Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қолдауымен жыл сайын өткізілетін «NIFS50K» республикалық бизнес-жоспарлар байқауы қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырып жүр. Оны оған жолданатын өтінімдер санынан аңғаруға болады. Тек былтырдың өзінде 376 адам қатысуға тілек білдірген. Жас ғалымдар мен талантты өнертапқыштар, бизнес саласына енді араласқан кәсіпкерлер ұсынған жобалардың жүзеге асуына, әлеуметтік маңызы бар бастамаларды қолдауға, оларды әзірлеушілерді бизнес-жоспарлауға оқытуға мүмкіндік беретін конкурс аясындағы «Инновациялық автобустың» алғашқы сапары Қызылжар өңірінен басталды.
Құрамында Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің өкілдері мен сарапшылары бар шығармашылық топ С.Мұқанов атындағы әмбебеп кітапханада жергілікті шағын және орта бизнес, үкіметтік емес ұйым жетекшілерімен, инновациялық жобалар авторларымен кездесіп, сапардың мән-мақсатын түсіндірді. Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов өз сөзінде жастардың ізденісі мен белсенділігін арттыру мақсатымен ұйымдастырылып отырған байқаудың жаңашылдығын атап өтіп, биыл да көптеген жоба ұсынылып отырғанын жеткізді. «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ директоры Артем Возжаев өңірлерде іріктелген конкурсанттар Астанада өтетін байқаудың жартылай айналымына жолдама алатынын, жүлделі орындар үшін сайысқа түсу мүмкіндігіне ие болатынын атап көрсетті. Байқау жеңімпазы 7,5 миллион теңге жүлдені қанжығаға байласа, жүлдегерлер де грант иеленеді. Өткен жылы бас жүлдені Талдықорған қаласының тұрғыны, «Аймақтардағы су көтергіш құрал» жобасының авторы Мырзахмет Төлеев жеңіп алған. Оның өнертапқыштығы электр энергиясын тұтынбай-ақ өзен жағалауындағы аймақтарды суаруға арналған. 2,5 миллион теңге қаржылай сыйлықты алған ақтөбелік Нұрлан Жанбурин үйді шаң мен тозаңнан, түтіннен, маса-шіркейден қорғайтын қарапайым ауа тазалау жүйесін ойлап тапқан. Алматылық Максим Подлесныхтың «Алдыңғы жеңіл модуль негізінде жаяу жүргіншіні қорғау құрылғысы» жобасы да сарапшылар тарапынан жоғары бағаланған.
Солтүстікқазақстандық өнертапқыштар сарапшылар назарына 30-ға жуық жоба ұсынып, олардың арасында М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің өкілдері өте-мөте белсенділік көрсетті. Колледж ұстазы Алексей Михайлов әзірлеген «Ақылды үйлер» жобасы жиналғандар көңілінен шықты. Сол сияқты Петропавл гуманитарлық колледжінің студенті Нұрлан Тұрсынов дайындап әкелген «Болашақтың компьютері» жобасы көпқырлы қызмет көрсету ерекшелігімен таңғалдырды.
Байқау шеңберінде инновациялық және кәсіпкерлік шеберліктің қыр-сырына үйрететін тренингтер өткізіліп, түрлі кеңестер берілді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.