Айтулы қылқалам шебері жеке шығармашылығымен бірге, 40 жылдан бері қазақтың дәстүрлі қару-жарағын зерттеп, оны ғылыми айналымға енгізуге қомақты үлес қосты. Бұл тақырыпта ғалымның алты монографиясы мен 120-дан аса мақаласы жарық көрген.
Көрмеге шебердің қолынан шыққан қазақ жауынгерлерінің шабуыл қаруларының және қорғаныс жарақтарының түрлері мен типтерінің реконструкциялары қойылды. Оның арасында суық қарулар мен жабдықтары, жауынгерлердің бас киімдері мен сауыт-саймандар бар. Әсіресе Қалиолла ағамыз халқымыздың даңқты батырлары ұстаған бірқатар құнды жәдігерді қалпына келтірді. Олардың кейбірі батырлардың ұрпақтары мен музейлерде сақталған. Көрмеге солардың көшірмелері де ұсынылды. Соның ішінде атақты әскери қолбасшы, Қанжығалы Бөгенбай батырдың дулығасы, ержүрек қолбасшы, баһадүр Қабанбай бабамыздың шарайнасы, Арыстан сұлтанның қалқаны, найзасы және шарайнасы, Жанқожа батырдың селебесі мен тағы басқа дүниелер келген қонақтардың қызығушылығын туғызды.
Іс-шараның ашылуында Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Данияр Әлиев талантты тұлғаның шығармашылығына жоғары баға бере келіп: «Бұл көрме – қазақтың тарихымен, жанымен біте қайнасып, батыр бабаларымыздың бай рухани кеңістігі мен дала тарихын әспеттейтін орын деп білемін» деп, авторға тілектестігін білдірді. Сондай-ақ тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев те көрме иесінің шығармашылығы мен жұмыстары туралы ой қозғап, жылы лебізін білдірді.
Қ.Ахметжан бүгінге дейін әр дәуірдегі көшпелі жауынгерлер қару-жарақтарының көптеген ғылыми-графикалық реконструкциясын жасады. Осы еңбегі еліміздегі және шетелдегі ғылыми ортаның жоғары бағасына ие болды.
«Осы саланы зерттеп жүргеніме 45 жылдан асты. Ең алдымен, ғылыми мақалалар жаздым, музейлерде, кітапханаларда отырып, жазба деректерді ақтардым. Халқымыздың ауыз әдебиеті мен бейнелеу ескерткіштерін зерттедім. Соның негізінде кітабым жазылып, жарық көрді. Содан кейін қаруларды бояумен бейнеледім. Өйткені оқырман кітапты оқығанымен, оны толық түсінбеуі мүмкін. Сондай-ақ онда ұмытылған дүниелер де кездеседі. Сондықтан заттық бейне сол дәуірде қолданған қаруларды дәл көрсетеді», деді автор.
Айта кетейік, көрме 12 маусымға дейін жалғасады.