– Марат Амангелдіұлы, Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі еңбек адамын Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қосымша әлеуметтік қолдауды қамтамасыз етеді. Бұл төлемдер қандай қаражат есебінен бөлінеді?
– Елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру 2005 жылдан бастап әртүрлі әлеуметтік жағдайлар туындаған кезде еңбек азаматтарын әлеуметтік қолдаудың қосымша тетігі ретінде енгізілді. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылық ресурстары жұмыс берушілердің жұмыскерлер үшін, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен арнайы тәжірибемен айналысатын адамдарға кемінде бір және жеті еселенген ең төменгі жалақы көлемінен аспайтын табыстың 3,5% мөлшерінде берілетін әлеуметтік төлемдер есебінен қалыптастырылады. Бұл ретте әлеуметтік төлемдер міндетті зейнетақы жарналары сияқты жұмыскердің жалақысынан алынбайды, жұмыс берушілердің қаражаты есебінен төленеді.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі ынтымақтастық қағидаттарына негізделген, өйткені әлеуметтік төлемдер барлық еңбек азаматы үшін беріледі, ал төлемдерді тек әлеуметтік оқыс жағдай туындаған адамдар ғана алады. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне 6,8 миллионнан аса жұмыс істейтін азамат қатысады, бір жылда оның 1,2 миллионға жуығы әлеуметтік төлемдер алады.
– Әртүрлі санаттағы төлеушілер үшін әлеуметтік аударымдарды төлеу тетіктері туралы айта кетсеңіз. Мәселен, жеке еңбек шартында ай сайынғы табысы 200 мың теңге көлемінде болатын жағдайда қалай болады?
– Төлеуші (жұмыс беруші) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды ай сайын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының банк шоты арқылы әлеуметтік аударымдар төленетін айды көрсете отырып, есептеу объектісінің 3,5%-ы есепті айдың 25-күнінен кешіктірмей төлейді.
Жұмыс берушінің Қорға әлеуметтік аударымдар төленбейтін кірістерін қоспағанда, жұмыс берушінің еңбекке ақы төлеу ретінде кірістер түрінде төлейтін шығыстары жұмыскерлер үшін әлеуметтік аударымдар есептеу объектісі болады. Әлеуметтік аударымдар төленбейтін кірістер санатына міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) енгізілген. Егер жұмыскердің бір айда есептелген табысы 200 000 теңге болса, онда әлеуметтік аударымдар көлемі 6 300 теңгені (200 000 теңге – 10% (МЗЖ)*3,5%) құрайды.
Салық кодексінің 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) төлеуші жеке тұлғалар үшін әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісінің 20%-ын құрайды. БЖТ төлеушілер үшін әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда сәл басқаша, мәселен, Астанада айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 1 еселенген көлемі және 0,5 АЕК болады. Бұл ретте БЖТ қазіргі және алдағы айлар үшін төленуі мүмкін, ал өткен кезеңдер үшін төленбейді. Төлем механизмі қарапайым – екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы БЖТ төленеді. Мемлекеттік корпорацияға түскен қаржы төмендегідей тәртіппен қайта бөлінеді. Яғни жеке табыс салығына (ЖТС) – 10%; МЗЖ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) – 30%; әлеуметтік аударымдар қорға – 20%; аударымдар мен жарналар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (ӘМСҚ) – 40%.
– Қарапайым еңбек адамы үшін бұл әлеуметтік төлемдердің кейбір механизмі күрделі екені рас. Ал маңыздырағы – әлеуметтік төлемдер мен жеке табыс салығын азаматтар қалай оңтайлы реттей алады?
– 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыскерлердің табысынан әлеуметтік төлемдер мен жеке табыс салығын төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындауды оңайлату мақсатында Бірыңғай төлем (БТ) енгізілді. Мәселен, Салық кодексінің 77-тарауының 3-параграфында және 78-тарауында көзделген арнаулы салық режімдерін қолданатын шағын микрокәсіпкерлік пен шағын кәсіпкерлік субъектілері жеке тұлғаға жалақы түрінде табыс төлейтін, сондай-ақ БТ форматында жұмыскерлердің табыстарына салық салу тәртібін таңдаған, жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар БТ төлеушілер болып саналады. 2023 жылы БТ көлемі жұмыскерлер табысының 20%-ы құрайды. БЖ құрамына: жеке табыс салығы (ЖТС) – 9%; БЖЗҚ-ға МЗЖ – 50%; әлеуметтік аударымдар үшін қорға – 16%; ӘМСҚ-ға жұмыс берушінің аударымдары үшін –15%; ӘМСҚ-ға жұмыскерлердің жарналары – 10%.
– Әлеуметтік аударымдардың ең төменгі және ең жоғарғы көлемі белгіленген бе?
– Бір төлеушіден әлеуметтік аударымдар есептеудің ай сайынғы объектісі республикалық бюджет туралы заңға сәйкес қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 7 еселенген көлемінен аспауға тиіс (2023 жылы: 7 * 70 000 теңге *3,5% = 17 150 теңге). Егер күнтізбелік ай үшін әлеуметтік аударымдар есептеу объектісі бір ЕТЖ-ден кем болса, онда әлеуметтік аударымдар бір ЕТЖ негізге алына отырып есептеледі және төленеді (2023 жылы: 70 000 теңге *3,5% = 2 450 теңге). БТ құрамындағы ай сайынғы ең жоғары әлеуметтік аударымдар көлемі 7 ЕТЖ-дан 3,2%-дан аспауы тиіс (2023 жылы: 7 * 70 000 теңге *3,2% = 15 680 теңге).
– Қордан берілетін әлеуметтік төлемдерді есептеу әлеуметтік аударымдар негізінде жүргізіледі дедіңіз. Осыған орай әлеуметтік аударымдардың түсуін қалай бақылауға болады?
– Міндетті әлеуметтік сақтандырудың маңызды факторы – жұмысқа ресми түрде орналасу немесе қызметті тіркеу. Өйткені төлем көлемі қорға түскен әлеуметтік аударымдарға тікелей байланысты болады. Осыған орай жұмыс істейтін азаматтарға қорға түскен әлеуметтік аударымдардың дұрыстығы мен мерзімін тұрақты түрде тексеріп отыруын ұсындық. Бұл ақпараттарды алудың әртүрлі мүмкіндігі бар. Мәселен, egov.kz электрондық үкімет порталы, (Басты бет /Азаматтарға/ Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту / Жұмысқа орналастыру және жұмыс іздеу / Міндетті әлеуметтік сақтандырудың әлеуметтік аударымдары туралы ақпарат) Мемлекеттік корпорацияға (Халыққа қызмет көрсету орталықтары) немесе Қордың филиалына жеке басын куәландыратын құжатпен жүгіну арқылы ала алады. Қорытындылай келе, қазір міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі еңбек азаматтарының әлеуметтік қорғалуын арттыруға және қосымша ынталандырулар жасауға бағытталған еліміздегі әлеуметтік қамсыздандырудың маңызды әрі тиімді тетігіне айналып келе жатқанын айтуға болады.
– Толыққанды мәліметіңіз үшін рахмет.
Әңгімелескен
Бақытбек ҚАДЫР,
«Egemen Qazaqstan»