Аймақтар • 02 Мамыр, 2023

Ақынын ауылы еске алды

268 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Төлеби ауданы Жоғарғы Ақсу ауылдық округіне қарасты Мә­дени елді мекенінде ақын Саты­балды Тілеуұлының 140 жыл­дығына орай еске алу кеші өтті.

Ақынын ауылы еске алды

Сатыбалды ақын табиғаты көркем Ақсу бойындағы Мәдени ауылында өмірге келіп, өлең өлкесіне ерте қадам бас­қан. Ұжымшарды басқарып, елді мекен­нің өркендеп, дамуына атсалысқан. Жауапты қызметтерді абыройлы атқарған азамат мемлекеттік қызметте жүрсе де шығар­машылығынан қол үзбей, халық ақы­ны атанды. Көптеген ақындар айтысына қатысып, зерделі ой, ұтымды пікі­рімен жүлделі орындардан көрінген. Аға буын бүгінде ақынға ел еркіндігі мен ой еркін­дігі қанат бітіріп, өнімді еңбек етіп, көп­теген марапатқа ие болғанын айтады.

«Сайраған оңтүстіктің бұлбұлы еді» та­қырыбындағы әдеби саз кешінде қа­ламгердің өмір жолы жөнінде баяндама оқылып, шығармалары мен ақын жайында баспасөзде жарық көрген мақалалар таныстырылды. Шығармаларының ли­ри­калық көркемдігімен қазақ поэзия­сындағы алар орны ерекше ақынның 140 жылдығына орай облыстық ақындар айтысы ұйымдастырылып, жыр дода­сында өнер көрсеткендер көпшілік қа­уымның ыстық ықыласына бөленді. Жыр аламанына қатысқан 10 ақынға де­меушілер есебінен сыйлықтар табыс еті­ліп, иықтарына шапан жабылды. Сон­дай-ақ еске алу іс-шарасы аясында киіз үйлер тігіліп, қонақтар қымыз ішіп, құрт пен бауырсақтан дәм татты. Ауыл тұр­ғындарының қолөнер бұйымдары қойыл­ған көрме ұйымдастырылып, жас­тар ұлттық спорт түрлерінен күш сынасты.

Ауыл тұрғындарына керемет рухани демалыс сыйлаған ауқымды іс-шараны ұйымдастырған ақынның ұрпақтары мен ауыл тумасы, меценат Батырбек Кө­шербай халықтың ыстық ықыласы мен ақ батасын алды.

 

Түркістан облысы