11 Шілде, 2014

Бәсекеге қабілеттілік арта түсті

356 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі біздің еліміздің көліктік әлеуетін арттырумен қатар, айрықша әлеуметтік маңызға да ие. Себебі, айтулы құрылысқа халықаралық мамандармен қатар, көптеген жергілікті азаматтар жұмысқа тартылды. Отандық кәсіпкерлер әлемдік дағдарыстан кейін қайта бағдар алып, бәсекеге қабілеттілігін арттырды. Көлік және коммуникация министрлігі Автокөлік жолдары комитеті төрағасының міндетін атқарушы Сәтжан ӘБЛӘЛИЕВПЕН  осы тақырып әңгіме өзегіне арқау болды.  – Сәтжан Әйтенұлы, бүгінгі күні Қазақстан мен Азия даму банкі арасындағы ауыз толтырып айтарлық ірі жобаның бірі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізі екені белгілі. Жоба­ның басталғанына біраз уақыт болды. Қазіргі нәтиже қандай? – Рас айтасыз. Біз бұл жобаны 2009 жылдан жүзеге асыра бастадық. Оған дейін, нақтырақ айтсақ, 2007-2008 жылдары Қазақстан халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп атал­ған жобаның техникалық-эко­номикалық негіздемелерін әзір­леді. 8 мыңға жуық шақырымға созылатын бұл жол Ресей Феде­ра­циясы, Қазақстан, Қытай ау­мақ­тарын басып өтіп, Санкт-Петербургті Қазақстан арқылы Қытайдың Лян Юин Гань портымен қосады. 2787 шақырымы тікелей біздің еліміздің аумағымен өтеді. Геосаяси жағдайды ескере отырып, бұл көлік дәлізінің Қытай мен Еуропаны байланыстыратын ең қысқа құрлық жолы екеніне көз жеткізуге болады. – Менің түсінгенім бойынша, АДБ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің тех­никалық-экономикалық не­гіз­демесін жасау кезеңінде-ақ қызығушылық таныта бас­тағандай ғой... – Иә. Алайда, айта кету керек, бұл жоба барлық, атап айтатын болсақ, Дүниежүзілік банк, Ислам банкі, Еуропа банкі, Жапон халықаралық ынтымақтастық агенттігі және АДБ сияқты халық­аралық қаржылық институттармен егжей-тегжейлі зерттелген болатын. – Бұл жобада АДБ-ның рөлі қандай? – Барлық халықаралық қар­жы институттары даму институттары сияқты біздің зерт­теулерімізді жан-жақты қара­ды және қабыл­дады. Біздің жұ­мысымыз бұл дәліздің тиімділігін дәлелдеп берді. Сондықтан алғашқылардың бірі болып бізбен әріптестікке ниет білдірген осы Азия даму банкі болды. Біз 920 миллион АҚШ доллары көлемінде несие туралы бірлескен келісімге қол қойдық. Бүгінгі күні ол қаржыны толықтай алдық. АДБ негізінен Жамбыл облысына қатысты аумақты қаржыландырған болатын, қазіргі уақытта ол жақта құрылыс жұмысы аяқталды. – АДБ-ның дәл осы дәлізді таң­дауында қандай да бір себеп бар ма? – Негізінде бұл дәліз Азия даму банкінің стратегиялық мақсаттарымен сәйкес келеді. Сондықтан да осы жоба таңдауға ілігіп отыр деп ойлаймын. – Білуімізше, АДБ кез кел­ген жобаның әлеуметтік маңы­зына айрықша басымдық бере­ді. Айтыңызшы, Қазақстан әлеу­мет­тік жағынан қандай пайда көрді? – АДБ өкілдерімен бірге біз, осы банк қаржыландыратын ау­мақтарда қосымша зерттеу жұ­мыс­тарын жүргіздік. Олардан біз­дің экологиялық талаптар, тұр­ғындарды әлеуметтік қорғау бо­йын­ша үйренгеніміз көп болды. Біз жобаның төңірекке, таби­ғат­қа, экологияға кері ықпалын төмен­детуде барынша солардың ұсынымын есепке алдық. Соның нәтижесінде жобаны жүзеге асыру кезінде әлемдік үздік тәжірибелер пайдаланылды. Оның ішінде банктің тәжірибесі де бар. Тиімділігі өте зор болды. – Ашып айтып берсеңіз. – Мысалы, жобаны жүзеге асы­руға бір уақытта 35 мыңға жуық адам қатыстырылды, 3 мыңнан астам қондырғылар мен техника жұмылдырылды. Жаңа зауыттар жұмыс істей бастады, шағын кәсіпорындар ашылды. Бірнеше темір-бетон зауыты іске қосылды. Шымкентте, Қызылордада битум зауыттары жұмысқа кірісті. Сондай-ақ, дағдарыс кезінде тапсырыс жоқ, жұмысы тоқтаған көптеген компаниялар осы жоба барысында бағытын өзгертіп, жол құрылысы жұмысына кірісті. Қорыта айтқанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасына бір мезгілде 80-ге жуық жол-құрылыс компаниялары қатыстырылды. – Сіз бір сөзіңізде құрылыс жұмысына 35 мыңға жуық адам қатысты дедіңіз. Онда жергілікті халықтың үлесі қанша болды? – Қызылорда, Жамбыл, Оңтүс­тік Қазақстан облыстарынан қа­тыс­қан жергілікті азаматтардың үлесі 70 пайызға жуықтайды. Осы­ның нәтижесінде жұмыссыз жүр­ген азаматтар еңбекке тартылды. Азия даму банкімен арадағы келі­сім бізге жергілікті мамандар­ды көптеп тартуға мүмкіндік бере­ді. Сондай-ақ, көптеген конкурс­тар, мердігерлерді таңдау АДБ ере­жесіне сәйкес жүргізілді. Ха­лық­­аралық конкурстар да болды. Оған АДБ мүшелері – барлық ел­дер­­дің мердігер компаниялары қа­­тыс­ты. Сондықтан, осындай үл­­­кен жобаны жүзеге асыру ар­қы­­лы қазақстандық мамандарымыз теңдессіз тәжірибе жинағаны сөзсіз. – Онда отандық компа­ния­лар­дың бәсекеге қабілеттілігі ар­та түсті деп айтуға болады ғой? – Әрине. Олар шетелдік әріптес­тері­нен көптеген жаңа технология­ларды алды. Бұл жобаның жүзеге асы­рылып жатқанына 5 жыл бол­ды. Осы уақыт аралығында көптеген қазақстандық компаниялар заманға сай қанат жайып, өркендеді. Енді осындай ірі жобаларға өздері білек сыбана кірісуге дайын деуге болады. Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан».