Экология • 02 Мамыр, 2023

Балыққа төнген зауал

345 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл сәуір салқындау болғандықтан ба, та­йыз су қойма­ларындағы балықтар қырылып жатыр. Табиғаттың тылсым зауалы 4 сәуірде Қостанай ауданындағы Озерный ауылы­ның шетіндегі көлде, 5 сәуірде Заречный­дың маңындағы су қоймасында байқалған. Балық инспекциясының мамандары дереу Заречныйдағы судан сынама алып, жарты тоннадан астам өлі балық теріп алды.

Балыққа төнген зауал

Араға жиырма күн салып Алтынсарин ауданына қарасты Силантьев елді мекенінің маңында тағы балық қырылды. Ауыл шетіндегі атаусыз көлге ат басын тіреген облысаралық балық шаруашылығы инспекциясының өкілдері мен табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары жағадан 427 кило мөңке балық теріп алып, санитарлық-эпидемиялық талапқа сәйкес бірін қалдырмай жойды.

Судан сынама алған экология департаментінің зертхана мамандары талдау нәтижелерін кейінірек жария ететінін мәлімдеді.

– Аталған су қоймасы жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су қоймаларының тізімінде жоқ. Сондықтан ешкімге бұл көлден балық аулауға тыйым салынбаған. Ал мөңке балықтың қырылу себебі тереңдігі небәрі 80 см болатын тайыз судың табанына дейін қатып қалуынан болуы мүмкін, – деді облыстық экология департаментінің баспасөз хатшысы Карина Айтмұхамбетова.

 

Қостанай облысы