11 Шілде, 2014

Ақпараттар ағыны

184 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
● Қазақстанда биылғы 5 ай­да экспортқа 765,4 мың тонна ұн шыға­­­рылды. Бұл – Ке­ден одағы елдерін есепке алма­ған­дағы көрсеткіш. Мұның өзі өткен жылдың осы кезеңімен салыс­тырғанда, мөлшердің 25,1 пай­ызға өскенін көрсетеді. Ал баға жағынан 11,3 пайызға артық. ● Алматы облысында қа­раусыз қалған гидроэлек­тр стансалары қалпына келті­рі­луде. Мұ­ның жайын сөз еткен Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетов Жетісу өзендері бойында 2020 жылға дейін тағы 40 шағын станса салынатынын жеткізді. Аймақта жыл сайын 560 мегаватт қуат көзі пайдаланылса, оның 416 мегаваты оның өзінде өндіріледі. ● Шымкентте кеше шыны бұйымдарын шығаратын зау­ыт қатарға қосылды. «Евро Крис­талл» ЖШС-ның еншісіндегі құны 2,3 млрд. теңгелік жоба Ин­дус­трияландыру картасы шең­берінде жүзеге асты. Кәсіпорын жылына 70 млн. дана шыны ыдыстар шығара алады. ● Шығыс Қазақстанда салық жинау жұмыстары күшейтіле түседі. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев салық департаментінің жиынында сөйлеген сөзінде тиісті мамандарға осы жұмысқа қатысты нақтылы тапсырмалар берді. ● Қызылорда қаласында «Дипломмен – ауылға!» бағдар­ламасына 25 маман тартылды. Бұл туралы әңгімелеген қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев  олар­дың бәрінің көтермеақы ал­ғандарын, тағы 6 маманға тұрғын үй берілгенін мәлімдеді. Жалпы, қалада соңғы 4 жылда 110 маманға  бір жолғы көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алу үшін 80 млн. 845 мың теңге қаржы берілген. ● Атырауда мұнай компа­ния­сына 2,3 млрд. теңге айыппұл салынды. Об­лыстық про­ку­ратураның араласуымен жүзеге асқан бұл шара «Ембі­Мұ­найГаз» кәсіпорнының аймақ экология­сына келтірген залалы үшін қолданылып отыр. «Облыстық прокуратураның ұсынысы бойынша 1 млрд. 900 млн. теңге айып­пұл салынды. Бұған қоса, 512 млн. теңге салық төлемі өндірілді», – деді прокуратура өкілі Аслан Құрағалиев осыған орай. Хабарлар «ҚазАқпарат», 24KZ, Egemen.kz агенттіктері мен облыстық әкімдіктер сайт­тарының деректері бойынша дайындалды.