­тіп жүріп орысшаны да үй­рендім-ау. Бірақ мектепте қазақ тіліне келгенде оқу­шының алды болдым. Қа­зақ тілі пәні бойынша об­лыстық, республикалық олим­­пиада­ларға үздіксіз қа­­тысып, әр­қа­шан жүлделі орын­­дар иеленетінмін». Мек­тептегі оқушылық кезеңді ол осылайша еске алады.

2009 жылы мектеп бітірген соң, Е.Бөкетов атындағы Қа­ра­ғанды мемлекеттік уни­вер­ситетіне оқуға түсіп, ағыл­шын тілі пәнінің маманы болып шықты. Қазір сол мамандығы бойынша Сәт­баев қаласындағы өзі ашқан тіл үйрену орта­лығында ағылшын тілінен сабақ береді. Осыдан соң, Але­наны «Оқуы – орысша, тілі – қазақша, сабағы – ағыл­шынша» демегенде қайтеміз?

2019 – жылы Алена қазақ азаматы Ақан Әбдірах­ма­новқа тұрмысқа шығып, шаңырақ көтерді. Беташарда иіліп сәлем салып тұрған келіннің орыстың қызы еке­нін естіген тойға жинал­ғандар оған сүйсініп тұрды. Қазір олардың отбасында екі жарым жастағы Томирис өсіп келеді.

– Отбасымызда маған қарағанда күйеуім орысшаға бейімдеу. Ол да мектепте орысша оқыған ғой. Қа­зақ­ша-орысша араластырып сөйлейді. «Осы маған жеңілдеу» деп ақталады. «Мұның дұрыс емес» деп қоямын. Кейде тыңдайды, кей­де ұмытып кетеді. Томи­ристің тілінің қазақша шық­қанын қалаймын. Оған қазақ­ша сөйлеймін. Қазақ тілі – оның ана тілі ғой, – де­ген Аленаның сөзінен оны ұр­пағының ертең қай тіл­де сөйлейтіні ойлан­тып, толған­дыратыны сезіл­гендей.

Шіркін, қазақтың барша келіндері осылай ойласа ғой!

 

Ұлытау облысы,

Сәтбаев қаласы